Жуырда Мәжілістің жалпы отырысында сөз сөйлеген ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жылдар бойы шешілмей, қордаланған проблемалардың тұтас қатпарларын көтерді, оларды шешудің жөн-жосығын, жоба-жоспарын жариялады, Үкіметке нақты тапсырмалар жүктеді. Егер олар орындалса, ұлттық экономиканың өркендеуіне қуатты серпін беріледі, қазақстандық кәсіпкерлік жаңа даму белесіне көтеріледі, халықтың тұрмысы жақсарып, әл-ауқаты артады.
Маңызды жайт. Тек мемлекеттік және квазимемлекеттік сатып алулар есебінен-ақ отандық бизнесті қуатты қолдауға, жылдам байытуға болады: 2020 жылғы 9 айда 12,5 триллион теңгеге тендер өткізіліпті. Алайда соның 6,4 трлн, 52%-ы ғана жергілікті тауарлар мен қызметтер үлесіне тиді. Салдарынан пандемияның алғашқы екі жылынан қазақстандық кәсіпкерлік қаусап, ыңыршағы айналып шықты. Девальвация, дағдарыс, карантин шектеулерінен келген шығынын өтеу үшін бизнес баға көтерді. Жаппай қымбатшылық жайлап, елдің наразылығы күшейді.
Алыпқа ел жүгі артылады
Активінің өзі ел ЖІӨ-сінің 60%-ына бара-бар алпауыт «Самұрық-Қазына» қоры қызметінің тиімділігіне қатысты Мемлекет басшысы сын айтты. Әл-ауқат қоры тиімді жұмыс істегенде бүкіл экономикамызды өрге сүйрер еді. Алайда «қор өзінің негізгі міндетін орындап отыр ма, яғни ұлттық байлықты еселей алды ма?» деген орынды сұрақ туындайды. Топ-менеджерлері, директорлар кеңесі, қызметкерлері қомақты жалақы, сыйақы, бонус алады. Қор қызметі өте қымбат консалтинг компанияларын және шетелдік мамандарды жалдап, «алтындай қымбат» ақылын тыңдайды, қайтарымы қайда?
Сондықтан Қ.Тоқаев Үкіметке Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігімен бірлесіп, квазимемлекеттік секторды түбегейлі реформалау бойынша ұсыныстар әзірлеуді тапсырды. Егер қорды жаңғырту мүлдем мүмкін болмаса, ол таратылмақ. «Самұрық-Қазына» АҚ-ын реформалау бойынша нақты ұсыныстар бір ай ішінде түзілуі тиіс. Қордың тағдыры содан кейін белгілі болады.
Осы орайда Қазақстан үлгіге алған Малайзияның Khazanah ұлттық әл-ауқат қорының жетістігі назар аудартады: небәрі бірнеше жыл ішінде ол экономикалық тұрғыдан шығынды, залалды, әрі пассивті холдингтік компаниядан өңірлік лидерге айналған ұлттық компанияларды тудыратын алып инкубаторға айналды, бүкіл Малайзияда іргелі, ізгі өзгерістерге серпін берді. Трансформациясын бастағанда Khazanah портфелі 51 млрд долларды ғана құрапты, соны ол 121 миллиард долларға дейін, ал табыстылығын 3,5 есеге арттырған.
Ал «Самұрық-Қазына» трансформацияға кіріскенде, 2017 жылы Рейтер агенттігі оның шамамен 67 миллиард доллар тұратын активтерді басқаратынын хабарлады. Содан бері бесжылдық артта қалды. «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобына мұнай-газ және көлік-логистика секторларының, химия, атом өнеркәсіптерінің, тау-кен кешендерінің, энергетика және жылжымайтын мүлік салаларының кәсіпорындары кіреді. Қор активі шамамен $69 млрд-ты құрайды», – деп көрсетілген қордың ресми сайтында.
Негізі, «Самұрық-Қазына» төл моделін өзгертеді, қазіргі «мемлекеттік бастамалар мен бағдарламаларды орындаушы» рөлінен кетіп, толығымен инвестициялық холдингке айналады деп күтілуде. Оның құрамынан мембағдарламалардың операторлары шығарылуы ықтимал. Қор инвестициялау үшін 12 басымдықты секторды анықтаған екен, оған ақпараттық технологиялар, инфрақұрылым құрылысы, «жасыл» энергетика, химия өнеркәсібі, денсаулық сақтау, ауыл шаруашылығы, қаржылық қызметтер, тау-кен өндірісі, ғылым-инновация, басқасы кіріпті.
