Екібастұздық мұғалім Дария Дошимова оқушылардың оқуға деген ынтасы мен қызығушылығын арттыру үшін түрлі ойын технологиясын пайдалануды ойлап тапқан.
Негізі, Дария Дошимова – Павлодар облысы Екібастұз қаласындағы №35 мектеп-гимназиясында мұғалім. Өзі «кәсіпкерлік және бизнес негіздері» пәнінен сабақ береді. Сондай-ақ ол Youtube желісінде білім беру каналын жүргізіп, сабақ оқытуда геймификация әдісін пайдаланып жүр.
– Қазіргі заманның балаларын интернеттен алшақтату үшін балама ретінде үстел ойындарын ойлап таптым. Өйткені шынайы өмірдегі зияткерлік ойын онлайн ойындарға қарағанда әлдеқайда пайдалы әрі қызықты. Сол себепті үстел ойнын негізге ала отырып, оқушының экономика мен қаржылық сауаттылығын арттырамыз. Бұның қызығына енген оқушы үзіліссіз, жеті сағат бойы ойыннан бас алмайды. Осы әдісті пайдалана отырып, оқушылардың басқа да пәндерге қызығушылығын арттырмақпын, – деді Дария Дошимова.
Айтуынша, оның ұстаздық еткеніне 15 жыл болған. Бүгінде ұстаз Екібастұзда Республикалық жас кәсіпкерлер клубын құрған. Клубтың президенті – қалалық №35 мектептің 10 «А» сынып оқушысы. Клубтың филиалдары Семей және Қызылорда қалаларында да ашылған. Тіпті, оқушылар арасында ойын турнирлерін де ұйымдастырып тұрады.