Бекетаев та кетті...
Бекетаев та кетті...
392
оқылды
Саясаттануда «бір тақырыптың сая­сат­кері» деген ұғым бар. Бұл ұғым Әділет экс-министрі Марат Бекетаевтың қызметін сипаттаса керек. Ол Статимен шай­қасқан ми­­нистр ретінде ел есінде қалды. «Со­­ны жең­се, миссиясын аяқтап, қыз­ме­тінен ке­тер» десті саясаттану­шы­лар. Дәп со­лай бол­ды. Өткен жыл соңында Бекетаев ко­ман­дасы Стати­ді жеңгенін жария­ла­ды. Әри­­не, оның білгір министр екенін, оны жаңа Үкіметтен көргісі келетінін айтып, қор­ғаштаған сарапшылар табылды. Сонда Марат Бақытжанұлы нендей же­тіс­тікке жет­ті, неге жете алмады?

Үкіметтегі ең жасы әрі «ең көп жасағаны»

Кезінде М.Бекетаевқа журналистер «ең жас» деген айқындауышты жиі қоса­тын. 2007 жылы ол Үкіметтегі ең жас вице-министрге айналды: 29 жасында аса жауап­ты қызметке тұрып, Әділет ми­нистрі­нің орынбасарына айналды. Ол кезде бұл ведомствоның құзыры күшті еді, тіпті соттардың үстінен қарайтын. Кейін биліктің сот тармағы Үкіметтен тәуелсіз құ­рылымға айналды. Бірақ қазақстан­дық­тар ескі ғадетпен судьялар үстінен бәрібір осы органға шағымданып жүрді. Мысалы, 2016 жылы Әділет министрлігінің екі шыл­быр, бір тізгінін Бекетаев қолға алғанда бір топ оппозиция өкілі сот жүйесін ре­фор­малауға, судьяларды жауапқа тартуға қатысты ашықхатты адасып, соған жол­дапты. Forbes 2013 жылы 36 жасар Әділет вице-министрі Марат Бекетаевты «жа­һандық FTSE100 құрамындағы ең жас директор» деп атады: ол Әділет министрі­нің орынбасары ретінде ENRC компа­ниялар тобының директорлар кеңесіндегі Үкімет өкілі еді. The Times дерегінше, FTSE100 жаһандық рейтингіне кіретін әлемдегі алпауыт компаниялардың (кө­гілдір фишкалар) директорлар кеңесінде сол кезде мұндай жас мүше болмапты. Орташа жас әлем бойынша 57 жасты құраған. 2016 жылғы 13 қыркүйекте сол кездегі Президент Н.Назарбаев «М.Бекетаев Әділет министрі болып тағайындалсын, ол Президент Әкімшілігі Басшысының орынбасары қызметінен босатылсын» деген Жарлық шығарды. Осылайша, 39 жасар Марат Бақытжанұлы Бақытжан Сағынтаев Үкіметіндегі ең жас министр­лердің біріне айналды. Содан бері ол Министрлер кабинетінің үш отставкасын бастан өткеріпті. Ал Мамин Үкіметінде Марат Бекетаев «ең көп қызмет еткен» ми­нистрге айналды: себебі Сағынтаев ко­мандасындағы министрлердің көбі 2019 жылғы 25 ақпанда жасақталған жаңа Үкіметке кірмей қалды, кіргендері кейін отставкаға кетті. Тек темірқазық секілді Бекетаев қана тапжылмай отырды. Содан кейбір сарапшы оны тіпті «Қазақстанның басқарушылық элитасының өкілі» санай бастаған. Оның 2022 жылғы жаңа Үкіметке кіретініне сенімділер де болды. Дегенмен әділет органындағы Бекетаев дәуірі аяқталды. Ол құзырлы ведомствоны 2016 жылғы 13 қыркүйектен 2022 жылғы 11 қаңтарға дейін, 1 947 күн басқарыпты. Әрине, егер мерекелер мен демалыс күн­дерін алып тастаса, 1 308 жұмыс күні шы­ғады. Аз емес. Осы уақытта іргелі өзгеріс­тер, ірі реформалар жүргізуге болатын еді.

Әділеттің арғы жағы, бергі жағы...

