5 қаңтар күні жаппай тәртіпсіздік кезінде мыңнан аса азамат аудандардағы ішкі істер бөлімін басып алмақ болғанда "Қамал" жоспары жарияланған. Полицейлердің айтуынша, шабуылдаушылардың көздегені қару сақталған қойма болған. Департаменттегі қарулы қақтығыс кешкі 8-де басталып, таңғы 5-ке дейін созылды, - деп хабарлайды 31-арнаның "Информбюро" ақпараттық бағдарламасы.
Полицейлердің сөзінше, ішкі істер департаментіне 27 рет шабуыл жасалған. Бұзақылар шабуыл кезінде бірнеше топ болып, арнайы жоспар бойынша жұмыс істеді. Алдымен олар айналадағы бейнебақылау камераларын сындырған. Сондай-ақ, тәртіп сақшылары шабуылдаушылардың департаменттің 4 жағынан кірмекші болғанын және қарудың нақты қай жерде тұрғанын білгенін айтады.
"Автомат, граната сияқты оқ-қаруларды пайдалана отырып, полиция департаментінің ішіне кірмекші болған. Абырой болғанда ол жоспарлағаны іске асқан жоқ. Бұл өте жақсы дайындалған адамдар", – деді Алматы қаласы полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек.
Жаппай тәртіпсіздік кезінде 185 полиция қызметкері жарақат алған. Оның ішінде екеуінің жағдайы ауыр.