Шығыс Қазақстан облысы Катонқарағай ауданы аумағында соңғы кездері қасқыр тұрғындарға маза бермей тұр. Ал оларды Ұлттық парк аумағында атуға болмайтыны жөнінде ереже тағы бар.
«Ит-құс малымызға маза берер емес. Қолдан келер қайран жоқ. Айдың-күннің аманында төрт түлігімізді қасқырға жегізіп қойып, қарап отырмыз. Атайық десек, заң рұқсат етпейді. Атпайық десек, малымызды ойсыратып барады. Жіпсіз байланып қалдық. Әкімдерде пәрмен болғанымен, дәрмен жоқ. Мұның қашанға дейін жалғасатынын бір Құдай біледі», – деді бізге телефон шалған Катонқарағай ауданы Жаңаүлгі ауылының тұрғыны Қуат Сахимов.
Тұрғындардың атайын десе, ата алмай, жіпсіз байланып отырғаны – заң бойынша Ұлттық парктің аумағында қасқырды атуға болмайтыны. Содан да болар, соңғы жылдары Катонқарағайдың бөрілері мүлде еркінсіп, ауылдарға қырғидай тиіп, жергілікті жұрттың мазасын қашырып жатқан көрінеді. Мәселен, былтыр тек қараша-желтоқсан айларында Катонқарағай ауылдық округіне қарасты Шыңғыстай, Жаңаүлгі, Қабырға ауылдарының 40-тан астам жылқысын жеп кетіпті. «Жаңаүлгі ауылынан Қуат Сахимовтың 10, Қ.Нұралиннің 5, Б.Құмашев, А.Үзембаев, Б.Қайсеновтің 12, Шыңғыстай ауылынан А.Тоқпаевтың 3, Б.Баекиннің 2, Е.Мұсақанов, К.Алхамовтың 6, Қабырға ауылынан Ж.Нығметовтің 2 бас жылқысы ит-құсқа жем болды. Жаңаүлгі ауылының тұрғыны, «Қуат» шаруа қожалығының басшысы Қуат Сахимов елді мекен тұрғындары атынан бізге шағымданды. Шағым бойынша Ұлттық парк директоры Ж.Тыныбековке хат жолданған. Ұлттық паркке қарасты жер аумағындағы аң, құсты атуға рұқсат беру, реттеу, заңсыз аң атқан адамдарға шара қолдану солардың құзырында. Аудандық ауыл шаруашылығы бөліміне де ауыл малына қасқырлардың тыныштық бермей тұрғаны жайлы хабар берілген», – дейді Катонқарағай ауылдық округінің әкімі Қайрат Нұрқанов.
Катонқарағай ұлттық паркінің мамандары парк аумағында аң-құс санының көбейгенін жасырмайды. Олардың айтуынша, парк аумағында 100-ден астам қасқыр бар. «Биыл қар ерте түсіп, түз тағысы жекеменшік шаруа қожалықтарына зиян келтіріп жатыр. Әсіресе, Ақсу, Аққайнар, Катонқарағай ауылдарының маңында қасқырдың шабуылы жиілеп кетті. Бірақ Ұлттық парк аумағында аң аулауға мүлдем рұқсат жоқ. Бұл туралы Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы Қазақстан Республикасы заңының 48-бабында жазылған. Ескерте кетейік, Ұлттық парк аумағында аң ауланса, ол қылмыстық әрекет болып саналады», – дейді Катонқарағай мемлекеттік Ұлттық табиғи паркі директорының орынбасары Арнас Ауғанбаев.
Жалпы, шекаралық аймақтарда қасқыр аулау күрделі мәселеге айналғалы қашан?! Осыдан үш жыл бұрын Тарбағатай ауданының Жаңаауыл ауылдық округіне қарасты Ахметбұлақ ауылының тұрғыны қыстақтағы қораға түскен көкжалды әуелі қақпанмен ұстап, соңынан сойылмен соғып алған еді. Әрине, жетіскеннен емес, шекараға жақын маңда қару ұстауға болмайтындықтан, осындай қадамға барған-ды. Бұл мәселе сол уақытта қоғамда біршама резонанс тудырғандықтан, аудан басшылары мен прокуратура өкілдері бірлескен комиссия құрып, шекарашылармен келісімге келіп, ауыл тұрғындарына қару ұстап, қасқырдан қорғануға рұқсат берілген болатын. «Көктемнен бері маза бермей келеді. Құлындарға қырғидай тиіп, қара күзде тайларды жеп кетті. Шыңғыстайда қойларды тамақтап кетті деп естідік. Мылтығымыз бар, бірақ Ұлттық парк өкілдері атуға рұқсат бермейді. Бір жылдары қасқыр қаптаған соң тікұшақпен келіп атқан еді. Алдағы уақытта Тарбағатай ауданы секілді бізге де қасқыр атуға рұқсат берілсе жақсы болар еді», – дейді ит-құстан әбден зәрезап болған ауыл тұрғындары.