Бекетаев «заманында» Әділет министр­лігі жүзеге асырған жаңғыруларды жаман-жақсы, жетістік-кемістік деп аражігін белгілеп, нақты ажырату қиын. Себебі те­ріс жақтары да, оң тұстары да қатар, қа­быса жүреді. Мысалы, ведомство Прези­дент Қ.Тоқаевтың Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінде жария еткен саяси ре­фор­маларын ілгерілетті: үш топтамасы үшін заң жобаларын әзірледі. Нәтижесінде, сайлау, саяси партиялар туралы ұлттық заңнама тұғырлы түрде өзгерді. Атап айтқанда, 2020 жылы «Саяси партиялар туралы» заңға түзетулер жаңа партия құру үшін тіркеу талабын 40 мыңнан 20 мың адамға дейін екі есе төмендетті. Сайлау арқылы партиялардың Мәжіліске өту шегі 7%-дан 5%-ға дейін кемітілді. Елде көп­партиялылық процесін одан ары дамыту, сондай-ақ мемлекеттік шешімдерді әзір­леу мен қабылдау процесіне жаңа партия­ларды, өзге саяси күштерді тарту үшін тың мүмкіндіктер, жаңа өрістер ашылды. Бұл – сөзсіз, позитив. Елдегі соны демократиялық бетбұрыс­тарға шабыттанса керек, бастамашыл топтар екі жылдай бұрын бірден 9 пар­тияны тіркеуге өтініш берген. Әділет ми­нистрлігі сан алуан сылтау айтып, әртүрлі жөнсіздік тауып, бұл істі сиырқұйым­шақтандырып жіберді. Бүгінде елімізде бірде-бір жаңа партия тіркелмеген. Оп­позициялық күштер заңды өрісте жұмыс істей алмай, көлеңкеге кетті, қоғам ішінде Үкімет пен әкімдердің әрекетсіздігіне деген ашу-ыза жабулы қазандай бұрқ-сарқ қайнады, наразы адамдар ақыры кө­шелерге лап қойды. Бұл – сөзсіз, негатив. Бекетаев тұсында Жылжымайтын мүліктің мемлекеттік кадастрын құру жұ­мысы серпін алды. Азаматтар 1 ғана өтініш­пен жер теліміне құқығын тіркеуге мүмкіндік алды. Қызмет көрсету мерзім­дері қысқатылды, қазақстандықтардың осы іске жұмсайтын шығыны кеміді. Бекетаев Сонымен бірге бұл саланың да былық­қа батқаны әшкереленіп жатыр. Тер­роризм­мен күрес аясында 2017 жылғы 7 қаңтарда «Халықтың көші-қоны туралы», «Тұрғын үй қатынастары туралы» заңдарына енгізілген өзгертулер күшіне енді: олар пәтер иелерін өзіне ұзаққа кел­ген қонақтарды немесе үйді жалға алған пәтершілерін тіркеуге міндеттеді. Елде тұрақты және уақытша тіркеу енгізілді. Содан бері бесжылдық артта қалды. Проблема шешілер емес. Себебі елімізде, әсіресе ауыл-аймақта көптеген тұрғын үй тіркеуге қойылмаған. Тіпті, тіркелген­дердің өзінің «мекенжай тіркелім коды» (РКА-код) дұрыс емесі анықталды: содан қазақстандықтар келген қонағын немесе жалдаған пәтершісін тіркей алмай, сан­далып жүр. ХҚКО-лар мұның Әділет ор­гандарының кінәсі екенін нұсқайды. Ал жергілікті Әділет департаменттері жүйедегі ақауларға сілтеме жасап, қылар қайраны жоғын ашық айтады.

ЖСО-лар бассыз кеткен дәуір

Бекетаев дәуірінде сот актілерін орын­дату процесі түбегейлі өзгерді. Бұрындары мемлекеттік приставтардың жетіспеуі кесірінен, әсіресе экономикалық бағыт­тағы сот үкімдерінің басым көпшілігі орын­далмайтын. Приставтар орнына жеке сот орындаушылары институты енгізілді. Бұлар соттың әр үкіміне кәдімгідей тала­сатын болды. 2019 жылы «Атқару өн­дірісінің автоматтандырылған ақпараттық жүйе­сі» іске қосылып, ол барлық банктің деректер базасымен интеграцияланды. Нәтижесінде, ЖСО-лар берешек азамат­тардың қаржылық институттардағы қара­жатына, есепшоттарына онлайн түрде, үйінде отырып-ақ бұғат қоя алатын болды. Сот актілерін орындау тиімділігі еселеп артты. Бұл – оң жағы. Сонымен бірге ЖСО-лар халықты қан қақсататын болды. Соттың бір шешімі бойынша бірнеше ЖСО айыпталушының банктік шоттары мен карталарына бұғат салатынды шығарды. Содан заңды немесе жеке тұлға біреуі бойынша есептескенімен, басқалары өз қызметіне негізсіз ақы талап етіп, бұғаттан босатпаған дерегі бар. Бұдан бұқара мен бизнес әбден ығыр болды, кей­бірі «ызалы жүрек, долы қол» жағдайына жетті. ЖСО-лар делдалдармен ымырала­сып, борышкерлерден тартып алған жылжымайтын мүлікті, құнды дүниелерді жарты бағасынан арзанға сатып, жаңа баю көзін тапты. Бұл 2021 жылғы 20 қыркүйекте Алматыдағы қанды қырғынға әкеліп соқтырды: жан-жағына қарыз болған Игорь Дужнов үйін мәжбүрлеп алуға келген 5 адамды атып тастаған еді. Айтпақшы, Бекетаев тұсында ендіріл­ген жаңа тетікке сәйкес, енді ЖСО ғана емес, нотариустер де «Е-нотариат» ақ­парат­тық жүйесі арқылы атқару құжаты бойынша электронды форматта бұғаттап тастай алады. Әділет министрлігінің мақтанышына айналған тағы бір жүйе – халыққа тегін заңгерлік көмекке қатысты. Мемлекет кепілдендірген заңгерлік көмек көрсету сапасын арттыру үшін 2020 жылғы нау­рыздан республика көлемінде «Е-заң кө­мегі» ақпараттық жүйесі енгізілді. Ад­вокат­тарды қайырымдылық көмек көр­сетіп, ара-тұра ақшасы жоқ адамдарды да тегін қорғауға міндеттейтін батыстық Pro bono жүйесі өмірге жолдама алды. Алайда бұл тетік толыққанды жұмыс істемейді, адвокаттардың міндетті тегін көмек көрсетуін тиісті бақылау жоққа тән. Ал кепілдендірілген мемлекеттік заңгерлік көмек аясында тағайындалған 1 мыңдай тегін адвокаттың жетіспейтіні байқалады. Әсіресе, биылғы қасіретті қаңтардан кейін құқық қорғау және арнаулы органдар тәртіпсіздік пен радикалды топтардың шабуылдарына қатысқандарды мыңдап ұстай бастағанда тегін түгіл ақылы адво­кат­тар тапшылығының туындағаны айтылды.

