Азық-түлік бағасын бақылауда ұстауға міндет алған бірнеше құзырлы орын бар. Бірақ қос бүйірден қысқан қымбатшылықтың соңы жұрттың жаппай наразылық шеруіне шығуына түрткі болуы бағаның бақылауға алынбағанын көрсетіп берді. Төтенше жағдайдан кейін әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің бағасын мемлекеттік реттеу енгізіліп, тұрғындар осындай хабарласа алатын жедел желі құрылған. Алайда бағаның негізсіз енгізілгені туралы желіге хабарласпақ болғандар көрсетілген телефон нөмірі көтермейтінін айтып шағымданады.
Алматыда баға аспандап барады
Республиканың маңызды қалаларында тұрғындар азық-түлік бағасының күн сайын құбылып жатқанын айтып, әлеуметтік желіде пікір қалдырып жатыр. Біз де Алматының бірнеше тұрғынымен тілдесіп, азық-түлік бағасы қанша теңгеге көтерілгенін білдік. Алматылық Айжан Тілеулесова күнделікті тұтынатын тауарларды үйдің маңындағы дүкеннен сатып алады екен. «Кішкентай дүкендерде әдетте ірі сауда желілерімен салыстырғанда қымбат болды. Төтенше жағдайдан кейін бірнеше есе қымбаттап кетті. Себебін сұрасақ, жұмыртқа мен сүт тапшылығы барлық жерде болғандықтан, бағаны өсірген. Ал енді көкөністердің барлығы жеткілікті. Бірақ олардың да бағасы күнде құбылады. Мысалы, бұрын картоптың келісін 170 теңгеден, ал қазір 280 теңгеден сатылады. Ет те қымбаттады. Сиыр етін 1 700 теңгеден алатын едік, қазір 2 300-2 500 теңгеден, қой етін 1 800-ге алсақ, қазір 2 500-2 600, жылқы еті 2 000 теңге болса, қазір 3000 теңгеден жоғары. Одан аз бағаға ет алу мүмкін емес. Бір келі қазы алу үшін 4 мыңнан аса ақша керек», – дейді Айжан Тілеулесова. Алматының тағы бір тұрғыны Меруерт Айтқұлованың айтуынша, жаңа жылға дейін 1 500 теңгеге алып келген май бағасы 1 600 теңгеге жеткен. 100 теңгеге сатылған «Пампушка» маргарині енді 120 теңгеден асады. Сүт өнімдері де барған сайын бақылаудан шығып бара жатқанын айтқан ол: «Мысалы, ірімшіктің келісі 3 050 теңге болса, қазір 3 700 теңге. Күнде алатын 3.2 пайыздық 330 теңге болған сүт 410 теңгеге дейін көтерілген. Литрі 990 теңге болып келген күнбағыс майы 1 300 дегенде таңғалдым», – деп отыр.Бағаны бақылау кімге жүктелген?
Бағаны негізсіз өсіріп жатқан кәсіпкерлердің үстіне шағым айтқысы келгендер қайда шағымданарын білмейді. Қарапайым халықтың қайда хабарласарын білмей дал болғандарын біз де түсінгендей болдық. Бағаны бақылау бойынша жұмыстың нәтижесі туралы білу үшін бірнеше мекемеге қоңырау шалуға тура келді. Әкімдік бұл міндет Сауда және интеграция министрлігінде екенін айтса, министрлік Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігіне сілтеді. Қысқасы, үш мекемеден келген жауаптан түйгеніміз мынау болды. Қазір агенттік бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнаманы бұзуға байланысты бірқатар шара қабылдаған. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары нарығында бағаны ұстап тұру және 10%-ға дейін сауда үстемесін белгілеу бөлігінде өндірушілермен, көтерме жеткізушілермен және сауда желілерімен монополияға қарсы комплаенстің 189 актісі жасалыпты. 