Бұдан жарты ғасыр бұрын Бидайық асар қалашығының орнын қазғанда шыққан «Қоссаз» домбырасы екі жыл бұрын Ресей музейінен табылған еді. Біздің заманымыздағы төртінші ғасырға тиесілі «Баба домбыра» енді әлем ғалымдарының да назарын аудара бастады.
Қос мойынды немесе «Қоссаз» деп аталатын домбыра әлемдегі ең көне музыкалық аспаптардың бірі саналады. Түпнұсқасы Ресейдің шығыс мүзейінің қорында сақтаулы тұр. Ал Қызылорда облыстық музейіне оның көшірмесі қойылған. Ғалымдардың айтуынша, өткен ғасырдың 70-жылдары Хорезм экспедициясының олжасына айналған құнды жәдігер біздің заманымыздағы IV ғасырмен мерзімделеді.
– Елімізге белгілі археолог Әзілхан Тәжекеев Ресейдің шығыс музейінде болып, арнайы зерттеу жүргізіп, домбыраның көшірмесін қолдан өзі жинаған болатын. Сөйтіп, үлкен жаңалық етіп шығарды. Бұл «Баба домбыра» деген атқа ие үлкен құнды дүние, – дейді Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейінің бөлім меңгерушісі Әйгерім Бекқұлиева.
Кезінде Моңғолиядан табылған шекті аспап біздің заманымыздағы VII ғасырға жатқызылып, «Ата домбыра» аталып кетсе, Сыр еліндегі қос мойынды аспаптың тарихы одан 3 ғасырдай ерте екенін ескерген археологтер «Баба домбыра» деуге толық негіз бар екенін айтады. Бұл туралы Әзілхан Тәжекеевтің ғылыми жарияланымына норвегиялық ғалымдар да қызығып, өз зерттеулеріне қосқан екен.
– Израильдің, Англияның газеттері бұл жайлы жан-жақты жазды. Ол мақалалардан байқайтынымыз, Сантон-Ху обасындағы лираның атасы табылды. Соның түпкі нұсқалары шығып жатыр. Қазақстан территориясынан 4 мың шақырым қашықтықта деген сияқты таңғалыспен қазір БАҚ жазып жатыр. Бұл бір жағынан біздің жерімізде табылған осы жәдігердің Еуропамен байланыс болғанын дәлелдей түсетін тағы бір деректердің бірі деп айтуға болады, – дейді тарих ғылымдарының кандидаты, PHD доктор Әзілхан Тәжекеев.
Көне «Қоссаз» домбыра Англиядағы Саттон-Ху обалы қорымынан табылған лира аспабынан да бірнеше жүз жылға көне екені нақтыланған. Мұндай құнды жәдігерлеріміздің қатары алдағы уақытта көбеюі мүмкін. Өйткені Ресейдің ғылыми орталықтары мен мұражайларында кеңінен зерттеуді қажет ететін 700-ге жуық ағаш бұйым бөлшектері бар екен. Енді осы зерттеулерді жалғастырып, басқа да музыкалық аспаптарды құрастырып шығару ойда бар. Қазақ мәдениетінің көне ошақтарының бірі Сыр еліндегі жыраулық дәстүрдің тарихы да өте терең болғанын айтулы «Баба домбыра» дәлелдей түседі.