Сатып алудың айқындылығы артады
Ел Президенті мемлекеттің де, «Самұрық-Қазына» және ұлттық компаниялардың да сатып алулары айқын емесін атап өтті. Кәсіпкерлер осыған қатысты Мемлекет басшысына ұдайы шағымданады. Қ.Тоқаев «бір көзден сатып алу» тәсілімен контракті бекітуге мүмкіндік беретін негіздерді қысқартуды жүктеді. Өйткені ол жемқорлыққа сеп.
Өткен жылы реттелетін сатып алулар туралы жаңа заң күшіне енді, сонда ел Үкіметі енді квазимемлекеттік сектордың тендерлері де заңмен реттелетінін мәлімдеген. Олай болмай шықты. Неге?
«Осы жылдан бастап, «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ-ның және барлық ұлттық компаниялардың сатып алулары «Квазимемлекеттік сектордың жекелеген субъектілерінің сатып алуы туралы» заңмен реттеледі. Бірақ қордың Сатып алу тәртібінде «Самұрық-Қазынаның» ішкі құжаттарына сілтейтін нормалар көзделген. Олар осы тетікті пайдаланып, сатып алу бойынша өздері шешім қабылдай береді. Осыған байланысты, бұдан былай қордың және оның еншілес компанияларының сатып алуын жүзеге асырудың бүкіл процесі қайта қаралады және ол бір құжатпен реттеледі. Ол құжатта өзге ішкі құжаттарға сілтемелер жойылады», – деді Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев.
Яғни, салмақты реформа жүргізілгелі тұр. Оның аясында «Самұрық-Қазына» мен ұлттық компаниялардың триллиондаған теңге тұратын сатып алуларының тәртібі өзгереді. Әл-ауқат қорына төл ережелері мен рәсімдеріне Қаржы министрлігінің, Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің келісімін алып отыруға тура келмек.
Бір көзден сатып алуды қысқарту жұмысы тұрақты негізде жүргізіледі.
«Таяуда мемлекеттік сатып алу мәселелері бойынша бірқатар заңнамалық түзетулер күшіне енді. Олар бір көзден алу тәсілімен мемлекеттік сатып алуды жүзеге асырудың 6 ірі негіздемесін жойды. Осылайша, алда бір көзден сатып алудың барлық көлемі шамамен 50%-ға азаяды», – дейді бас қаржыгер.
Оның дерегінше, жаңа заң талабына сәйкес, бір көзден сатып алу үшін тапсырыс берушінің бірінші басшысы дербес жауапкершілік арқалайтын болады. Қаржы министрі тендерлерде осы тәсілді қолданудың негізді-негізсіздігіне бақылауды қамтамасыз етуге уәде берді.
Мемлекет масыл кәсіпорындардан арылады
Озық дамыған елдер экономикалық өсімге мемлекеттің экономикадағы үлесін азайту арқылы да жеткен. Себебі кез келген салада құрылған мемлекеттік немесе квазимемлекеттік кәсіпорын құзырын пайдаланып, секторды басыбайлы жайлап, бәсекенің дамуын тұсайды. Айналасына сыбайлас фирмаларды шоғырландырады. Игілікті өзгемен бөліспейді. Әртараптандыру болмаса, азаматтарымыздың әл-ауқатын арттырып, тұрақты жұмыс орындарын ашу мүмкін емес. Монополизм кеселінен құтылу үшін Президент мемлекеттің экономикаға араласуын мейлінше азайтудың кең ауқымды шараларына бастамашы болды.
Дегенмен осы аптада Мәжілістегі сөзінде Қ.Тоқаев «жекешелендіру жүйелі және ашық жүргізіліп жатқан жоқ» деп ашығын айтты. Мәселен, бәсекелестік ортаға берілуі тиіс активтерді іріктеудің тәсілдері әлі күнге (!) айқындалмаған. Оны жаңа Министрлер кабинеті шұғыл әзірлеуі қажет.
Сондай-ақ Үкіметке Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігімен бірлесіп, тиісті Мемкомиссияның жекешелендіруге қатысты шешімдерінің толығымен ашық әрі айқын болуын қамтамасыз ету тапсырылды. Өз кезегінде Үкімет басшысы Әлихан Смайылов Ұлттық экономика, Қаржы, Әділет министрліктеріне, антимонополиялық органға «Атамекен» палатасымен бірлесіп, 2022 жылғы 1 ақпанға дейін «жекешелендірілетін және бәсекелі ортаға берілетін активтерді іріктеу тәсілдемелерін» әзірлеуді жүктеді. Осыған қатысты Үкімет қаулыларының жобалары да жазылып, тез арада Премьердің қол қоюына енгізіледі.
