Сонымен, бүлік кезінде көз жұмғандар жайлы ресми дерек шықты. Мәйітханаларға барлығы 225 адам әкелінген екен. Одан бөлек, 4 353 адам жарақат алған. Олардың 19 полиция қызметкері қаза болған, 3 393-і жарақат алған. Ал қалғандарының арасында содыр, бейбіт азаматтар қанша екені белгісіз. Қандай баптармен іс қозғалып жатыр? Асыра сілтеу болып жатқан жоқ па? Оны билік бүгінге дейін ашып, анықтап айтпай отыр.
Қосақ арасында кеткендер көп емес пе?
Қоғамды да алаңдатып отырғаны осы сұрақтар. Ендеше ақ-қарасын ажырататын дүниелер өте көп. Бұл қыруар шаруаны, табанды тергеуді, прокурорлық зерттеуді, одан қалды объективті сот бағасын талап етеді. Әрине, аласапыранға толы төрт күнде оқиғаның қалай өрбігені туралы көптеген мәлімет базалары, ақпарат көздері, техникалық жазбалар жеткілікті. Азаматтардың өздері түсіргені бар, көшедегі бақылау камераларына жазылғаны бар – мұның барлығы қаңтар оқиғасының хронологиясын түзуге айтарлықтай мүмкіндік бермек. Әрине, оқиғаның өрбу барысы ырықтан шыққан сәттерде адам құқы бұзылып, халықты тәртіпке шақыру үшін немесе тарату үшін құқық қорғаушылар тарапынан адам өлтірмейтін арнайы құралдар мен техникалар пайдаланылғанын жоққа шығаруға болмайды. Бірақ жағдай ушыққан сәтте жаппай тәртіпсіздіктердің соңы содырларға қарсы қақтығысқа ұласты. Адам шығыны бұған дейінгіден көбейе түсті. Бұл бүгінгі келтіріп отырған 225 адамның, соның ішінде 19 тәртіп сақшысының қазасына алып келді. Ендеше мұны жасаған кімдер? Содырлар ма, шерушілер ме, полиция ма? Оны анықтау — бүгін-ертең аяқтала қоятын оңай шаруа емес. Сондықтан да тергеу барысында да адам құқықтарының сақталуын прокурорлар қадағалауы қажет. Әзірге аңғарып отырғанымыз, бұл іске Президенттің өзі тікелей араласуға мәжбүр болып отыр.
Жағдайды ушықтырмауға, жазықсыз жандарды нақақ күйдірмеуге тапсырма берілген соң полиция қызметкерлерінің заңға қайшы әрекеттеріне шағым түсіру үшін тәулік бойы жұмыс істейтін ІІМ Өзіндік қауіпсіздік департаментінің телефондары, Министрдің блогы, «Ашық-алаң» фрон-кеңселері, өңірлік қауіпсіздік қызметтері халыққа жария етілді. Оның тәртіп сақшыларының репрессивті арынына қаншалықты тоқтау салғаны белгісіз. Бірақ желідегі желдей ескен жаманатты хабардан көз сүрінеді, көңіл түңіледі.
«Мені кеше сағат күндізгі 12.00-ден кешкі 18.00-ге дейін қалалық Полиция басқармасының ауласында орналасқан «Динамо» спортзалында бірнеше рет ұрып-соқты. СОБР-дан бастап жай өтіп бара жатқан полиция қызметкерлеріне дейін барлығы да ұрды. Ал ұсталғандарды бір-бірден алып кірген спортзалдың шомылатын бөлмесінде тіпті асқан қатыгездікпен қатты соққыға жықты», – дейді шеруге қатысқан атыраулық Сергей Шутов.
