Кеден – кіріс қақпасы
Кеден – кіріс қақпасы

Еліміздегі кеден қызметінің қалыптасуы мен дамуы тәуелсіздік тарихымен тікелей байланысты. Осы жылдар бойы мемлекетіміздің экономикалық мүддесін қорғау жолында қызмет еткен бұл сала алғашқы қиын жылдары ел табысын еселеуге үлкен үлес қосты. Ол тарихтың алғашқы қадамы 1991 жылғы желтоқсан айынан басталған еді. Осы уа­қытта Қазақстан Президенті жанынан Кеден комитеті құрылды. 12 жел­тоқсан күні шыққан №539 Жарлық Президенттің алғашқы тарихи құ­жаттарының бірі болды. 1991 жылы республикадағы кеден органдары қызметкерлерінің саны небәрі 150 адамды құрады. Келесі жылы комитет Қаржы министрлігінің қарамағына берілді.

Қалыптасу табалдырығында

Қазақстанның кеден қызметінің қалыптасу кезеңі 1983 жылдан басталады деуге болады. Осы жылы сыртқы эконо­микалық байланыстар жандана түскен­діктен, көптеген кәсіпорындар экспортқа жұмыс істей бастады да, Алматы кеден бекеті Ташкенттің құрамынан бөлініп шықты да тікелей Мәскеуге бағынатын органға айналды. Ал 1984 жылы 8 маусымда кеден бекеті кеден қызметіне айналды. Оның штатында 14 адам жұмыс істеді. Бірақ өзгерістер мұнымен тұрып қалған жоқ. 1988 жылы Алматы кеден қызметі Қазақстан Республикасының кеден қызметі болып өзгертілді. Оның алғашқы бастығы Нұрлан Тілемісов болды. 1991 жылы Нұрлан Хайдуллинұлы тәуелсіз Қазақстан Республикасының Кеден комитетінің бірінші төрағасы болып т­а­ғайындалады. Қытаймен шекарада бұрыннан бар «Қорғас», «Бақты» бекет­теріне қосымша Талдықорған, Атырау және Шымкент облыстарында кеден бе­кеттері ашылды.
Қазақстан тәуелсіздік тарихының та­балдырығын әлем бойынша құрлықтағы ең ұзын шекарасы бар ел ретінде аттады. Оның Ресеймен 14 мың, Қытаймен 1,5 мың шақырымды құрайтын шекарасы бар еді. Сондықтан да жас мемлекеттің алдында осындай ұзын шекарада кедендік бақылау орнату қажеттілігі тұрды. Ел экономикасы қиын жағдайда болғандықтан, қоғамдық және әлеуметтік қатынастардағы өзгеріс­термен қатар елдің мемлекеттік басқару жүйесіндегі кеден қызметінің орны мен рөлін де айқындауға тура келді. Осылайша, көптеген сынақ пен қателіктерді бастан өткере отырып, кеден ісін басынан бастап меңгеруге мәжбүр болған елімізде әр са­ланың мамандары кеден қызметіне келіп жатты.
1991-1995 жылдар кеден қызметінің проблемалары елеулі шиеленіскен, қажетті заңнамалық база қалыптаспаған, білікті кадр құрамы мен жеткілікті қаржыландыру жетіспейтін жайттармен есте қалды. Мә­селен, республиканың кеден ісі көп жағдайда бір-біріне қарама-қарсы келетін 200-ден астам әртүрлі құжатпен реттелді. Оның ішінде кеден органдарында кадр және тәрбиелеу жұмыстарының көптеген мәселесі реттелмеді. Бұл жағдайды шешу үшін Министрлер кабинетінің 1992 жылы 19 ақпанда «Қазақстан Республикасының мемлекеттік кеден қызметі туралы» №127 қаулысы қабылданды. Бұл кеден орган­дарының қызметін регламенттейтін ал­ғашқы нормативтік актілердің бірі еді. Онда кеден қызметі басшысының мәрте­бесі айқындалып, лауазымдық жалақылары мен дербес атақтары үшін үстемеақы мөлшері бекітілді. Сондай-ақ аталған қаулымен Кеден кодексі қабыл­данғанға дейін Бас кедендік басқарма кедендік табыстардың 10 пайызға дейінгі көлемін материалдық көтермелеулер мен әлеу­меттік-мәдени іс-шараларға жұмсай ала­тын болып белгіленді. 1993 жылы кеден органдарындағы штаттық бірлік саны 3 мың адамға жеткен болса, 1994 жылы бұл сан 6,4 мың адамды құрады. Ал 1995 жылғы маусым айында №2368 «Қазақстан Рес­публикасындағы Кеден ісі туралы» Қа­зақстан Республикасы Президентінің заң күші бар Жарлығы қабылданды. Со­ның аясында кеден органдары лауа­зымды тұл­ғаларының қызмет өткеруі туралы ереже бекітілді. Қызмет өткеру тәртібі, дер­бес атақтарды беру, канди­даттарға қойы­латын талаптар регламенттелді. Ке­ден орган­дарында кадрмен жұмыстың бо­лашақтағы саясатын айқындайтын кадр және тәрбие жұмыстарының басты ба­ғыттары бойынша бірқатар нормативтік акті қабылданды. Ең алдымен негіз ретінде құқық қорғау органдарында қолданылатын кадр жұ­мысының жүйесі қабылданды, сондай-ақ басқа мемлекеттік органдардың оң тәжі­рибесі алынды. 1995 жылы кеден қызметі жалпы со­масы 19 148 857 теңге болатын алым-са­лық жинаған болса, 1997 жылы бұл көр­сеткіш 33 706 710 теңгеге жетті. 1998 жылғы шілдеде қабылданған «Сы­байлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» заң кеден органдарының одан әрі сапалы дамуына әсер етіп, сыбайлас жемқорлық көріністерін заңды түрде шектеуге, кеден органдары лауазымды тұлғаларының ара­сында қызметтік тәртіпті күшейтуге мүм­кіндік берді. Ал 1999 жылғы қа­былданған «Мемлекеттік қызмет туралы» заң кеден қызметінің кәсіби және тиімді жүйесі мен бірыңғай кадр саясатын қа­лыптастырған, өзекті қажеттіліктерге жауап беретін жаңа көзқарастарды ай­қындаған, кеден үшін елеулі рөл атқарған құжат болды.

