АУЫР КӨЛІКТІҢ ЗИЯНЫ КӨП
Рустам Сейталин ауыр салмақты көліктерді пайдалануға жүргізілген талдауға сәйкес, олардың басым бөлігі жол құрылысы жұмыстарына жұмылдырылғаны анықталғанын атап өтті. Сөйтіп, жолдың бір учаскесін жөндеу үшін құрылыс материалдарын тасымалдаған көліктер басқа жолдарға зиян келтіруде. Сондықтан көлік инспекторы жол жөндейтін мердігермен келісім жасалған кезде о баста осы мәселеге назар аударылуы тиіс деп санайды. Көліктерге, әсіресе карьерлерде шамадан тыс жүк тиеледі. Мұндайды болдырмау үшін көліктік бақылау инспекциясы жер қойнауын пайдаланушыларға көлік заңнамасы және Экологиялық кодекс талаптарын сақтау керектігі, әйтпеген күнде әкімшілік жауапкершілікке тартылатыны туралы үнемі ескерту хат жолдайды. Облыс аумағында құм, балшық, қиыршық тас және басқа да инертті материалдар өндіретін 8 карьер бар болса, былтыр оларға қатысты рұқсат етілген параметрлерді асырғаны үшін 90 әкімшілік материал жиналыпты. Сондай-ақ әкімшілік құқықбұзушылық жасауға ықпал ететін себептер мен жағдайларды жою туралы 8 ұсыныс пен ондайға жол бермеу бойынша 25 ұсыным берілген. Рустам Сейталиннің пікірінше, ауыр салмақты жүк көліктерінің жолға жүктемесін азайту үшін инертті материалдар теміржол арқылы жеткізілуі тиіс. 2019-2020 жылдары жол құрылысымен айналысатын кейбір компаниялар осындай тәжірибені енгізген екен. Алайда Рустам Мақсатұлы инспекция қызметкерінің ескертуін құлағына қыстырмайтындар бар екенін де жасырған жоқ. Сол үшін инспекторлар өзге де бақылаушы және құқық қорғау органдарымен бірлесіп жұмыс істеуге мүдделі. Сонымен қатар ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер де жолдарды езіп-жаншудан кенде емес. 2-3 тіркеме тіркеп, салмақты шамадан тыс асыратындар бар. Осыған орай облыс әкімі Құмар Ақсақалов барлық ел бойынша 25 сантиметрлік бетон жол салу мүмкін емес екенін айтып, айыппұл көлемін ұлғайту керек деген ойын білдірді. Өңір басшысы бірде өзі тоқтатқан көлікті өлшеген кезде салмағы 11 тонна екені белгілі болған. Рұқсат етілгені – 8 тонна. «Осы көлік күнде-күнде бір жолмен жүре берсе, жолдың қандай күйге түсетіні белгілі. 2025 жылға дейін сапалы жолдардың көрсеткішін 98 пайызға жеткізуді жоспарлап отырмыз. Бірақ мемлекет қаржысына салынған жолдарды сақтап қалуды да ойластыру керек», – деді Құмар Іргебайұлы. Қиындық тудырып отырған тағы бір мәселе – шамадан тыс ауыр және қауіпті жүк тасымалдағаны үшін тоқтатылған көліктерге арналған коммуналдық тұрақ жоқ. Облыс аумағында тек Петропавл қаласында ғана жалғыз айып тұрағы бар. Онда орын шектеулі. Сондықтан қала басшылығы айып тұрағында сақтау мерзімі асып кеткен көліктерді сату туралы шешім қабылдап отыр. Тағы бір мәселе – облыс аумағындағы жолдардың бойында автокөліктердің салмағын анықтау үшін арнайы өлшейтін орындар жоқ. Әрі мұндай өлшеу орындары автоматты түрде жұмыс істегені дұрыс деген ойын білдірді көлік инспекторы. Өйткені жүргізушілер мен инспекторлардың тікелей байланысы сыбайлас жемқорлыққа жол ашатын көрінеді.САПАСЫЗ ЖӨНДЕЛГЕН ЖОЛ КӨП
