Алматы телеарнасында көлік жүргізушісі болып қызмет еткен Мұратхан Базарбаевтың отбасына да пәтер беріледі. Бұл туралы бүгін қала әкімі телеарна ұжымымен кездесу кезінде айтты, – деп хабарлайды Almaty.tv.
6 қаңтар күні түсірілім кезінде террористердің заңсыз әрекетіне тап болып, қайтыс болған көлік жүргізушісінен бөлек жарақат алған оператор Диаскен Байтибаевқа, оқыс оқиға кезінде табандылық танытып, әріптестерін дер кезінде ауруханаға жеткізген оператор Арсен Сандыбаевқа материалдық көмек көрсетілетінін атап өтті.
Сонымен бірге, Бақытжан Сағынтаев телеарна ұжымына кешегі лаңкестердің заңсыз әрекеті кезінде алдыңғы шепте жүріп қызмет еткені үшін ерекше алғысын білдірді.
«Мұратханнан айырылып қалдық. Орны толмас қаза... Бұлай болады деп ешкім ойламады. Бәріміз көлікке отырып, жүріп кеттік. Бұрын ондайды көрмедік қой, қандай жағдай болатынын білмедік... Мұратханның отбасына жан-жақты қолдау білдіріп, пәтер бөлеміз», – деді Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев.