Әлеуметтік көмекке жол ашатын мүмкіндік

2025 жылдың қорытындысында Қазақстан жан басына шаққандағы ішкі жалпы өнім көлемі бойынша Қытайдан жоғары көрсеткішке шықты.

Халықаралық валюта қорының дерегіне сүйенсек, бұл көрсеткіш Қазақстанда 14 723 доллар болса, Қытайда 13 806 доллар деңгейінде қалыптасқан. Бұл айырмашылық ауқымды емес, бірақ ел экономикасының қазіргі жағдайын сипаттайды.

Жан басына шаққандағы ЖІӨ – елдегі жалпы өндірілген өнімді халық санына бөліп есептейтін көрсеткіш. Ол экономи­каның көлемін ғана емес, сонымен бірге орташа табыс деңгейінің шамамен қандай екенін де көрсетеді. Қазақстанның бұл деңгейге шығуына бірнеше фактор әсер еткен. Соңғы жылдары ел экономикасының жалпы көлемі ұлғайып, 2025 жылы номинал­ды ЖІӨ шамамен 300 миллиард доллардан асқан. Бұл Қазақстанды әлем елдері ара­сында алғашқы елу елдің қатарына енгізді. Экономикалық өсімнің негізгі бөлігі дәстүрлі салаларға – мұнай-газ, металлургия және шикізат секторына тиесілі болып қала береді.

Сонымен қатар соңғы кезеңде өңдеу өнеркәсібінің үлесін арттыруға бағытталған жобалар іске асып жатыр. Өндірісте қосылған құны жоғары өнім шығару туралы бастамалар жиі айтылып, бірқатар өндірістер кеңейтілді. Бұл үрдіс әлі бастапқы кезеңде болғанымен, экономиканың құрылымын­дағы өзгерістердің бар екенін көрсетеді.

Инвестициялық белсенділік те осы көрсет­кішке ықпал ететін фактордың бірі ретінде аталады. Қазақстанға шетелдік инвестиция тарту көлемі соңғы жылдары сақталып келеді. Инвестициялық келісімдер, өндірістік жобалар және инфрақұрылымдық бастамалар экономикадағы жалпы бел­сенділікті арттыруға әсер еткен.

Макроэкономикалық көрсеткіштерге келсек, белгілі бір тұрақтылық сақталғанын көреміз. Инфляция деңгейі бақылауда, ұлттық валюта бағамы айтарлықтай күрт өзгерістерге ұшыраған жоқ, ал бюджет саясаты салыстырмалы түрде теңгерімді сипатта қалып отыр. Бұл факторлар халық­аралық ұйымдардың бағалауында эконо­микалық жағдайдың тұрақты екенін көр­се­тетін элементтер ретінде қарас­тырылады.

ТМД елдері арасында жан басына шаққандағы ЖІӨ көрсеткіші бойынша Қазақстан Ресейден кейінгі екінші орында тұр. Ресейде бұл көрсеткіш 17,45 мың долларды құрайды. Қазақстаннан кейінгі орындарда Беларусь, Армения, Әзербайжан орналасқан. Орталық Азия елдерінің ішінде Қазақстан көрсеткіш бойынша алда, ал Өзбекстан, Қырғызстан және Тәжікстанда бұл деңгей айтарлықтай төмен.

Әлемдік деңгейде жан басына шаққан­дағы ЖІӨ бойынша алдыңғы қатарда шағын, бірақ жоғары табысты елдер тұр. Монако, Лихтенштейн, Люксембург сияқты мемле­кеттерде бұл көрсеткіш ондаған, тіпті жүз­де­ген мың доллармен өлшенеді. Ал ең төмен көрсеткіштер бірқатар кедей елдерде бірнеше жүз доллар шамасында ғана.

Қазақстан мен Қытай көрсеткіштерін салыстыру кезінде халық санының айыр­ма­шылығы да ескеріледі. Қытайда халық саны 1,4 миллиардтан асады, сондықтан жалпы экономика көлемі өте үлкен бол­ғанымен, жан басына шаққандағы көрсеткіш салыстырмалы түрде төменірек. Қазақстанда халық саны әлдеқайда аз, ал табиғи ресурстар көлемі жоғары, бұл көрсеткішке тікелей әсер етеді.

