95 миллиард «көмілген» жолдар...

95 миллиард «көмілген» жолдар...

Солтүстік Қазақстан облысында жолдарды жөндеуге соңғы үш жыл ішінде 95 миллиард теңге бөлінген. Бірақ соған қарамастан жолдардың сапасы әлі де сын көтермейді. Қыруар қаржы құйылып жөнделген жолдардың өздері аз ғана уақыттың ішінде жарамсыз күйге түсіп жатыр. Бұған не себеп және кім кінәлі? Солтүстік Қазақстан облыстық Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бақармасы басшысы Мақсат Баяхметовтің айтуынша, облыстағы автомобиль жол­дарының желісі – 8 996 шақырым. Жақсы және қанағаттандырарлық жағдайдағы жолдар­дың көрсеткіші 70 пайыздан сәл ғана асады. Ал бөлінген қаражат қыруар. Мақсат Қуанышбайұлы келтірген деректер бойынша, 2018 жылы облыстық және аудандық маңызы бар және елді мекен­дердің жолдарын жөндеуге 14,6 млрд теңге бөлінсе, былтыр бұл сома 24,4 миллиард теңгеге жеткен. Бұл қаржыға 800 шақы­рымнан астам жол жөнделіпті. Бірақ жолдардың сапасы әлі де көңіл көн­шітпейді. Бір ғана мысал – былтыр Мағжан Жұма­баев ауданындағы Возвышенка ауылы­ның айналма жолының 3 шақы­рымын жөндеу үшін жуырда ғана жөн­делген 30 шақырым жол бұзылған. Бұл туралы Мағжан Жұмабаев ауданының әкімі Қайрат Омаров айтты. Оның айтуынша, 2016-2018 жылдар аралығында күрделі жөндеуден өткен Возвышенка-Молодогвардейское жолы қазір мүлдем жарамсыз. Бұл тұрғындардың наразылығын туғызып отыр. Бұған 3 шақырым айналма жолды жөндеу кезінде құрылыс материалдары тиел­ген жүк көліктерінің әрі-бері ойқас­тауы себеп. Аудан әкімі көліктік бақылау инспекциясына жүгінгендерімен, одан еш нәтиже шықпағанын айтты. Ал көліктік бақылау инспекциясының басшысы Рустам Сейталин өз мамандары тексеріске шыққан кезде тасымалдаушылар сап тыйылып, кеткен соң қайта бастайтындарын айтып ақталды. Бірақ қызметкерлер мен жылжымалы қосындар саны аз болған­дықтан әрі қолда бар арнайы техника әбден тозғандықтан, 9 мың шақырым жолды толық қамти алмайтындықтарын мойындады. Рустам Мақсатұлының айтуынша, былтыр 12 айда инспекция мамандары автокөлік құралдарын тексеру нәтижесі бойынша 1 187 әкімшілік іс қозғаған. Анықталған заңбұзушылықтар бойынша 64,2 миллион теңге айыппұл салынған.

