«Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы кәсіпкерлерге келген шығынды өтеу үшін InfoKazakhstan.kz платформасында өтініштерді электронды түрде қабылдауды бастады.
«Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының мәліметінше, Үкімет бекіткен 2022 жылғы қаңтарда жаппай тәртіпсіздік салдарынан шағын және орта кәсіпкерлік субъектілеріне келген мүліктік залалды өтеу механизміне сәйкес іске асырылады.
Өтініш ЭЦҚ көмегімен infokazakhstan.kz сайты арқылы беріледі. Механизмге сәйкес, залалды өтеу туралы өтініштерді өңірлік комиссиялар күнтізбелік 5 күн ішінде қарайды.
Өтініш мақұлданған жағдайда ұсынылған мәліметтер мен құжаттар негізінде өңірлік комиссия айқындайтын мөлшерде қаражат бөлу туралы шешім шығарылады. Қаржы Қазақстан Республикасының бюджеттік рәсімдеріне сәйкес мүлік иесінің өтінішінде көрсетілген ағымдағы немесе жинақ шотына тиісті шешім қабылданған күннен бастап бір ай ішінде өтініш берушіге аударылмақ.
«Зардап шеккен кәсіпкерлердің назарына! Залалды өтеуге өтініш берер алдында осы сілтемеге кіріп, нұсқаулықпен танысуыңызды сұраймыз, сондай-ақ қажетті құжаттардың толықтығына көз жеткізу керек. Құжаттар топтамасы толық ұсынылмаған жағдайда өңірлік комиссия мүліктік залалды өтеуден бас тарту туралы шешім шығарады. Кәсіпкерлерге ыңғайлы болу үшін «Атамекен» ҰКП залалды өтеу бойынша іс-қимыл алгоритмін дайындады. Онда залалды өтеуге өтініш беру қадамдары сипатталған» делінген «Атамекеннің» ресми хабарламасында.
Бұған дейін Алматыда тәртіпсіздік кезінде зардап шеккен дәрігер, өрт сөндіруші, құқық қорғау саласының қызметкерлеріне 2 миллион теңгеге дейін өтемақы берілетіні туралы жазған болатынбыз.