Ең өзекті мәселе – жолдардың сапасыз жөнделуі. Жұмыс сапасын сараптаумен айналысатын жол активтері сапасы орталығы облыстық филиалы директорының міндетін атқарушы Марат Дәрібаевтың айтуынша, былтыр республикалық маңызы бар жолдарда 27 нысан жұмыстар мен материалдардың сапасын бақылаумен қамтылған. Жол мамандары бұл нысандарға 283 рет барып, материалдардан 313 сынама алыпты. Нәтижесінде 347 кемшілік анықталған. Соның ішінде 36-сы – өрескел, 145-і – айтарлықтай кемшіліктер. 58 сынама нормативтік-техникалық құжаттамаға сәйкес болмай шыққан. Ал облыстық маңызы бар жолдарда бұл көрсеткіш – 75. Әрі 82 кемшілік анықталған. Негізінен технологиялық үрдістер бұзылған, асфальт төсеген кезде температуралық режим сақталмаған. Жаңа төселген асфальт жарылып, жолдарда ой-шұңқыр пайда болған. Сапаны ішкі бақылау қызметі тек ірі компанияларда ғана бар. «Жол құрылысы барысында кемшіліктерді азайту үшін мердігерлерде тым құрығанда кішігірім зертхана болғаны абзал. Немесе жекелеген арзанқол өлшеу құралдарын сатып алса да болады. Конкурстық құжаттамада мердігер сапаны қамтамасыз етуі тиіс екені жазылған. Сапаны ішкі бақылау қызметі «Каздорстрой», «Көкшетау жолдары» және «Көкшетауавтодор» компанияларында ғана бар», – деді Марат Дәрібаев. Сондай-ақ ол жұмыс және материал сапасын сараптауға кейбір аудандар құлықсыз екеніне тоқталды. Мәселен, 13 ауданның жетеуі ғана жол активтері сапасы орталығымен келісімшарт жасасыпты. Марат Дәрібаев жол құрылысы кезінде техникалық қадағалау мамандары тарапынан тиісінше бақылау жоғын атап көрсетті. Техникалық қадағалау мамандары әрдайым құрылыс нысанында болуы тиіс. Соған қарамастан олар көбінесе орнында болмай шыққан немесе бір сарапшы 4-5 нысанды бақылайтыны анықталған. Кемшіліктер негізінен осындай нысандардан анықталып отыр. Дегенмен Марат Дәрібаев бұл кемшіліктердің бәрі де ескертуден соң түзетілгенін айтып сендірмек болды. Бірақ облыс әкімі Құмар Ақсақалов кемшіліктер 100 пайыз түзетілген болса, жолдар кепілді мерзім ішінде бұзылмай, сапалы күйін сақтау керек еді деген сын айтты. «Барлық кемшілік түзетілген болса, неліктен 1-2 жылдан соң жолдар жарамсыз күйге түседі? Бұл салаға миллиардтап, тіпті жүздеген миллиардтап қаржы бөлініп жатыр. Нәтиже болуы керек қой. Кейбіреулер нарықты монополияға айналдырып алған. Заңнамадағы ақтаңдақтарды өз пайдасына қолданып, жауапкершіліктен жалтарады. Мәселен, техникалық қадағалау саласында бір кәсіпорын 3-4 жобаны алып, бір мезгілде жұмыс жүргізеді. Бұл дұрыс емес. Мәселен, штатында 15-ақ қызметкері бар «ЕсілСтройКомпания» кәсіпорны былтыр 100 нысанды алып алған. 15 адаммен олар қалай 100 нысанды қамтымақ? Бұл компаниядан басқа ешкім техникалық қадағалау жүргізе алмай ма? Жол сапасын қадағалаушылар либералды түрде жұмыс істейді. Бұған заңда тыйым салынған. Заң бойынша өте қатал жұмыс жүргізуге тиіссіздер. Жалпы, бұл мәселе терең зерттеліп, дұрыс жолға қойылуы тиіс», – деген облыс әкімі жауапты тұлғаларға тиісті тапсырма берді. Қорыта айтқанда, қыруар қаржы бөлінген жол құрылысын қадағалау және жөнделген жолдарды күтіп ұстау үшін түрлі мемлекеттік мекемелердің бірлескен жұмысы қажет әрі бұл салада тәртіп орнатқан абзал. Сонымен қатар әркімнің, әсіресе ауыр салмақты көлік иелерінің жеке жауапкершілігін арттырмайынша, мәселе оң шешімін табуы неғайбіл.Солтүстік Қазақстан облысы