Мемлекеттік хатшы Ерлан Қарин Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың кеше ғана Парламент Мәжілісінің отырысында жасаған мәлімдемесіне қатысты пікірімен өзінің Telegram-каналында бөлісті, – деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Ерлан Қариннің сөзінше, Президент өз мәлімдемесінде террористерге қарсы күрестің өткір кезеңі аяқталғанын айтты.
«Бұған дейін Мемлекет басшысы өзінің халыққа үндеуінде жұртты террористік агрессияға тойтарыс беру және жағдайды тұрақтандыру жөніндегі барлық іс-әрекеттер туралы хабардар еткен болатын. Қазіргі үндеумен Мемлекет басшысы бастаманы өз қолына алып қана қоймай, сонымен қатар жаңа күн тәртібін бекітті. Азаматтар, қоғам және элита үшін ертеңгі күннің көрінісі белгіленді.
Мемлекеттік хатшы Президенттің күн тәртібінің негізгі мазмұны қоғамның ертеңгі күніне үміт сыйлап, оптимизм беруге және күрделі мәселелерді шешу үшін сындарлы бағыт белгілеуге арналғанын жазды. Сондай-ақ, оның басты мақсаттарының бірі қазақстандықтарды ауқымды жасампаз процеске – жаңа Қазақстанды құру ісіне қатысуға шақырады. Бұл ретте барлық қоғамдық-саяси күш бірігіп, бір мақсатта жиналуы тиіс.
«Жаңа Қазақстан нені білдіреді? Бұл кейбір сарапшылар айтқандай, мемлекеттік аппаратты жаңарту ғана емес. Бұл – ең алдымен, қоғамдық құндылықтарды қайта жаңғырту, радикализмнен, экстремалды көзқарастар мен әрекеттерден бас тарту, шығармашылық мотивті нығайту, қоғамдағы барлық кемшілікті жеңу. Бұл кезең-кезеңімен және жүйелі реформаларды жалғастыру керектігін білдіреді. Мемлекеттік саясаттың гуманитарлық өлшемі мен адами капиталға басымдылық беріледі», – деді Ерлан Қарин.