АУЫР КӨЛІКТІҢ ЗИЯНЫ КӨП

Рустам Сейталин ауыр салмақты кө­лік­терді пайдалануға жүргізілген талдауға сәйкес, олардың басым бөлігі жол құрылысы жұмыстарына жұмыл­дырыл­ғаны анықталғанын атап өтті. Сөйтіп, жолдың бір учаскесін жөндеу үшін құрылыс материалдарын тасымалдаған көліктер басқа жолдарға зиян келтіруде. Сондықтан көлік инспекторы жол жөндейтін мердігермен келісім жасалған кезде о баста осы мәселеге назар аударылуы тиіс деп санайды. Көліктерге, әсіресе карьерлерде шамадан тыс жүк тиеледі. Мұндайды болдырмау үшін көліктік бақылау инспекциясы жер қойнауын пайдаланушыларға көлік заңнамасы және Экологиялық кодекс талаптарын сақтау керектігі, әйтпеген күнде әкімшілік жауапкершілікке тартылатыны туралы үнемі ескерту хат жолдайды. Облыс аумағында құм, балшық, қиыршық тас және басқа да инертті материалдар өндіре­тін 8 карьер бар болса, былтыр оларға қатысты рұқсат етілген параметрлерді асырғаны үшін 90 әкімшілік материал жиналыпты. Сондай-ақ әкімшілік құқық­бұзушылық жасауға ықпал ететін себептер мен жағдайларды жою туралы 8 ұсыныс пен ондайға жол бермеу бойынша 25 ұсыным берілген. Рустам Сейталиннің пікірінше, ауыр сал­мақты жүк көліктерінің жолға жүктемесін азайту үшін инертті материалдар теміржол арқылы жеткізілуі тиіс. 2019-2020 жылдары жол құрылысымен айналысатын кейбір компаниялар осындай тәжірибені енгізген екен. Алайда Рустам Мақсатұлы инспекция қызметкерінің ескертуін құлағына қыстырмайтындар бар екенін де жасырған жоқ. Сол үшін инспекторлар өзге де бақылаушы және құқық қорғау органдарымен бірлесіп жұмыс істеуге мүдделі. Сонымен қатар ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер де жолдарды езіп-жаншудан кенде емес. 2-3 тіркеме тіркеп, салмақты шамадан тыс асыратындар бар. Осыған орай облыс әкімі Құмар Ақсақалов барлық ел бойынша 25 сантиметрлік бетон жол салу мүмкін емес екенін айтып, айыппұл көлемін ұлғайту керек деген ойын білдірді. Өңір басшысы бірде өзі тоқтатқан көлікті өлшеген кезде салмағы 11 тонна екені белгілі болған. Рұқсат етілгені – 8 тонна. «Осы көлік күнде-күнде бір жолмен жүре берсе, жолдың қандай күйге түсетіні белгілі. 2025 жылға дейін сапалы жол­дардың көрсеткішін 98 пайызға жеткізуді жоспарлап отырмыз. Бірақ мемлекет қаржысына салынған жолдарды сақтап қалуды да ойластыру керек», – деді Құмар Іргебайұлы. Қиындық тудырып отырған тағы бір мәселе – шамадан тыс ауыр және қауіпті жүк тасымалдағаны үшін тоқтатылған көліктерге арналған коммуналдық тұрақ жоқ. Облыс аумағында тек Петропавл қала­сында ғана жалғыз айып тұрағы бар. Онда орын шектеулі. Сондықтан қала бас­шылығы айып тұрағында сақтау мерзімі асып кеткен көліктерді сату туралы шешім қабылдап отыр. Тағы бір мәселе – облыс аумағындағы жолдардың бо­йын­да автокөліктердің салмағын анық­тау үшін арнайы өлшейтін орындар жоқ. Әрі мұндай өлшеу орындары автоматты түрде жұмыс істегені дұрыс деген ойын білдірді көлік инспекторы. Өйткені жүр­гізушілер мен инспекторлардың тіке­лей байланысы сыбайлас жемқор­лыққа жол ашатын көрінеді.