«Бізде, әсіресе әлеуметтік желілерде бәрі нашар, дағдарыс күшейіп бара жатыр деген көңіл күй басым. Бірақ шын мәнінде, көпшілік бұрын қандай жағдай болғанын еске алғысы келмейді әрі осы уақыт ішінде болған өсімді байқамай отыр», – дейді тәуелсіз қаржы сарапшысы Андрей Чеботарёв.

Дегенмен Халықаралық валюта қорының болжамына сәйкес, Қазақстанда жан басына шаққандағы ЖІӨ алдағы жылдары да өсім көрсетуі мүмкін. 2026 жылы бұл көрсеткіш 15 мың доллардан асуы ықтимал деген болжам бар. Бұл динамика эконо­микалық өсімнің жалғасып жатқанын көрсетеді.

                                                                       инфографика: Елдар ҚАБА

Бұл көрсеткіштердің артуын тек өндіріс көлемімен немесе экспортпен ғана түсіндіру жеткіліксіз. Жан басына шаққандағы ЖІӨ-нің өсуі мемлекет шығыстарының құры­лы­мымен де тікелей байланысты. Соның ішінде әлеуметтік бағыттағы шы­ғындардың үлесі айтарлықтай жоғары.

Экономист Әнел Дәулетқалиеваның айтуынша, Қазақстан көрші елдермен салыстырғанда әлеуметтік көмекке көбірек қаржы бөледі. «Қазақстан әлеуметтік көмек­ке көрші елдерден әлдеқайда көп қаржы жұмсайды. Елде халықтың түрлі өмірлік жағдайларға байланысты алатын қолдауы кең әрі бөлінетін қаражат көлемі де айтарлықтай жоғары», – дейді ол.

Мемлекеттік қолдау тетіктері негізінен ұқсас: бала туу, зейнетке шығу, мүгедектік, асыраушысынан айырылу немесе жұмыс іздеу сияқты жағдайларда азаматтар әлеу­меттік төлемдерге үміт арта алады. Бірақ әр елдегі көлемі мен тәсілі бірдей емес.

Мысалы, зейнетақы мөлшерін салыс­тырсақ, Қазақстандағы орташа төлем 157 843 теңгені құрайды. Ал Қырғызстанда бұл көрсеткіш 60 мың теңге шамасында, Өзбекстанда – 61 мың теңге, Тәжікстанда  22 мың теңгеден сәл асады. Айырмашылық бірнеше есе.

Сол сияқты жүктілік пен босануға байлан­ысты төлемдер де Қазақстанда жоғары. Егер Қырғызстанда бұл шамамен 43 мың теңге болса, Өзбекстанда – 34 мың, Тәжікстанда – 11 мың теңге көлемінде. Қазақстанда бұл төлем 164 мың теңгеден бастап, 1 миллион теңгеден асатын деңгейге дейін жетеді.

Әлеуметтік шығындар тек жәрдемақы­лармен шектелмейді. Мысалы, жолаушылар тасымалын субсидиялау да бюджетке түсе­тін салмақтың бір бөлігі. 2026 жылы Астанада әлеуметтік маңызы бар бағыттарды субсидиялауға 62,34 миллиард теңге қарастырылған. Алматыда бұл сома 107,6 миллиард теңгеге жетеді, оның ішінде метро мен қоғамдық көліктің басқа түрлері бар.

Бұдан бөлек, жергілікті бюджеттер арқылы коммуналдық тарифтердің өсуіне байланысты өтемақы төлеу, түрлі әлеуметтік бағдарламаларды қаржыландыру сияқты шығындар жүзеге асырылады. Яғни, мемлекет азаматтардың күнделікті өміріне тікелей әсер ететін бағыттарға тұрақты түрде қаржы бөліп отыр.

Осы шығындардың барлығы экономи­калық көрсеткіштерге жанама түрде ықпал етуде. Бір жағынан, әлеуметтік төлемдер халықтың табысын қолдап, ішкі сұранысты ұстап тұруға әсер етеді. Екінші жағынан, бюджет шығыстарының жоғары болуы экономиканың жалпы құрылымына да ықпал етеді.

Жан басына шаққандағы ЖІӨ-нің өсуі мен әлеуметтік саясаттың ауқымы қатар жүріп отыр. Бұл байланыс экономикалық өсімнің тек өндірістік көрсеткіштермен ғана емес, мемлекеттік қайта бөлу тетіктері­мен де байланысты екенін көрсетеді. 

Кәмила ДҮЙСЕН