Азықтың «асау» бағасы
Азықтың «асау» бағасы
© коллаж: Қуаныш Сапарбай
447
оқылды
Азық-түлік бағасын бақы­лауда ұстауға міндет алған бірнеше құзырлы орын бар. Бірақ қос бүйірден қысқан қымбатшылықтың соңы жұрт­тың жаппай наразылық ше­руіне шығуына түрткі болуы бағаның бақылауға алын­ба­ғанын көрсетіп берді. Төтенше жағдайдан кейін әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнім­дерінің бағасын мемлекеттік реттеу енгізіліп, тұрғындар осындай хабарласа алатын жедел желі құрылған. Алайда бағаның негізсіз енгізілгені туралы желіге хабарласпақ бол­ғандар көрсетілген теле­фон нөмірі көтермейтінін ай­тып шағымданады.

Алматыда баға аспандап барады

Республиканың маңызды қалаларында тұрғындар азық-түлік бағасының күн сайын құбылып жатқанын айтып, әлеуметтік желіде пікір қалдырып жатыр. Біз де Алматының бірнеше тұрғыны­мен тілдесіп, азық-түлік бағасы қанша теңгеге көтерілгенін білдік. Алматылық Айжан Тілеу­лесова күнделікті тұтынатын тауар­­ларды үйдің маңындағы дү­кен­нен сатып алады екен. «Кіш­кентай дүкен­дерде әдетте ірі сауда желілерімен салыстырғанда қым­бат болды. Төтенше жағдайдан кейін бірнеше есе қымбаттап кетті. Себебін сұ­расақ, жұмыртқа мен сүт тапшылы­ғы барлық жерде болған­дықтан, бағаны өсірген. Ал енді кө­көніс­тердің барлығы жеткілікті. Бірақ олардың да бағасы күнде құбылады. Мысалы, бұрын кар­топ­тың келісін 170 теңгеден, ал қазір 280 теңгеден сатылады. Ет те қым­баттады. Сиыр етін 1 700 теңгеден алатын едік, қазір 2 300-2 500 теңгеден, қой етін 1 800-ге алсақ, қазір 2 500-2 600, жылқы еті 2 000 теңге болса, қазір 3000 тең­геден жоғары. Одан аз бағаға ет алу мүмкін емес. Бір келі қазы алу үшін 4 мыңнан аса ақша керек», – дейді Айжан Тілеулесова. Алматының тағы бір тұрғыны Меруерт Айтқұлованың айтуынша, жаңа жылға дейін 1 500 теңгеге алып келген май бағасы 1 600 тең­геге жеткен. 100 теңгеге сатылған «Пампушка» маргарині енді 120 теңгеден асады. Сүт өнімдері де барған сайын бақылаудан шығып бара жатқанын айтқан ол: «Мы­салы, ірімшіктің келісі 3 050 теңге болса, қазір 3 700 теңге. Күнде ала­тын 3.2 пайыздық 330 теңге бол­ған сүт 410 теңгеге дейін кө­терілген. Литрі 990 теңге болып кел­ген күнбағыс майы 1 300 де­генде таңғалдым», – деп отыр.

Бағаны бақылау кімге жүктелген?