5 қаңтардан бастап күн сайын өңірлерде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының барлық позициялары бойынша бағаларға мониторинг жүргізіледі. Бүгінге дейін тауық жұмыртқасын өндірушілерге қатысты 6 (Қарағанды облысы – 2, Түркістан облысы, Павлодар, СҚО, Ақмола), ал қант бойынша 1 тергеу (Жамбыл облысы), тауық еті бойынша 1 тергеу (Жамбыл облысы) жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ агенттік тұтыну тауарлары мен қызметтерінің бағасын көтеру фактілерін жедел анықтау және жолын кесу мақсатында хабарламалар қабылдау үшін жедел желі құрылғанын алға тартады. «Бүгінде агенттіктің сенім телефонына 2 000-нан астам өтініш келіп түсті, оның ішінде қоңыраудың 50%-ы Алматы қаласының тұрғындарынан, 30%-ы елордамыздан, 20%-ы басқа өңір тұрғындарынан келіп түсті. Көп жағдайда тауарлардың бағасын бөлшек сауда субъектілері көтерген. Атап айтқанда, үйдің жанындағы дүкендер, осындай шағын дүкендер 15%-дық сауда үстемесін сақтамайды. Агенттік келіп түскен шағымдар бойынша өз құзыреті шеңберінде шаралар қабылдайды. Үйдің жанындағы бөлшек сауда дүкендеріндегі бағаның өсуі жөніндегі шағымдар жергілікті атқарушы органдарға жолданады. Басқа шағымдар құзыреті бойынша уәкілетті органдарға жолданады», – дейді агенттіктің баспасөз қызметі. Бағаның бақылауда ұсталуына тағы бір жауапты мекеме – Сауда және интеграция министрлігі шекті бағаларды әрбір өңір үшін жергілікті атқарушы органдар жеке белгілейді және олар елдің басқа өңірлерінде қолданылмайтынын жеткізді. Олар да өз тарапынан инфляция деңгейін тежеу және мемлекеттік реттеу шараларын күшейту жөніндегі тапсырмаларын іске асыру үшін бірқатар шара әзірлепті. Біріншіден, азық-түлік тауарларының негізгі түрлерінің физикалық және бағалық қолжетімділігін қамтамасыз ету шаралары. Осы бағытта Ауыл шаруашылығы министрлігі ішкі нарықты отандық өндіріс тауарларымен толықтыру бойынша жоспарлы жұмыс жүргізіп жатыр. Қазір негізгі азық-түлік түрлерінің 5 айлық қоры қамтамасыз етілген. Бұл нарықтағы тапшылықты болдырмауға кепілдік береді екен. Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірге өндіріс-тұтыну балансын айқындайды және қажет болған жағдайда экспорттық шектеуді енгізеді. Екіншіден, сауда үстемелері мен сыйақыларға мемлекеттік бақылауды күшейту. Бұл шекті бағаларды уақытылы енгізу арқылы бағаның өсуіне жол бермеуге бағытталған. Үшіншіден, бағаның жоғары өсу тәуекелі туындаған жағдайда, монополияға қарсы органның құзыреті шегінде нақты тауар нарықтарында мемлекеттік бағалық реттеуді енгізу. Сондай-ақ министрлік мамандары әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына шекті мәндер мен шекті рұқсат етілген бағаларды енгізу әдістемесін бекітілгенін айтады. Ал әкімдіктер тарапынан сауда үстемесінің сақталуына және сауда желілерінің сыйақы алмауына күшейтілген мониторинг пен бақылау жүргізіледі. Үстеме бағаны көтеретін сауда желілері әкімшілік жауапкершілікке тартылады.Әкімдіктің жауабы қандай?