Сергейдің одан кейінгі әңгімесін тыңдасаң, төбе шашың тік тұрады. 11 қаңтар күні үйінен алып кеткеннен оны тек 13-і күні кешке бір-ақ шығарған екен. Соққы тимеген жері қалмаған. «Динамодағы» «тозақтан» жоқ дегенде 400 адам өтті», – дейді ол. Соңында сот оны 2 күнге қамауға үкім шығарған екен. Сондағысы ешқандай тәртіпсіздікке қатыспаған, тек 4 қаңтар күні сағат түскі 15.00-ден 17.00-ге дейін Исатай-Махамбет атындағы орталық алаңда тұрып, Әнұран айтқанда қосылып, одан соң үйіне қайтып кеткен. Құдай сақтап, бұл оның аман қалғаны екен. Болмаса әлі күнге хабар-ошар жоқ жоғалып кеткендер, ауруханадан операциядан шыққан бойдан тергеуге әкетіліп жатқандары қаншама? Ал тергеудің қандай сипатта өтетіні ендігісі белгілі болып отыр. Оны ауруханадан енді шыққан адам көтере ала ма, алмай ма, белгісіз! Тіпті, Алматының мәйітханасынан қолындағы кісені шешілмеген күйінде табылған археолог Ерлан Жағыпаровтың өлімі жұртшылықты бір дүр сілкіндірген оқиға болды.
«Мен барлығын кеш білдім. Оның 6 қаңтар күні кешкі сағат 19.00-дердің кезінде орталық алаңның маңынан жоғалып кеткенін, кейін мәйітханадан жүрегінен оқ тиген өлі күйінде табылғанын естідім. Оның кім екенін анықтаған кезде ол қолындағы кісені де шешілмеген күйінде мәйітхананың дәлізінде еденде жатыр екен. Үстінде азаптаған соққылардың іздері бар. Атқан адам кеудесіне тақап тұрып атқан. Бұл қалай болғаны? 1937 жылғы репрессия қайта басталғаны ма? Неге жазықсыз адамды азаптап қана емес, атып өлтіреді? Кінәлілер жазасын алуы тиіс!», – дейді оның бауыры Нұрлан Жағыпаров.
Мұндай жаныңды түршіктіретін деректерді әлеуметтік желіде көптеп кездестіруге болады. Оның өзінде де, бұл – жария болып жатқандары. Ал айтылмай жатқандары қанша екенін құдай біледі. Ендеше полиция қызметкерлері тарапынан мұндай өшпенділік кімге не берері белгісіз? Халықты да ашындыра бергеннен ештеңе ұтпайтынымыз анық! Жалпы, онсыз да ушығып тұрған саяси-қоғамдық ахуалды асқындыра берудің соңы тәуелсіздігімізге де қауіп әкелетінін ескергеніміз абзал.
Объективті тергеу қажет
Негізі, Президенттің Бас прокуратураға ұсталғандардың кінәсінің қаншалықты екенін анықтап, ауыртпалығы жоқ болған жағдайда жазасын жұмсарту туралы тапсырма бергеніне, ІІМ-мен жиын өткізгеніне қарап, күштік құрылымдар тарапынан жасалып жатқан шектен шығушылықтан жақсы хабардар екенін аңғаруға болады. Содырлардың бетін қайтара алған күштік құрылымдар бейбіт тұрғындарға да сол қарқынмен қырғидай тиіп жатқан сияқты.
Сондықтан Алматыда болған оқиғаны тергеуді Ішкі істер министрлігінің құзыретінен алып, ведомствоаралық топқа тапсырған жөн. Ол топқа тергеу объективті жүруі үшін қоғам өкілдерін де қосу қажет. Бұл тұста ішкі істер органдары қызметкерлерінің қатты кетіп жатқанының бір себебі – мұндағы әр бір қатысушының кінәсін қысқа уақытта әрі дәл анықтау мақсатында жүзеге асырылып жатқан болуы мүмкін. Өйткені қаза тапқан 225 адамның полиция қызметкерлерін қоспағанда бәрінің бірдей ажалы күштік құрылымдардың оғынан болуы мүмкін бе? Терроршылардың да оғынан өлгендері бар. Тіпті, сол күні қаланы тонауға шыққан мародерлердің де жолында кездескенді аямағаны ақиқат болар? Ендеше өзгенің мүлкін тонап, елімізге 112 млрд теңге залал келтірген тәртіпсіздік ақтауға болмайтын бассыздық. Сол себепті қаңтар қасіреті қанша ауыр болса да, әділ төрелігі үшін әрбір қатысушы тиісті жазасын алуы қажет. Өйткені жаппай тәртіпсіздіктер болған уақыт Президенттің комменданттық сағат жариялаған күні болатын. Оны халық та, әскерилер де сақтаған жоқ. Бұл мәселенің ушығуына әкелді. Ал мұндағы бүлдіріп-қирату да, ұрлық та, мародерлік те, өртеу де, ұрып-соғу да, ең ақыры адам өлтіру де – заңға қайшы қылмыс!
