Көлікті техникалық байқаудан өткізу – әуелі жүргізушінің өз қауіпсіздігі үшін керек дүние. Оның үстіне, көліктің қауіпсіз қозғалысын реттейтін заң нормаларына сай темір тұлпар межелі мерзімде тексеруден өтуі қажет. Алайда ебін тапқандар дәл осы рәсімнен кедергісіз өтіп, айласын асырып жүр. Сондықтан да саладағы осы секілді бармақ басты, көз қысты әрекеттің куәсі болған көпшіліктің көкейінде «Көлікті міндетті техникалық байқаудан өткізу керек пе?» деген сауалдың туындауы да заңды.
«Қашықтан» тексеру, «көлденең» табыс
Қолданыстағы заң бойынша, зауыттан шыққанына 7 жылдан астам уақыт өткен жеңіл көліктердің жылына 1 рет техникалық байқаудан өтуі міндетті. Егер мұндай машиналар жолаушы тасымалымен айналысуға пайдаланса, 6 ай сайын көлік құралының іске жарамдылығына көз жеткізіп тұру керек болады. Техникалық байқаудан өту құнын көліктің қозғалтқышының көлеміне байланысты 3 мың теңгеден басталып, 6 мың теңгеге дейін жетеді. Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 590-бабының 5-тармағына сай міндетті техникалық байқаудан өтпегендерге 5 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынады. Ал көлікті тексеру туралы талапты орындамаған жүргізуші 1 жыл ішінде тәртіп сақшыларының қолына түскен жағдайда айыппұл көлемі 20 айлық есептік көрсеткішке дейін ұлғаяды. Айдың-күннің аманында айыппұл арқалағысы келмейтін жүргізушілер жыл сайын техникалық байқаудан өтуге мәжбүр. Ал бұл тексерістен ақысын төлеп, жауыннан кейінгі саңырауқұлақтай қаптаған кез келген техникалық байқау операторларының бірінен өтуге болады. Өкінішке қарай, жүргізушілердің арасында дәл осы қызмет түрін «қашықтан» алудың тәсілін меңгеріп алғандар да жеткілікті. Тексерушіге көліктің суретін телефонмен-ақ жіберіп, оның қозғалысқа жарамдылығы туралы құжат алатындар көп. Алайда әрбір жүргізушіге таныс бұл схема бірер жыл бұрын Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің қызметкерлерінің де назарына ілінген. Сол жолы құзырлы орган қызметкерлері автокөліктерді міндетті техникалық байқаудан өткізумен айналысатын 152 операторды тексерді. Тексеру барысында операторлардың 724 құқықбұзушылыққа жол бергені анықталып, оларға 3 миллион 849 мың теңге айыппұл салыныпты. Тіпті, 88 оператор көлікті техникалық байқаудан өткізу құқығынан айырылып қалған-ды. Сонымен бірге әлгінде айтылғандай, жалған диагностикалық карталарды анықтау мақсатында ұйымдастырылған рейдтік шара кезінде картаны қолдан жасаудың 84 фактісі белгілі болды. Нәтижесінде, техникалық байқауға жауапты 26 оператордың үстінен әкімшілік хаттама толтырылып, 2 қылмыстық іс қозғалған. Былтыр да көлікті техникалық тексеруден өткізуде жеңілдің астымен, ауырдың үстімен өтуге ниеттілерге қызмет көрсеткен ұйымдасқан қылмыстық топтың қылмысы әшкере болғанын көпшілік ұмыта қойған жоқ. Көлік комитетіндегі лауазымды тұлғалары жетекшілік еткен бұл топ республиканың әр аймағынан 28 жалған фирма ашып, 260 мың диагностикалық карта қолдан жасаған екен. Сол жолы көліктің қауіпсіздігі туралы құжатты қолдан жасаған алаяқтардың табысы 1 миллиард теңгеге жуықтағаны да айтылды. Әрине, біз келтірген статистика көлікті техникалық байқаудан өткізу саласындағы мәселелердің бір ғана бөлшегі болуы мүмкін. Өйткені диагностикалық картаға оңай әрі тез қол жеткізгісі келетін жүргізушілер де, олардың тапсырысын орындаушылар да жымысқы ойын жасырын жүзеге асырып кете барады. Салдарынан көліктің жүргізушіге, жолаушыға және өзгелерге қауіпсіз болуын қамтамасыз ететін жүйеге сенім жоғалды. Жүргізушілерді де қауіпсіздіктен бұрын құжаттың дұрыс болуы көбірек ойландыратын тәрізді. Көптің көкейінде жүрген осы бір өзекті мәселені Мәжіліс депутаты Айқын Қоңыров көтеріп, көлікті міндетті техникалық байқаудан өткізуді алып тастаудың жолдарын қарастыруға Үкімет назарын аударды. Мәжілісмен келтірген дерекке сүйенсек, елімізде жыл сайын 2,7 миллион көлік техникалық байқаудан өткізіледі. Әрбір көлік жүргізушінің әрбір тексеріс үшін ақы төлейтінін ескерсек, саладағы жылдық табыс көлемі 7-13 миллиард теңгені құрайды екен. Сәйкесінше, сала мамандарына оның ішінде ісіне адалдық танытып, көлік құралын егжей-тегжейлі тексеретіндер мен әлгінде айтылғандай жалған диагностикалық картаны оңды-солды таратындардың аражігін ажыратуға тура келеді. Мәжіліс депутатының бұл сауалына қатысты Үкімет әлі үн қатпады. Есесіне техникалық байқаудан өткізу мәселесіне келгенде көпшіліктің пікірі қақ айырылды.Қамқорлық па, жемқорлық па?
