Ақтөбедегі Әуе қорғанысы күштері әскери институтының кіші авиациялық мамандар даярлау орталығында Қызылтөбе ауылынан әскерге шақырылған 13 әскери қызметші мерзімді әскери қызметін өтеп жүр, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Шағын ғана ауыл үшін бұл жай ғана сәйкестік емес, ерекше мақтаныш. Бір көшеде өсіп, бір мектепте білім алған, бала күннен қалыптасқан достықтарын әскер қатарында да сақтап қалған жерлестер бүгінде иық тіресе Отан алдындағы борышын атқаруда.
Олардың қатарында Тоқтар, Талас, Нұртас, Жасұлан Наурызбай, Азамат, Арман, Айдос, Нұрмұхаммед, Ербол, Жасұлан Қалабай, Дәурен, сондай-ақ ағайынды Нұрдәулет пен Ердәулет Мұхаммединдер бар. Мерзімді әскери қызметті бірге өткеруге саналы түрде шешім қабылдаған жігіттер бүгінде әскери мамандықты қатар меңгеріп, дайындықтың әр кезеңінде бір-біріне қолдау көрсетіп келеді.
Қызмет барысында жас сарбаздар әскери авиацияның қызметін қамтамасыз етуге қажетті сұранысқа ие әскери-техникалық мамандықтарды игеруде. Олар автомобильдік оттегі құю стансасын, аэродромдық құрамдастырылған дала машинасын, аэродромдық жылжымалы агрегатты және аэродромдық жанармай құю техникасын пайдалану мен қызмет көрсетуді үйреніп жатыр. Тәжірибелік сабақтар барысында әскери қызметшілер ұшу қауіпсіздігі мен үздіксіз ұшу үдерісін қамтамасыз етуде маңызды рөл атқаратын арнайы аэродром техникасымен жұмыс істеу дағдыларын да меңгереді.
– Біз бір ауылда өстік. Бала күнімізден бір-бірімізді жақсы танимыз. Сондықтан армияда да өзімізді бір ұжымның мүшесіндей сезінеміз. Жаңа мамандықтарды бірге меңгеріп, сабақ барысында бір-бірімізге қолдау көрсетеміз. Біз тек өзіміз үшін емес, туған-туыстарымыз, туған ауылымыз және еліміз үшін қызмет етіп жүргенімізді жақсы түсінеміз. Бұл – біз үшін үлкен мәртебе әрі зор жауапкершілік, – дейді қатардағы жауынгер Арман Оразбеков.
Оқу бағдарламасы теориялық дайындық пен қарқынды тәжірибелік сабақтарды ұштастырады. Әскери қызметшілер арнайы техниканың құрылымы мен пайдалану тәртібін меңгеріп, түрлі жағдайда іс-қимыл жасауға машықтанып, авиациялық бөлімдердің аэродромдық-техникалық қамтамасыз етілуіне қажетті кәсіби дағдыларды игереді.
Қызылтөбеден шыққан 13 ауылдастың оқиғасы – туған жерге деген сүйіспеншіліктің, өзара қолдаудың және жауапкершіліктің жарқын үлгісі. Олар әскер мектебінен бірге өтіп, бір-біріне демеу болып, өз істерімен Отанға деген сүйіспеншілік туған ауылдан басталатынын дәлелдеп жүр.
Қызылтөбе тұрғындары үшін олардың әскери қызметі ерекше мақтанышқа айналса, жас буын үшін бұл – Отан қорғаудың адамдарды біріктіріп, мінезді шыңдайтынын әрі заманауи әскери мамандықтарды меңгеруге жол ашатынын көрсететін жарқын үлгі. Әсіресе, достарымен қатар туған ағайынды азаматтардың да бірге қызмет атқаруы ерекше мәнге ие. Бұл туған елге адалдық пен Отанға қызмет ету дәстүрінің ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан отбасылық құндылық екенін айқын көрсетеді.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.
