Форт-Шевченко қаласың әкімі көлікті мас күйінде жүргізгені үшін 15 тәулікке қамауға алынды. Бұл туралы Маңғыстау облысы Түпқараған аудандық сотының баспасөз қызметі хабарлады, – деп жазады Lada.kz.
Форт-Шевченко әкімі Шалқыбай Әзірбаев ҚР ӘҚтК 608-бабы 1-бөлігі бойынша жауапқа тартылды.
Белгілі болғандай, шенеунік Toyota Camry көлігін мас күйінде жүргізген. Оны Ақтау – Форт-Шевченко автожолынан 3 шақырым жерде тоқтатқан. Сараптама оның жеңіл дәрежеде мас болғанын растады.
Түпқараған аудандық сотының баспасөз қызметі бұл құқықбұзушылық бойынша 15 тәулікке қамау және көлік жүргізу құқығынан 7 жылға айыру жазасы қарастырылғанын хабарлады.
"Сот отырысында Әзірбаев ішімдік ішкенін мойындаған жоқ, ауруына байланысты тамағын спиртпен сүрткенін айтты", – деп хабарлады соттан.
Мемлекеттік айыптау тарабы мемлекеттік қызметшіні айыпты деп тануды сұрады. Форт-Шевченко әкімі Шалқыбай Әзірбаев 15 тәулікке қамауға алынып, 7 жылға көлік жүргізу құқығынан айырылды.
Сот үкімі күшіне енген жоқ.