Мәселен, «Автомобилистердің қоғамдық одағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Жан Ботанов мәжілісмен Қоңыровтың ұсынысын қос қолдап қолдайтындардың қатарында. -Міндетті техникалық байқаудан бас тарту – дұрыс шешім. Біріншіден, өз өмірі мен автокөлігінің қауіпсіздігі жүргізуші үшін керек. Ал мемлекеттік органдардың жыл сайын міндетті техникалық байқаудан өту туралы талабын халыққа «қамқорлық» танытудан бұрын жемқорлық пен қағазбастылыққа бір табан жақын жүйе деп білемін. Екіншіден, көлікті жыл сайын тексеру талабы өз машинасының жағдайын бес саусағындай білетін жүргізушінің наразылығын күшейте түседі. Сондықтан салаға қатысты ендігі шешімдер шенеуніктерден бұрын қарапайым автокөлік жүргізушілерінің мүддесіне бағытталуы керек, – дейді Жан Қасымұлы. Әрине, маман айтқандай, әр жүргізуші көлігінің қауіпсіздігі ең әуелі өзі үшін қажет екенін түсіне алса, техникалық байқау саласындағы мәселелер мұншалық күрделенбес еді. Керісінше, жүргізушілерді құжаттарының тексеруші органдардың талабына сай келуі ойлантатын болса, диагностикалық картаны «ақысын» төлеп сатып алу қажеттігі туындайды.Сенімге қол салған алаяқтар
Көлікті техникалық байқаудан өткізумен айналысатын «ЛПрогресс ЛТД 2004» ЖШС директоры Жарқын Тәңірбергеннің айтуынша, тексерудің заңға сай жүргізілуін қамтамасыз ететін шаралардың легін қабылдаған жөн. Қазақстанның көлік құралдарын міндетті техникалық байқаудан өткізуден түбегейлі бас тартуы мүмкін емес. Өйткені бұл жол қозғалысына қатысушылардың қауіпсіздігі бойынша Женева келісіміне қайшы келеді. Бізде бұл рәсімнен толықтай бас тартудан бұрын оны өткізудің заңдылығын қамтамасыз етуге баса мән берген жөн. Жыл сайынғы міндетті тексерістен бас тарту жол-көлік оқиғаларының жиілеуіне әкеп соғуы мүмкін. Техникалық байқау кезінде көлік құралының техникалық жағдайымен бірге одан шығатын түтіннің қоршаған ортаға тигізер әсері де сараланатынын ұмытпау керек. Рас, салада көлікті боксқа қойып көрмей, телефондағы суретіне қарап-ақ диагностикалық карта беретін операторлар бар. Бұл әдісті көбіне техникалық байқаудан өткізуге арналған ғимараты, құрал-жабдығы, тіпті арнайы мамандары жоқтар қолданады. Егер салаға өзгеріс әкелу керек болса, құр ноутбукпен отырып, көліктің суретіне қарап жалған құжат берумен айналысатын алаяқтармен күресті күшейтудің тетігін қарастырудан бастау дұрыс болады. Олар салаға, тәп-тәуір жүйеге деген сенімді жоғалтып жіберді, – дейді Жарқын Ерғазыұлы. Сарапшылардың енді бір тобы саланы жемқорлар мен құлқынның қамын ойлайтындардың жайлауына техникалық байқауды жеке кәсіпкерлердің қолына беру себеп болғанын айтады. – Өз басым көліктерді техникалық байқаудан өткізу талабын алып тастауға қарсымын. Себебі дәл осы талап арқылы көлік жүргізуші де, жолаушы да көшедегі өзге көліктердің техникалық талаптарға сай келетініне сенімді болады. Одан соң техникалық байқау құжаты жоқ көлік апатқа түскен жағдайда сақтандыру компаниялары «көлікте ақау болған» деген сылтаумен кепіл құнын төлеуден қашуы мүмкін. Ал жүргізушінің қолында техникалық байқаудан өткенін растайтын құжат болса, мұндай мәселе туындамайды, – дейді сарапшы Өмірбек Құрбанбаев. Бұл мәселені шешуде сарапшы екі сатылы техникалық байқау жүйесін ұсынады. – Осы орайда мен кәсіпкердің техникалық байқауды жүргізгенін, ал мемлекеттік қызмет сол байқаудың жүргізілгенін тексеріп, растау жүйесін енгізуді қолдаймын. Содан соң техникалық байқау орталығында көлікті фотоға түсіріп, оны қағазға шығарудың қажеті жоқ. Оның орнына тексерістің барысын видеоға түсіру дұрыс деп ойлаймын. Осылайша, электронды қорытындыны барлық полиция қызметкерінің планшеттері арқылы, электронды үкімет порталынан көре алады. Ең бастысы, техникалық байқаудан өту процесін бейнетаспаға түсіру жоғарыда аталған деректердің жолын тыяды, – дейді Өмірбек Құрбанбаев. Әзірге Қазақстандағы техникалық байқау рәсімінің ендігі тағдырына қатысты ресми мәлімет жоқ. Үкімет жалғыз депутаттық сауалға бола көлікті міндетті техникалық байқаудан өткізуден бас тарта қоймасы анық. Солай болған күннің өзінде саладағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне түбегейлі зерттеу жүргізу қажет-ақ.