Кедендегі кедергі кірісімізден айырды
Кедендегі кедергі кірісімізден айырды
409
оқылды
Қазақстан мен Қытай шекарасындағы кеден жұмысының шикілігі бары көптен бері айтылып жүр. Кәсіпкер атаулы кеден арқылы жұмыс істейді, шетелге экспорт шығармаса да, өзге елдерден тауар алғызады. Олардың көбі кеден айналасында қаптап жүрген делдалдар қызметіне жүгінуге мәжбүр. Ал сол делдалдардың кесірінен өткен-кеткен жандар шығындалып, мемлекет пайдасынан қағылып отыр. Ақыры бұл проблема Мемлекет басшысының да назарына ілікті. Қасым-Жомарт Тоқаев таяуда кедендегі былықтарды ашып, жүйесіз іске барғандарды тексеруді тапсырды. Сонымен, делдалдарға құзыр беріп, оларды тайраңдатып қойған кімдер?

Ескірмеген мәселе ескерусіз қалмауы қажет

Президенттің тапсырмасынан кейін Бас прокуратура Қаржы ми­нистрлігімен, Қаржы мониторингі агенттігімен бірлесіп, тексеру жүр­гізіп, кедендік шекарада тәртіп ор­натуы тиіс. Әйтпесе, бұл жүйе­сіз­діктің жалғасқанына талай жыл болған. Бүтін мемлекетті табы­сынан қағып отырған заңсыз жа­сырын істі анықтау да оңай бол­маған. Тек тауар айналымындағы статистикада алшақтық барын білгеннен кейін билік кедендегі шикіліктің шетін аңғарды. Мә­селен, 2017 жылы Қытайдың ше­кара деректерінде Қазақстанмен түйіскен кедендегі тауар айналымы 46 пайызға өскені айтылған. Ал дәл сол кезде біздегі ресми дерек бойынша, өсім 30 пайызды құраған. Бірақ сәйкессіздік көлемі 60 пайызға жеткен. Екі елдің статистика дерегін есептеу әдісінде еш айырмашылық жоқ. Осылайша, мемлекетке тиесілі қаржының белгілі бір бөлігін ортадағы делдал­дар қалтасына басып отырғанының бір дәлелі көрінді. Бұдан кейін де жағдай реттелмеді, 2019 жылы сәйкессіздік 48 пайыз болды. 2020 жылы тауар айналымы бойынша екі елдің кедендік статисти­ка­сын­дағы айырмашылық 45 пайызды құрады. Мұндай жер мен көктей алшақтық үлкен күмән туғызары даусыз. Қызығы сол, соңғы 4 жыл ішінде кедендерге жүргізілген аудит осы сәйкессіздіктердің со­масы мен себептері туралы нақты ақпаратты анықтай алмапты. Былтыр мамырда Парламент Сенатының депутаттары осы жайтты ескеріп, Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаевты сұрақтың астына алған болатын. Өйткені кедендегі мәселе Қытаймен екі ортадағы шекарада ғана емес, бас­қа да шекара кедендерінде белең алған. Сол кезде Жамау­баев­­тың жауабы да жосық­сыз шықты. Ол жал­пы статистика саласында қа­телік­тер болатынын, бұл қалып­ты жағдай екенін айтып ақталды. Бірақ екі елдің ара­сындағы тауар айналымындағы статистика айыр­­машылығы шы­нында көп болуы мүмкін екенін жасырмады. «Мысалы, ҚХР мен АҚШ – дүниежүзіндегі ірі екі мемлекет. Олардың арасындағы тауар айналымының статистика айырмашылығы 50 млрд доллардан асады. Басқа да мемлекеттермен Қытайдың статистикалық айырма­шылығы өте жоғары. Қазақстан бойынша мұның бірнеше себебі бар. Біріншіден, Қытайдың кеден ұйымдары өз елінен шыққан тауарлардың бәрін «экспорт тауары» деп жаза береді. Бізде нақты экспорттың 60-70 пайызы транзитпен басқа мемлекеттерге кететінін ескеру керек. Яғни, бізде ешқандай кеден бажы төленбейді. Декларация бойынша екі елдің арасындағы айырмашылық осы себепті 50 пайыздан асып тұр. Біз енді Қытайдың кеден органдарымен етене байланысамыз»,– деген еді ведомство басшысы. кеден Министр бұған қоса Қорғаста тауарларды декларациясыз енгізетін мүмкіндік барын еске салған. Ал Қытай тарапы оның бәрін де экспорт деп санайды екен. Бірақ бұл деректер кедендегі мәселені ақтауға мысал емес. 2020 жылы тамызда Қытаймен шекарадағы «Нұр жолы» кеден бекетінің бірнеше қызметкері ұсталғаны есімізде. Бекеттегі ветеринарлық және фитосанитарлық бақылау бөлімінің қызметкерлері шекарадан көліктерді кедергісіз өткізу үшін пара алып отырған. Егер түбегейлі тексеріс жүргізілсе, осыған ұқсас қылмыстар еселеп анықталуы мүмкін.