Даму баспалдағында

2000 жылдар кеден органдарын ре­формалаумен ерекшеленді. Үкіметтің 2000 жылғы 22 қарашадағы №1746 «Қазақстан Республикасының кеден қызметін рефор­малау бағдарламасын бекіту туралы» қау­лысы қабылданды. Бағдарламаның басты мақсаты – кеден органдары қыз­метінің материалдық-техникалық базасын ны­ғайту, заңнамалық және құқықтық базасын жетілдіру, кадр саясатын нығайту, құры­лымы мен штат санын оң­тайландыру. Реформалау нәтижесінде кеден органдары басшылық құрамының лауазымдарына қабылдауға конкурстық жүйе енгізілді. Қайталанатын функциялар алынып тас­талып, өкілдіктер қайта бөлінді. Мемлекет басшысының мемлекеттік қызметкерлерді үнемі оқыту және бі­ліктілігін арттыру туралы қойған талап­тарын орындау барысында Астана және Атырау қалаларында Оқу-әдістемелік орта­лықтарын құрды. Оқу семинарлары мен біліктілікті арттыру курстары шеңбе­рінде лауазымды тұлғаларды даярлау, қайта даярлау және біліктілігін арттыру үшін қажетті әдістемелік және оқу базалары ұйымдастырылды. Астана қаласындағы Оқу-әдістемелік орталығына Дүниежүзілік кеден ұйымының өңірлік орталығы мәр­тебесі берілді.
2011 жылғы 1 шілдеден бастап Кеден одағы құрылып, Қазақстан, Ресей, Бе­ларусь мемлекеттері арасында кедендік бақылаудың алынып тасталғаны елі­міздегі кеден қызметін дамытудың жаңа белесі болды. Осыған байланысты Қа­зақстан-Ресей телімінде 580 штат бір­лігін боса­тылып, 32 кеден бекеті та­ратылды. Сыртқы экономикалық қыз­метке қаты­сушылар үшін оңтайлы жағ­дай жасалды, Кеден одағы шекара­сының сыртқы периметріне өткізу мүмкіндіктері артты.
Саланы жетілдіру бойынша рефор­малардың тез, әрі терең де батыл жүргені сондай, еліміздің кеден қызметі озық ақ­параттық технологиялармен үздіксіз қам­тамасыз етіліп отырды. Кедендік рә­сім­деу мен қадағалау барысын жеңіл­дететін, сол арқылы еліміздің мемлекеттік шека­ра­сының өткізгіштік қабілетін арттыратын бұл технологиялар бүгінде кеден орган­дарын дамытудың шешуші бағыты болып табылады. Осындай жетіл­дірудің арқа­сында 2011 жылы 9 айда ғана кеден ор­гандары бюджет кірісіне 840 млрд. 918 млн. теңге түсірді. Бұл оның алдындағы жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 354 млрд. теңгеге немесе 73%-ға артық. Осылайша, күйреген экономиканы аяқтан тұрғызуға үлкен үлес қосқан кеден саласы бүгінде қауымдасқан сипатта қызмет етуде. Осы жылдар ішінде аймақ­тық деңгейден халықаралық деңгейге дейін көтерілуге, дамыған елдердің кедендік озық әкімшіліктерін қуып жетуге қол жетті. Кедендік саясаттың одақтық дең­гейде жүргізілуі Қазақстанның әлемдік экономикаға интеграциялануға ұмтылған бағытының заңды жалғасы. Мұндағы тә­жірибенің де ел экономикасы үшін са­бағы көп болмақ. Еуразиялық эконо­микалық одақ құрамында бүгінде Қазақстан соңғы 10 жылда кедендік түсімдерден жыл сайын 300 млрд. теңге көлемінде кіріс көріп келеді.

Нұрлан ҚОСАЙ