Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғинияттың айтуынша, Қазақстанда «омикрон» штамы қарқынды таралуда және бүгінде Түркістан облысын қоспағанда, бүкіл ел «қызыл аймақта». Соңғы айда коронавируспен ауыру 19,6 есе өсті.
ДСМ басшысы «омикрон» коронавирусымен ауыру жеңіл және асимптоматикалық түрде жүретінін және шамамен 2 күндік қысқа инкубациялық кезеңге ие екенін хабарлады.
«Аурудың алғашқы белгілері – қызу, әлсіздік, бас ауруы, жөтел, буындардың ауыруы. Ауруханаға жатқызылғандардың үлесі – анықталған жағдайдың 19,5%-ын құрайды, стационарға аурудың орташа және ауыр дәрежесі бар пациенттер түседі. Оларда температураның 3 күннен астам жоғарылауы, интоксикацияның айқын белгілері, ентігу байқалады, сондай-ақ қауіп тобына жататын науқастар бар. Бұл ретте ауыр және өте ауыр науқастардың үлесі ауруханаға жатқызылғандардың 5%-ын құрайды, олар реанимация бөлімшесінде жатыр», – деді министр.
Елде 3 054 мобильді бригада, резервте 1 622 бригада жұмыс істейді. КВИ науқастарды амбулаториялық емдеуге учаскелік медицина қызметкерлері тартылған. Шұғыл медициналық көмекті 1 486 жедел медициналық жәрдем бригадасы көрсетеді, резервте – 150. КВИ медициналық көмек көрсетуге барлығы 40 мыңға жуық медицина қызметкері жұмылуда: оның ішінде 7 239 – дәрігер. 4 556 медқызметкерден тұратын резерв бар, оның ішінде 1 217-сі – дәрігер.
Ажар Ғиният қазақстандықтарды тезірек вакцина алуға шақырды. Сондай-ақ «омикрон» және «тұмаудың» ұқсастығын ескере отырып, азаматтарды дер кезінде медициналық көмекке жүгінуге үндеді:
«ЖРВИ белгілері пайда болған кезде үйде болуды, дәрігердің үйіне немесе мобильді бригадаға қоңырау шалуды сұраймын. «Омикрон» нұсқасы өте жұқпалы, тез таралатынын, бірақ уақытылы емделсе, емхана деңгейінде оңай емделетінін естеріңізге саламын. Әрине, екпенің алғашқы курсын алу керек, ал 6 ай бұрын вакцина алғандар қайта екпе алуы қажет»,– деп түйді Денсаулық сақтау министрі.