Бағаны негізсіз өсіріп жатқан кәсіпкерлердің үстіне шағым айтқысы келгендер қайда шағым­данарын білмейді. Қарапайым халықтың қайда хабарласарын білмей дал болғандарын біз де түсінгендей болдық. Бағаны бақы­лау бойынша жұмыстың нәтижесі туралы білу үшін бірнеше мекемеге қоңырау шалуға тура келді. Әкімдік бұл міндет Сауда және интеграция министрлігінде екенін айтса, министрлік Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігіне сілтеді. Қысқасы, үш мекемеден келген жауаптан түйгеніміз мынау болды. Қазір агенттік бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнаманы бұзуға байланысты бірқатар шара қабылдаған. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары нары­ғында бағаны ұстап тұру және 10%-ға дейін сауда үстемесін белгілеу бөлігінде өндірушілермен, көтерме жеткізушілермен және сауда желілерімен монополияға қарсы комплаенстің 189 актісі жасалыпты. 5 қаңтардан бастап күн сайын өңірлерде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауар­ла­рының барлық позициялары бойынша бағаларға мониторинг жүргізіледі. Бүгінге дейін тауық жұмыртқасын өндірушілерге қатысты 6 (Қарағанды облысы – 2, Түркістан облысы, Павлодар, СҚО, Ақмола), ал қант бойынша 1 тергеу (Жамбыл облысы), тауық еті бойынша 1 тергеу (Жамбыл облысы) жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ агенттік тұтыну тауар­лары мен қызметтерінің бағасын көтеру фактілерін жедел анықтау және жолын кесу мақсатында хабарламалар қабылдау үшін жедел желі құрылғанын алға тартады. «Бүгінде агенттіктің сенім те­лефонына 2 000-нан астам өтініш келіп түсті, оның ішінде қоңырау­дың 50%-ы Алматы қаласының тұр­ғындарынан, 30%-ы елорда­мыз­дан, 20%-ы басқа өңір тұрғын­дарынан келіп түсті. Көп жағдайда тауарлардың бағасын бөлшек сауда субъектілері көтерген. Атап айт­қанда, үйдің жанындағы дүкендер, осындай шағын дүкендер 15%-дық сауда үстемесін сақтамайды. Агент­тік келіп түскен шағымдар бойынша өз құзыреті шеңберінде ша­ралар қабылдайды. Үйдің жа­нындағы бөлшек сауда дүкен­деріндегі бағаның өсуі жөніндегі шағымдар жергілікті атқарушы ор­гандарға жолданады. Басқа ша­ғымдар құзыреті бойынша уәкі­летті органдарға жолданады», – дейді агенттіктің баспасөз қызметі. Бағаның бақылауда ұсталуына тағы бір жауапты мекеме – Сауда және интеграция министрлігі шекті бағаларды әрбір өңір үшін жергілікті атқарушы органдар жеке белгілейді және олар елдің басқа өңірлерінде қолданылмай­тынын жеткізді. Олар да өз тара­пынан инфляция деңгейін тежеу және мемлекеттік реттеу шара­ларын күшейту жөніндегі тапсыр­маларын іске асыру үшін бірқатар шара әзірлепті. Біріншіден, азық-түлік тауарларының негізгі түр­лерінің физикалық және бағалық қолжетімділігін қамтамасыз ету шаралары. Осы бағытта Ауыл шаруашылығы министрлігі ішкі нарықты отандық өндіріс тауар­ларымен толықтыру бойынша жоспарлы жұмыс жүргізіп жатыр. Қазір негізгі азық-түлік түрлерінің 5 айлық қоры қамтамасыз етілген. Бұл нарықтағы тапшылықты болдырмауға кепілдік береді екен. Ауыл шаруашылығы министрлі­гімен бірге өндіріс-тұтыну балан­сын айқындайды және қажет болған жағдайда экспорттық шектеуді енгізеді. Екіншіден, сауда үстемелері мен сыйақыларға мем­лекеттік бақылауды күшейту. Бұл шекті бағаларды уақытылы енгізу арқылы бағаның өсуіне жол бермеуге бағытталған. Үшіншіден, бағаның жоғары өсу тәуекелі туындаған жағдайда, монополияға қарсы органның құзыреті шегінде нақты тауар нарықтарында мем­лекеттік бағалық реттеуді енгізу. Сондай-ақ министрлік мамандары әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына шекті мәндер мен шекті рұқсат етілген бағаларды енгізу әдістемесін бекітілгенін айтады. Ал әкімдіктер тарапынан сауда үстемесінің сақталуына және сауда желілерінің сыйақы алмауы­на күшейтілген мони­торинг пен бақылау жүргізіледі. Үстеме бағаны көтеретін сауда желілері әкімшілік жауапкер­шілікке тартылады.

Әкімдіктің жауабы қандай?

Нұр-Сұлтан қаласы Инвести­циялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасының баспасөз хатшысы барлық әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдері бойынша мо­ниторинг жүргізіледі деп отыр. Бүгінге дейін бизнестің 8 субъекті­сінің қызметінде сауда үстемесінен асып кету белгісі бар. Әкімдік осы бизнес субъектілерін жауапкерші­лікке тарту бойынша жұмыс жүр­гізді және «ескерту» түрінде ұй­ғарымдар шығарды. Сондай-ақ 4 дүкенге «Элит Ет» дүкені, «Алтай» дүкені, Тілендиев даңғылындағы ет дүкені және «Жастар» СҮ-не қатысты бағаны көтеру бойынша әкімшілік ша­ралар қабылданды. «Бүгінде әкімдік әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдеріне шекті сауда үстемесін сақтау бойынша бақылау және қадағалау жүргізу үшін сауда объектілерінің жартыжылдық ті­зім­дерін қалыптастырды. Бұл ша­ралар нарықтағы жағдайға жүйелі талдау жасауға және бағаның өсуін тежеу үшін тиісті шараларды уа­қы­тылы қабылдауға мүмкіндік береді. Баға көтерілген жағдайда кәсіп­керлерге ең қатаң шаралар қол­данылатын болады. Егер қалада бағаның өсуіне қатысты ақпарат болса (сауда объектісінің мекен­жайын, тауардың маркасы мен бағасын көрсете отырып), Нұр-Сұлтан қаласын әкімдігінің 55-68-99, 55-69-78 нөміріне, бәсекелес­тік­ті қорғау және дамыту агентті­гі­нің аймақтық бөлімдеріне хабар­ласуға болады», – дейді басқар­маның баспасөз қызметі.