Министрлік елдің қанша қаржысын қорғады?

2021 жылғы 17 қарашада Әділет ми­нистр­лігі Қазақстан Статимен ұзақ жылғы шайқасында басты әрі маңызды жеңіске жеткенін жариялады. Бельгияның апел­ляциялық соты $530 млн сомасында ар­битраждық шешімді мойындаудан бас тартты және оны орындау талабын жойды. Бельгия соты Статилердің арбитраждық трибуналды және оның шешімін қараған Швеция соттарын алдады деген байламға келді. Жасы биыл 70-ке келген молдовалық бизнесмен Анатол және оның ұлы Габриель Статилер Қазақстаннан мил­лион­­дарды өндірте алмайды. Жалпы алғанда, 2003-2020 жылдар аралығында Әділет министрлігі шетелдік арбитраждарда мемлекетіміздің мүддесін 23,6 миллиард доллар көлемінде қорғап қалыпты. Одан бертінде Стати сыртында, Gold Pool, World Wide Minerals, Alhambra бойынша мемлекет мүддесі 1,44 миллиард долларға қорғалған. Алайда бүкіл әлем бойынша соттасуға, талап-арыздар енгізіп, қорғануға, ше­телдік қымбат консультанттарды, ха­лықаралық лицензиясы бар адвокаттарды, басқа да ақыл-кеңес беруші сала ма­мандарын жалдауға қанша миллиард доллар шы­ғындалғанын – жалпы есебін министрлік сол бойы жарияламады. Мысалы, қазақ­стандық экономистер Статилермен ше­телде соттасуға өте көп ақша жұмсалғанын есептей келе Әділет министрлігін ары қарай шайқасудан бас тартуға шақырыпты. Бірақ Қазақстанның абыройын әбден бүлдірген Статилерді жеңу Марат Бекетаев үшін принципті іс болды. Ол өткен жыл соңындағы Бельгия сотының тарихи шешімін төл жеңісіндей қабылдады. «Біз Статилерге және олардың сыбай­ластарына қарсы ұзақ жылғы күрестегі осы маңызды шешімді қуана қарсы алдық. Тек Статилер үшін ғана емес, сондай-ақ олар­дың кәсіби кеңесшілері үшін де аталған шешімнің салмақты салдары болады! Статиге көмектесетіндер мен дем бере­тіндердің, соның ішінде Дэниел Чапмен мен оның америкалық Argentem Creek компаниялар тобының шегінерге жолы қалмады», – деп ұрандатты сол кездегі министр Марат Бекетаев. Енді Статиден және басқа да Қазақ­станмен соттасушылардан шығынды өндіртіп алумен Әділет министрі Қанат Мусин айналысуы тиіс. Жаңа министрге сондай-ақ бассыз кеткен ЖСО-ларды тәртіпке келтіру, олар­дың жауапкершілігін арттыру, бақылауды күшейту; жаңа партияларды тіркеуге жәр­демдесіп, саяси наразылықтың көшеден құқықтық өріске көшуіне ықпал ету; өмір­лік қиын жағдайға және ауыр қаржы­лық дағдарысқа киліккен азаматтарға, соның ішінде «қасіретті қаңтар» оқиғаларына қатысы бар қазақстандықтарға және ше­телдіктерге тегін кешенді әлеуметтік заң­герлік көмек көрсету сияқты жылдар бойы қордаланған мәселелерді шешуге тура келмек. Жалпы, атауында «әділет» деген асыл ұғым, басты құндылық бар министр­лік бір тақырыппен шектелмей, өзіне жүктелген барлық салаға кешенді қарағаны жөн.