Кәсіпкерлер  жиі шағымданады

Ал екі елдің арасында тауар тасып, жұмысын дөңгелетіп жүрген кәсіпкерлер кедендегі шикілік пен заңсыз делдалдардың көбеюіне қолында билігі бар адамдар мүдделі екенін айтады. Қалай билігі бар демейсіз, себебі кеденнен өткізетін арнайы жүйелердің өзі заңсыз пайда табатын жандардың ырқына бейімделген екен. Мәселен, кәсіпкер Динара Ағатаева бір жайттың басын ашты. Бизнес өкілдерінің жүгімен кеденді кесіп өтуін жеңілдету үшін деген желеумен Қаржы министрлігі 2019 жылдың желтоқсанында кедендерге «Астана-1» ақпараттық жүйесін өнеркәсіптік эксплуатацияға беріпті. Яғни, кеден жүйесі мен салықты автоматтандыруға арналған жүйе, ал атауының елордаға еш қатысы жоқ. Іскер жандарға керемет игілігі барын Үкімет ақпарат құралдары арқылы кең насихаттаған. Бірақ жағдай олай емес тәрізді. «Тауарлар импортын декларациялаған кезде кеден органдарының өкілдері «Астана-1» жүйесінде жұмыс істеді. Ал кедендік брокер­лердің бәрі D-sektor деп аталатын ақылы жүйені пайдаланады. Өйткені «Астана-1» үнемі іркіліп, қасарып тұрып қалады, игеруге қиын, өзге олқылығы толып жатыр. Мұны өз басымнан өткердім. Ақ тер, көк тер болып, уақытша әкелу бойынша декларацияны ақыры толтыра алмадым. Онда уақытша әкелуге арналған жеке графа да жоқ. Бірақ ондай графаны әдейі ақылы D-sektore-ға енгізіп қойған», – дейді Ағатаева. Шамасы, осындай әдіспен кәсіпкерлердің делдалға жүгінбесіне амал қалдырмайтын сияқты. Осы жағдайға көп кәсіпкерлер тап болады екен. Тіпті, былтыр бұл мәселе дау туғызған. Кәсіпкерлер Үкіметке «Астана-1» ақпараттық жүйесін әзірлеу және енгізу үшін ел бюджетінен қанша шығын кеткеніне алаңдап, «бұл жүйені кедергісіз жұмыс істейтіндей етіп жетілдіруге бола ма?» деп сұрау салған. Ал Динара Ағатаева Мемлекеттік кірістер комитеті «қолдан келер қайран жоқ» дегендей сыңай көрсеткенін айтады. Бәлкім, жүйе расымен барлық кәсіпкер ақылы бағдар­ламаны қолдануы үшін қасақана жасалған болуы мүмкін. Яғни, баз біреулердің заңсыз бизнесі болса таңғалмаймыз. Ал бұл жүйе жайлы деректерге көз жүгірт­кенімізде былтыр қаңтарда Қаржы министр­лігінің Мемлекеттік кірістер комитетінің төрағасы Марат Сұлтанғазиев жүйе жайлы тек мақтау айтқанын аңғардық. Оның мәлі­метінше, «Астана-1» ақпараттық жүйесі Грузия, Молдова, Украина секілді посткеңестік республикаларда, сондай-ақ Ұлыбритания, Нидерланд секілді Еуропа елдерінде қолда­нылады екен. Әлемдегі 95 елде қолданылатын ASYCUDA World платформасында әзірленіпті. Сұлтанғазиев жүйе жайлы «Оны бізге БҰҰ-ның сауда және даму конференциясы тегін, ақысыз берді. Қазақстанда электронды декларациялау біздің комитет, ЮНКТАД және Қылмыс пен құқықбұзушылыққа қарсы күреске жәрдемдесудің республикалық қоры арасында 2015 жылғы 7 қыркүйекте бекітілген жобаға сәйкес ендірілді. Жоба кеден рәсімдерін жаңғыртуға және автоматтандыруға бағыт­талған. «Астана-1» ақпараттық жүйесін енгізу кезінде бюджет қаражаты тартылған жоқ», – депті. Дегенмен жобаны аталған қазақстандық қор толығымен қаржыландырған. Мемлекеттен шығын шықпады деуге келмейді. Қызығы сол, әу баста «Астана-1» кәсіпкерлерге кедендік брокерлерге жүгінбей-ақ, кез келген уақытта және әлемнің кез келген жерінен осы бағдарламаны тегін жүктеп, тауарын өз бетінше декларациялауға мүмкіндік беретіні, тол­тыруға арналған тиісті графалар да қарастырыл­ғаны айтылған. Ал кеденнің кедергісін көріп жүрген кәсіпкерлердің сөзі мүлде басқа арнада. Қайсысына сенеміз? Статистикадағы сәйкессіз жер мен көктей екеніне қарасақ, расында мұндай шикілік бар секілді. Пре­зиденттің бұл мәселеге ерекше тоқталғанына қарағанда, жағдай аса мәз емес. Әйтеуір, алдағы уақытта тексеріс бар былықты ашады деп дәмеленгеннен өзге шара жоқ.