Жедел желі жауап бермейді

Алматы облысының тұрғын­дары аймақтағы қымбатшылықты кімге барып айтарын білмей жүр. Көрсетілген жедел желі жауап бер­мейтін көрінеді. Талғар ауданының тұрғыны Сәния Нүсіпәлі бұл ту­ралы әлеуметтік желіде де бірнеше рет жазба қалдырған. Бірақ жауап­тылардан жауап жоқ. «Прези­денттің Жарлығына сәйкес, әрбір өңірдің әкімдіктері баға тұрақты­лығын тексеріп отыру керек еді. Бірақ біздің облыс пен аудан әкім­дігі бұл бойынша жұмыс істеп жат­қанынан хабарым жоқ. Өйткені әкімшілік тұтынушыларға хабар­ла­са­тын телефон нөмірін жария­лаған жоқ. Талғар қаласы орта­лы­ғындағы «Талғар», Small супер­маркеттерінде азық-түлік 10-20% өскен. Ал «Алтын адам» дүкенінде картоп келісі – 320-ға көтерілді. Базарда сиыр еті 2 800, жылқы еті 3 000, қой еті 2 900 теңгеге шарық­тап кеткен. Жедел желіге хабарлас­саң, тұтқаны көтермейді. Сонда азық-түлік бағасын тұрақтандыру дегені өтірік болғаны ғой», – дейді Сәния Нүсіпәлі. Ал Алматы облысы сауда да­мыту бөлімінің басшысы Айгүл Садырқызы әкімдікке ешкім шағымданбағанын айтты. Шағым болмағаны да түсінікті емес пе? Өйткені жедел желі жауап бер­мейді. Бірақ бөлім басшысы азық-түлік қымбаттауынан хабардар екенін алға тартты. Айтуынша, қым­батшылықты шағын дүкендер­ге тауар әкелетін көтерме саудагер­лер жасап отыр. Өз кезегінде олар да тауарды 2-3 алыпсатардан үстеме бағамен алады. Мысалы, құс фабрикасында 10 жұмыртқа 350 теңге болса, дүкенге келгенше 550-600 теңгеге көтеріледі. Дүкендер 7-8 пайыз үстіне қосады. «Біз барлық ауданның кәсіпкерле­ріне көтерме саудамен айналыса­тын алыпсатарлардың аты-жөнін Бәсекелестікті қорғау және дамыту департаментіне беруін өтіндік. Қызметтік тексеріс жасау – олардың міндеті. Облыста қант пен сүт өнімдері қымбаттап кетті. Әсіресе, JLC компаниясының өнім­дері жаңа жылдан кейін 30 па­йызға өскен. Біз компания дирек­торы Богдановамен бағаны түсіру жайлы сөйлестік. Бірақ ол сүтті Қырғыз Республикасынан ала­тынын, салық өскенімен баға­ны түсірмейтінін айтты. Бірақ Бәсекелестікті қорғау және дамыту департаментіне компанияға қа­тыс­ты шаралар қабылдау керегін айт­қанбыз», – дейді бөлім басшы­сы. Бірақ «тексеріс жүргізу туралы шағым жібердік» деген әкімдіктің сөзін департамент жоққа шығарып отыр. Департамент мамандары да жыл соңында сүт зауыты бағаны өсіретіндерін айтып алдын ала хабар жібергені мен нақты шағым болмауына байланысты шара қол­дана алмайтынын айтып түсін­ді­реді. Сонда Қазақстанның өңір­ле­ріндегі ірі сауда желілері мен су­пер­маркеттерде әлеуметтік маңы­зы бар тамақ өнімдеріне жоғары баға белгіленгеніне куә болсаңыз, Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігіне хабарласу керек екені бос сөз болғаны ма?