Президент бастамалары көкейге сенім ұялатты
Президент бастамалары көкейге сенім ұялатты
264
оқылды
Өздеріңізге белгілі 2022 жылдың алғашқы аптасы бұрын-соңды болмаған дүрбелеңге толы болды. Қазақстан халқы ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық тарихын артқа тастап, жаңа дәуірдің алғашқы парағын ашарда азаттығымызға нұқсан келтіретін қауіп-қатермен бетпе-бет келдік. Алғашқы Тәуелсіздік алған жылдан бастап, күллі әлемге татулық пен бейбітшілікті жаңа қырын танытқан біздің еліміз үшін бұл ауыр күйзеліс екені айтпасақ та түсінікті. Мемлекеттік  төңкеріс жасамақ болған сатқындар мен халықаралық террористер еліміздің тыныштығын бұзып, айдын күннің аманында қарапайым азаматтар мен ел тыныштығын ойлаған қауіпсіздік қызметкерлеріне оқ жаудырды. Киелі шаһар ару қала Алматыны отқа орап, адам танымастай халге түсірді. Жер-жерде бүлік бастап, тәуелсіз елімізді тарих сахнасынан жоқ қылу мақсатында ұйымдасқан түрде қарулы қақтығыстарын жүзеге асырды. Дегенмен ел тыныштығын жеке басынан артық көрген сарабдал басшы, Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың батыл әрі шұғыл әрекет етуі арандатушылардың арынын тез арада тойтара білді. Ел тыныштығы үшін күрескен әскерлеріміз ел Президентінің шұғыл әрекетін тез арада жүзеге асыру мақсатында бөтен ойлы арандатушылардың қанды шеңгелінен елімізді аман сақтап қалды. Бұл, әрине, былай қарағанда әп-сәтте жүзеге асқан батыл шешім болып көрінгенімен, сол жолда еліміз талай боздағынан айрылып қара жамылды. Ел еңсесі түскен уақытта «Мен халқыммен біргемін» деген рухты сөзі бәрімізге қанат бітіргендей болды. Елімізді қауіпті террористерден тазартқан соң Президент 11 қаңтарда ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары алдында кезекті жиналысын өткізді. Бұл жиналыс жаңа Қазақстанның жаңа Үкімет құрамын таныстырумен басталғаны баршаңызға аян. Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің жаңа құрамын бекітіп қана қойған жоқ, сонымен қатар талай жыл бойы еліміздің әлеуметтік-экономикалық салаларында қордаланған көптеген мәселелердің түбегейлі шешілу жолдарын анықтап берді. Басты байлығымыз адами капитал болу керек деген ол Үкіметтің ең бірінші атқаратын жұмысы ел азаматтарының әл-ауқатын арттыру, бейбіт те гүлденген Қазақстанды одан әрі көркейту, ел дамуының негізгі тамыры саналатын экономикалық өсімді қамтамасыз ету міндеті болу керектігін тапсырды. Азаматтарымыздың әлеуметтік жағдайы мен ел тұрақтылығын сөз еткен Президент ел дамуының негізгі көзі білім екеніне де тоқталып, бұл салада алдағы уақытта жүзеге асырылатын көптеген басым бағыттарды атады. Сонымен қатар алдағы уақытта елімізде шетелдік белді 5 университеттің филиалдары ашылатынын айтып, ендігі жерде жастарымыз шетелге бармай-ақ туған отанында жүріп әлемнің белді университеттеріндегі білімді жетілдіруге болатынын мәлім етті. Жалпы, өзім білім саласында еңбек ететін азамат болғандықтан ел Президентінің қиын-қыстауда да, ұрпақтың білім алу мәселесіне бей-жай қарамауы көңілге үлкен сенім ұялатты. Қарашаңырақ білім ордасы болып табылатын біздің университетіміз бәсекеге қабілетті мамандар даярлау жолында аянбай еңбек етіп келеді. ҚР Білім және ғылым министрлігінің ұсынған дуальды оқыту бағдарламасын алғашқылардың бірі болып біздің университетіміз жүзеге асырды. Өйткені біз болашақ ұрпаққа білім беретін ұстаздарды тәрбиелейтін оқу орны болып табыламыз. Бүгінде біздің бітіруші түлектерімізге дуальды оқыту бағдарламасының орасан зор пайдасы тиіп жатыр. Теориялық білім мен практиканы ұштастырған студент бір жыл бойы мектеп қабырғасында педагогикалық тәжірибеден өтіп, білікті маман иесі атануына мол мүмкіндік алып жатыр. Биылғы оқу жылының басында  «Жаңартылған білім мазмұнында» ұйымдастырылатын оқу курсын «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығымен бірлесе отырып жүзеге асырдық. Биылғы өндірістік практиканы жаңаша ұйымдастыру үшін 2021 жылдың 26 маусымында Басқарма Төрағасы-Ректор Дархан Нұрланұлы Біләлов «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығының директоры Асель Мухаметжановамен кездесіп, осы салада әріптестік орнату мақсатында екі жақты меморандумға қол қойған еді. Осы меморандумның негізінде биылғы бітіруші түлектерімізге университетіміздің білікті мамандарымен қатар, «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығының мамандары да «Жаңартылған білім мазмұнында» үш апталық дәрістер өткізді.  Сонымен қатар біз де университетте оқитын студенттеріміздің білім бағдарламаларын жұмыс берушілермен бірлесе отырып жүзеге асырудамыз. «Ұлттық құндылыққа қанығып өскен өреннің танымы терең, діні берік болады. Ата-бабалар аманат еткен ұлан-ғайыр даланы аман сақтау - ең алдымен жас буынға артылған зор үміт. Кейінгі ұрпақ Тәуелсіздігіміздің туын әрқашан биік ұстауы тиіс. Сондықтан білімі терең, ойы озық ұрпақты тәрбиелейтін мұғалімдер қауымына зор жауапкершілік жүктеледі», – деп ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі анықтап бергендей біз қашанда білімді жастардың жаңа легін тәрбиелеу жолындағы қажырлы еңбегімізді жалғастыра береміз.

Хайрулла Жанбеков, Абай атындағы ҚазҰПУ академиялық мәселелер жөніндегі департамент директоры