САПАСЫЗ ЖӨНДЕЛГЕН ЖОЛ КӨП

Ең өзекті мәселе – жолдардың сапасыз жөнделуі. Жұмыс сапасын сараптаумен айналысатын жол активтері сапасы орта­лығы облыстық филиалы директоры­ның міндетін атқарушы Марат Дәрібаевтың айтуынша, былтыр республикалық маңы­зы бар жолдарда 27 нысан жұмыстар мен материалдардың сапасын бақылаумен қамтылған. Жол мамандары бұл нысан­дарға 283 рет барып, материалдардан 313 сынама алыпты. Нәтижесінде 347 кемшілік анықталған. Соның ішінде 36-сы – өрескел, 145-і – айтарлықтай кемшіліктер. 58 сынама нормативтік-техникалық құ­жат­тамаға сәйкес болмай шыққан. Ал облыстық маңызы бар жолдарда бұл көрсеткіш – 75. Әрі 82 кемшілік анық­талған. Негізінен технологиялық үрдістер бұзылған, асфальт төсеген кезде темпера­туралық режим сақталмаған. Жаңа төсел­ген асфальт жарылып, жолдарда ой-шұң­қыр пайда болған. Сапаны ішкі бақылау қызметі тек ірі компанияларда ғана бар. «Жол құрылысы барысында кемшіліктерді азайту үшін мердігерлерде тым құрығанда кішігірім зертхана болғаны абзал. Немесе жекелеген арзанқол өлшеу құралдарын сатып алса да болады. Конкурстық құжаттамада мердігер сапаны қамтамасыз етуі тиіс екені жазыл­ған. Сапаны ішкі бақылау қызметі «Каздорстрой», «Көкшетау жолдары» және «Көкшетауавтодор» компанияларында ғана бар», – деді Марат Дәрібаев. Сондай-ақ ол жұмыс және материал сапасын сарап­тауға кейбір аудандар құлықсыз екеніне тоқталды. Мәселен, 13 ауданның жетеуі ғана жол активтері сапасы орта­лығымен келісімшарт жасасыпты. Марат Дәрібаев жол құрылысы кезінде техникалық қадағалау мамандары тарапынан тиісінше бақылау жоғын атап көрсетті. Техникалық қадағалау мамандары әр­дайым құрылыс нысанында болуы тиіс. Соған қарамастан олар көбінесе орнында болмай шыққан немесе бір сарапшы 4-5 нысанды бақылайтыны анықталған. Кемшіліктер негізінен осындай нысандардан анықталып отыр. Дегенмен Марат Дәрібаев бұл кемшіліктердің бәрі де ескертуден соң түзетілгенін айтып сендірмек болды. Бірақ облыс әкімі Құмар Ақсақалов кемшіліктер 100 пайыз түзетілген болса, жолдар кепілді мерзім ішінде бұзылмай, сапалы күйін сақтау керек еді деген сын айтты. «Барлық кемшілік түзетілген болса, неліктен 1-2 жылдан соң жолдар жарамсыз күйге түседі? Бұл салаға миллиардтап, тіпті жүздеген миллиардтап қаржы бөлініп жатыр. Нәтиже болуы керек қой. Кейбіреулер нарықты монополияға айналдырып ал­ған. Заңнамадағы ақтаңдақтарды өз пайдасына қолданып, жауапкершіліктен жалтарады. Мәселен, техникалық қада­ғалау саласында бір кәсіпорын 3-4 жобаны алып, бір мезгілде жұмыс жүргізеді. Бұл дұ­рыс емес. Мәселен, штатында 15-ақ қыз­меткері бар «ЕсілСтройКомпания» кә­сіпорны былтыр 100 нысанды алып алған. 15 адаммен олар қалай 100 нысанды қам­тымақ? Бұл компаниядан басқа ешкім тех­никалық қадағалау жүргізе алмай ма? Жол сапасын қадағалаушылар либералды түрде жұмыс істейді. Бұған заңда тыйым салынған. Заң бойынша өте қатал жұмыс жүргізуге тиіссіздер. Жалпы, бұл мәселе терең зерттеліп, дұрыс жолға қойылуы тиіс», – деген облыс әкімі жауапты тұлға­ларға тиісті тапсырма берді. Қорыта айтқанда, қыруар қаржы бөлін­ген жол құрылысын қадағалау және жөн­делген жолдарды күтіп ұстау үшін түрлі мемлекеттік мекемелердің бірлескен жұ­мы­сы қажет әрі бұл салада тәртіп орнатқан абзал. Сонымен қатар әркімнің, әсіресе ауыр салмақты көлік иелерінің жеке жауапкершілігін арттырмайынша, мәселе оң шешімін табуы неғайбіл.

Солтүстік Қазақстан облысы