Дүрбелең кезінде елді елең еткізген оқиғаның бірі – Алматы қалалық әкімдіктің отқа орануы. Салдарынан ғимарат жарамсыз болып қалды. Шығын көлемі де анықталмаған болатын. Бірақ қала әкімінің орынбасары Ілияс Өсеровтің айтуынша, аталған ғимаратқа келген шығын көлемі – 20 миллиард теңге. Яғни, қайта қалпына келтіру үшін осыншама қаражат керек.
– Мәселен, әкімдіктен бөлек қалалық прокуратураға 2 млрд теңге, Полиция департаменті мен соған қарасты бірнеше басқармаға 205 миллион теңге көлемінде шығын келсе, оған қоса қала шетіндегі экологиялық бірнеше постқа 163 млн және медициналық нысандарға 2 млн теңгенің залалы келгені анықталған. Аталған нысандарға келген залалдың жалпы құны 22,6 млрд теңге, – дейді Ілияс Өсеров.
Қала әкімінің орынбасары соңғы есептеулер бойынша Алматы экономикасы 112,6 млрд теңгеге зардап шеккенін, оның 67 миллиарды бизнес субьектілеріне тиесілі екенін атады. Атап айтқанда, шағын және орта бизнес нысандары 42 млрд теңге шығынға батса, ірі кәсіпорындардың шығыны 25 млрд теңгеге шыққанын атап өтті.