Расында да, оқиға өткен төрт күннің ішінде не болғаны, қалай болғаны, кімдердің содыр екені, кімдердің бейбіт тұрғын екені әлі толықтай ашылып айтылған жоқ. Билік тек там-тұмдап, қоғамның тамырын басып, көңілін орнына түсіру үшін ғана ақпарат беріп жатыр. Қалай болғанда да, сол күндері интернетті үзіп, күллі Қазақстанды ақпараттық блокадада ұстағаны секілді мемлекеттің ақпараттық вакуум жағдайын сақтап қалуы қоғамның көңілін көншітіп отырған жоқ.
Терроризммен қарсы күрес, бейбіт шеруді басып-жаншу құралына айналып кетпеуі керек. Өкініштісі, алматылықтардың теріс пиғылды содырлардың ойыншығына айналып кеткені. Олар қалың нөпірді пайдаланып, ел арасына ылаң салып, хаос тудырып, билікті төңкеріп тастағысы келді. Оны өткен оқиғалардың там-тұм естеліктерінен аңғаруға болады. Сондықтан да қаза тапқандардың қалғаны сол содырлар екенін де жоққа шығаруға болмас.
«Лаңкестер мен содырлар іште дайындалды ма, әлде сырттан келді ме, оларды жұмсаушылар мен нақты ұйымдастырушылар кімдер деген сұрақтарға жауап әділет пен ақиқат үшін маңызды. Бірақ мәселенің түбіріне үңілетін болсақ, наразылыққа себеп болған, бай мен кедейдің арасын алшақтатып, әлеуметтік шиеленісті ушықтырған, елді жегідей жеп, халықтың ашынуына алып келген жемқорлық, байлық пен биліктің аз топтың қолында шоғырлануы екені айдан анық. Сондықтан Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жариялаған экономикалық реформаларда экономика мен қаржы ағымдарының жариялылығына, жемқорлықты ауыздықтау мәселелеріне арнайы басымдық берілуі керек. Өз кезегінде бұл бағытта нәтижелі күрес жүріп, халық үніне құлақ асатын мемлекет қалыптасуы үшін саяси реформалар қажет», – дейді қоғам қайраткері Алихан Байменов.
Сонымен, соңғы ақпараттарға сүйенсек, терроризмге қарсы операция басталғалы Алматы қаласында ішкі істер органдарына жалпы саны 2 601 адам жеткізілген. Олардың 240-тан астамы қарақшылар және жаппай тәртіпсіздікке қатысқандар. Олар қамауға алынды. 84 адам коменданттық сағатты бұзғаны үшін әкімшілік жауапқа тартылған.
«7 қару-жарақ дүкеніне шабуыл жасалғаны белгілі, онда 1347 қару ұрланған. Осыған байланысты арнайы тергеу тобын құрып, қабылданған шаралардың арқасында 127 қару мен 4 077 оқ-дәрі тәркіленді. Оның 58-і аңшылық дүкеннен ұрланғаны анықталды. Сондай-ақ 4 000-ға жуық оқ-дәрі тәркіленді. 265 адам ауруханаларда жатыр. Оның 67-сі ауыр халде. 225 науқастың 175-і медициналық ұйымдарда қайтыс болды», – деді қалалық ПД бастығы Қанат Таймерденов Алматы қалалық жедел штаб отырысында. Комендатура бастығының мәліметінше, өткен тәулікте «102» пультына 329 хабарлама келіп түскен.