Нұр-Сұлтан қаласы Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасының баспасөз хатшысы барлық әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдері бойынша мониторинг жүргізіледі деп отыр. Бүгінге дейін бизнестің 8 субъектісінің қызметінде сауда үстемесінен асып кету белгісі бар. Әкімдік осы бизнес субъектілерін жауапкершілікке тарту бойынша жұмыс жүргізді және «ескерту» түрінде ұйғарымдар шығарды. Сондай-ақ 4 дүкенге «Элит Ет» дүкені, «Алтай» дүкені, Тілендиев даңғылындағы ет дүкені және «Жастар» СҮ-не қатысты бағаны көтеру бойынша әкімшілік шаралар қабылданды. «Бүгінде әкімдік әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдеріне шекті сауда үстемесін сақтау бойынша бақылау және қадағалау жүргізу үшін сауда объектілерінің жартыжылдық тізімдерін қалыптастырды. Бұл шаралар нарықтағы жағдайға жүйелі талдау жасауға және бағаның өсуін тежеу үшін тиісті шараларды уақытылы қабылдауға мүмкіндік береді. Баға көтерілген жағдайда кәсіпкерлерге ең қатаң шаралар қолданылатын болады. Егер қалада бағаның өсуіне қатысты ақпарат болса (сауда объектісінің мекенжайын, тауардың маркасы мен бағасын көрсете отырып), Нұр-Сұлтан қаласын әкімдігінің 55-68-99, 55-69-78 нөміріне, бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің аймақтық бөлімдеріне хабарласуға болады», – дейді басқарманың баспасөз қызметі.Жедел желі жауап бермейді
Алматы облысының тұрғындары аймақтағы қымбатшылықты кімге барып айтарын білмей жүр. Көрсетілген жедел желі жауап бермейтін көрінеді. Талғар ауданының тұрғыны Сәния Нүсіпәлі бұл туралы әлеуметтік желіде де бірнеше рет жазба қалдырған. Бірақ жауаптылардан жауап жоқ. «Президенттің Жарлығына сәйкес, әрбір өңірдің әкімдіктері баға тұрақтылығын тексеріп отыру керек еді. Бірақ біздің облыс пен аудан әкімдігі бұл бойынша жұмыс істеп жатқанынан хабарым жоқ. Өйткені әкімшілік тұтынушыларға хабарласатын телефон нөмірін жариялаған жоқ. Талғар қаласы орталығындағы «Талғар», Small супермаркеттерінде азық-түлік 10-20% өскен. Ал «Алтын адам» дүкенінде картоп келісі – 320-ға көтерілді. Базарда сиыр еті 2 800, жылқы еті 3 000, қой еті 2 900 теңгеге шарықтап кеткен. Жедел желіге хабарлассаң, тұтқаны көтермейді. Сонда азық-түлік бағасын тұрақтандыру дегені өтірік болғаны ғой», – дейді Сәния Нүсіпәлі. Ал Алматы облысы сауда дамыту бөлімінің басшысы Айгүл Садырқызы әкімдікке ешкім шағымданбағанын айтты. Шағым болмағаны да түсінікті емес пе? Өйткені жедел желі жауап бермейді. Бірақ бөлім басшысы азық-түлік қымбаттауынан хабардар екенін алға тартты. Айтуынша, қымбатшылықты шағын дүкендерге тауар әкелетін көтерме саудагерлер жасап отыр. Өз кезегінде олар да тауарды 2-3 алыпсатардан үстеме бағамен алады. Мысалы, құс фабрикасында 10 жұмыртқа 350 теңге болса, дүкенге келгенше 550-600 теңгеге көтеріледі. Дүкендер 7-8 пайыз үстіне қосады. «Біз барлық ауданның кәсіпкерлеріне көтерме саудамен айналысатын алыпсатарлардың аты-жөнін Бәсекелестікті қорғау және дамыту департаментіне беруін өтіндік. Қызметтік тексеріс жасау – олардың міндеті. Облыста қант пен сүт өнімдері қымбаттап кетті. Әсіресе, JLC компаниясының өнімдері жаңа жылдан кейін 30 пайызға өскен. Біз компания директоры Богдановамен бағаны түсіру жайлы сөйлестік. Бірақ ол сүтті Қырғыз Республикасынан алатынын, салық өскенімен бағаны түсірмейтінін айтты. Бірақ Бәсекелестікті қорғау және дамыту департаментіне компанияға қатысты шаралар қабылдау керегін айтқанбыз», – дейді бөлім басшысы. Бірақ «тексеріс жүргізу туралы шағым жібердік» деген әкімдіктің сөзін департамент жоққа шығарып отыр. Департамент мамандары да жыл соңында сүт зауыты бағаны өсіретіндерін айтып алдын ала хабар жібергені мен нақты шағым болмауына байланысты шара қолдана алмайтынын айтып түсіндіреді. Сонда Қазақстанның өңірлеріндегі ірі сауда желілері мен супермаркеттерде әлеуметтік маңызы бар тамақ өнімдеріне жоғары баға белгіленгеніне куә болсаңыз, Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігіне хабарласу керек екені бос сөз болғаны ма?