Алған несиесін өтей алмай, қарызға белшесінен батқандар бүгінде көп кездеседі. Мұның барлығы қаржылық сауатсыздықтан туындайтыны белгілі. Жуырда «Nur Otan» партиясының Ақмола облыстық филиалының қоғамдық қабылдауына келген зейнеткер 6 бірдей несие алып, оны төлей алмай отырғанын айтып, көмек сұрады.
Ақмола облысы Әділет департаментінің жетекшісі Болат Мұқанов зейнеткермен кездесу барысында оған заң тұрғысынан кеңес беріп, қолдау танытты. Ал зейнеткер несиені өтеуге зейнетақысы түгел кететінін алға тартып, ай сайынғы төлемді азайту бойынша қолдау сұрады. Болат Өміржанұлы осы бағытта зейнеткерге көмек көрсететінін жеткізді. Себебі зейнеткерді түгел зейнетақысынан айыру заңға қайшы.
Атқарған қызметі үшін ақысын ала алмай жүргендер де партиядан қолдау сұрады. Мәселен, көкшетаулық азамат қоғамдық қабылдауға жазылып, арнайы шарт жасасқан азаматтың қайтыс болғанын, сондықтан ауызекі тілде ақысын береміз дегенге сеніп, алданғанын алға тартты. Әрине, өтініш берушіге заң жүзінде ақысын алып беру қиынға соғатыны анық. Десек те, аңғалдық танытқан азаматқа барынша қолдау көрсетілетіні айтылды.