Бұған дейін белгіленген жоспарға сәйкес, ІРО және стратегиялық инвесторларға тікелей сату арқылы 2023-2024 жылға дейін «Самұрық-Қазынаның» ірі активтерін жекешелендіру процесі аяқталуы керек. Сонымен бірге 2028 жылға дейін аса ірі активтердегі қорға тиесілі үлестерді саудаға қою, яғни «дивестиция» жүргізу бағдарламасы жүзеге асырылмақ. Оның аясында 5 стратегиялық активте – ҚазМұнайГаз, Қазақстан темір жолы, Қазақтелеком, Қазатомөнеркәсіп пен KEGOC-тағы мемлекеттің бақылаушы үлесін (51%) сақтап қалған маңызды деп танылды. Тиісінше, бұлардағы 49% үлес, сондай-ақ стратегиялық емес компаниялардың 100% үлесі бәсекелестік ортаға тапсырылуы мүмкін.
Рас, бұл жоспар ішінара қайта қаралады. Айталық, жаңа Премьер-Министр Ә.Смайылов Шығыс Қазақстан облысындағы 2 алып ГРЭС-тің 74,99% үлесін арабтарға сатуды қарастыратын заң жобасын кері қайтарып алды: 2022 жылғы 10 қаңтарда «Мәжілістен заң жобасын кері қайтарып алу туралы» Үкімет қаулысына қол қойды. Құжатқа сәйкес, Парламент «Қазақстан Үкіметі мен БАӘ Үкіметінің басым салалардағы жобаларды дамытуға арналған ұзақмерзімді стратегиялық әріптестік құру туралы бірлескен декларациясын ратификациялау туралы» заңын қарауды тоқтатады. Себебі бұл қадам жергілікті бұқара мен бизнестің қарсылығын туғызған болатын.
2021 жылы Үкімет «Жекешелендірудің 2021–2025 жылдарға арналған кешенді жоспарына» кірген объектілердің үштен бірін – 32%-ын сата алған. Нәтижесінде, жоспардың алғашқы жылында 217 мемкәсіпорынды жекешелендіруден бюджетке 54,7 млрд теңге құйылыпты. Қаражаттың жартысынан астамы – шамамен 32 млрд теңгесі квазимемлекеттік сектор активтерін өткізуден түсті.
Мемлекет қарауынан кетіп, жекенің қолына тапсырылған компаниялар арасында Astana Solar ЖШС, Kazakhstan Solar Silicon ЖШС, «Қазақстанның инвестициялық қоры» АҚ, «Ұлттық ғылыми медициналық орталық» АҚ, М.Нәрікбаев атындағы ҚазМЗУ, КИМЭП университеттері және басқасы бар. Сатылған 217 нысанның көбі – 135-і коммуналдық меншіктер. Бұл ретте Павлодардың №1 автопаркі, Ақтөбедегі және Алматы облысындағы Жолаушылар тасымалын басқару орталықтары, «Алакөл тазалық» секілді табысы төмен немесе залалды коммуналдық кәсіпорындар әкімдіктердің қанатының астынан шығарылды.
Қаржы министрлігінің Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетінің төрағасы Бақытбек Тәшеновтің айтуынша, аталған бес жылдық кешенді жоспарға республикалық, коммуналдық меншіктегі, сондай-ақ квазимемлекеттік сектор мен әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялардың меншігіндегі жалпы саны 733 объекті енгізілді. Оның ішінде 673 кәсіпорын сатылуы тиіс. Тағы 60-ы, яғни «Самұрық-Қазына» қорының тобындағы еншілес және тәуелді ұйымдар бас компаниямен бірге жекешелендіріле алады.
2022 жылға 206 нысанды саудаға қою жоспарланған. Дегенмен Президенттің жаңа тапсырмасына сәйкес бұл тізім өзгереді.
Мемлекет басшысы жекешелендірудің үш тұғырлы қағидатын атады: біріншіден, оның нәтижесінде жекеменшік монополистер пайда болмауы тиіс. Екіншіден, мемнысанды сатып алған компания ары қарай мемлекетке масыл болмай, бюджеттік тапсырыс, жеңілдік, басқа артықшылық сұрап, қол жаймай, өз бетінше тауар мен қызмет экспортын жолға қоюға міндетті. Үшіншіден, меммүлікті жеке қолға беруден мемлекетке экономикалық нақты қайтарым болуы шарт.
Қалай болғанда да, ел Президенті қойған жаңа міндеттер Қазақстандағы дамудың жаңа кезеңінің, шынайы жаңғыру кезеңінің экономикалық ұстынын нығайтуға ықпал етуі қажет.