Жаңа экономикалық бағыттың қағидаттары
Жаңа экономикалық бағыттың қағидаттары
680
оқылды
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев отандық ірі бизнес өкілдерімен кездесу өткізді. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады. Мемлекет басшысы өз сөзінде елімізде қа­лып­тасқан ахуалды талқылап, халық игілігі үшін билік пен бизнестің өзара ықпалдастығына қатысты жол­дарды айқындау қажет екенін айтты. Пре­зи­дент­тің пайымдауынша, бүгінде біздің алдымызда бү­кіл қоғамдық тыныс-тіршілікті түбегейлі транс­фор­мациялау міндеті тұр. Мұның стратегиялық мәні бар. Мемлекет басшысының пікірінше, азғана эли­талық топтар ықпалының артуы және халықтың ба­сым бөлігінің табысының азаюы қауіпсіздікке ай­тарлықтай қатер төндірді. Бұл қоғамның эко­но­ми­калық, әлеуметтік, содан кейін саяси бөлінуіне әкеп соқтыруы мүмкін. – Ұлттық табыстың әділ бөлінуі бойынша тең­герімсіздік пен проблеманың бар екені айдан анық. Халықаралық сарапшылар (KPMG, 2019 жыл) Қа­зақстан байлығының жартысы 162 адамның ғана қо­лында екенін растап отыр. Осы ретте халықтың жар­тысының айлық табысы 50 мың теңгеден аспай­ды. Бұл – жылына 1 300 доллардан сәл ғана асады де­ген сөз. Мұндай ақшамен өмір сүру мүмкін емес. Бұлай жіктелу мен теңсіздіктің қауіпті екенін айт­қан болатынмын. Жағдайды дереу өзгерту керек, – деді Президент. Қасым-Жомарт Тоқаев бизнес-қауымдастықты осы­дан сабақ алып, Жаңа Қазақстанның негізі болу­­ға тиісті жаңа экономикалық саясатты қалып­тас­тыру үшін бірлесіп жұмыс істеуге шақырды. Президенттің сөйлеген сөзінде әділ бәсе­ке­лес­тік, қабылданатын шешімдердің ашықтығы, мем­ле­кеттік саясаттың болжамдылығы, бизнестің са­лық­тық тазалығы, кәсіпкерлердің әлеуметтік жауап­кершілігі қатарлы маңызды қағидаттар ай­тылды. – Бүгінгі сөз болып отырған реформа «тартып алуды және қайта бөлуді» көздемейтінін тағы да қайталап айтамын. Бұл ақымақтық және жауапсыздық болар еді. Міндет – сіздерді, ұлттық буржуазияны еліміздің әлеуметтік-экономика­лық моделін трансформациялау үдерісіне белсене атсалысуға тарту. Өндіріске инвестиция салу, сапалы жұмыс орындарын ашу және экс­порттық әлеуетті арттыру бағытын­дағы игі істерге жауап ретінде мем­лекет жекеменшікті қорғау бо­йынша кепілдікті арттыруға, тұ­рақ­ты­лық пен мемлекеттік реттеу­дің болжамдылығын қамтамасыз етуге, бәсекелестікті әкімшілік ре­сурс­тардың араласуынан, жем­қор­лық пен фаворитизмнен қор­ғауға дайын, – деді Президент. Қасым-Жомарт Тоқаев еліміз­дің Жаңа экономикалық бағы­тының негізін қалайтын басты қағидаттарға жан-жақты тоқталды. Оның пікірінше, бірінші – жекеменшікке қол сұқпау. Бұл мәсе­леде ашық әрі әділ сот кепіл болуы тиіс. экономикалық бағыт Жаңа экономикалық бағыттың екінші бөлігі – инвестициялық климат. Президент мемлекеттің барлық инвестициялық міндеттемелерді мінсіз орындайтынын тағы да мәлімдеді. Сонымен қатар Мемлекет басшысы бизнесмендерді қаржысын өз елімізге салуға ша­қыр­ды. – Егер, Сіздер, болашақ­тарыңызды Қазақстанмен байланыстыратын болсаңыздар, онда қаражаттарыңызды өз елімізге са­лыңыздар. Бұл – Сіздердің Қазақ­стан алдындағы әлеуметтік және саяси жауапкершіліктеріңіз. «Мұн­да табыс табамыз, ал басқа жерде жұмсаймыз» деген қағидатқа жол берілмейді. Сондықтан жұмыс екі бағытта жүргізіледі: капиталды елге қайтарғаны үшін ынталандыру және қаражаттың офшорларға кетуіне жол бермейтін тосқауылдар қою, – деп атап өтті Қасым-Жомарт Тоқаев. Президент атаған үшінші қағи­дат – шынайы бәсеке. – Мұнда, ең алдымен қолдан жасалған монополияларға талдау жасау қажет. Операторлардың, әсі­ресе жеке операторлардың қызметі мүлдем тоқтатылады. Естеріңізде болса, бұрын «өтеп алушы» деген термин болатын. Жеке компаниялар тиісті төлем арқылы мемле­кеттің бірқатар экономикалық функцияларын орындауды сатып алатын. Бұл жақсылыққа апармады. Үкіметке мұндай қызметке заңды түрде тыйым салуды тапсырамын. Барлық орындар бәсекеге ашық болуы тиіс. Нарықтарда қол­дан жасалған көптеген делдалдық тізбектерді жою қажет. Бұл қор­даланып қалған мәселені ешкімнің шешуге құлқы жоқ. Экономиканы деолигополизация бойынша қатаң саясат қажет, – деді Мемлекет басшысы. Одан бөлек, ірі кәсіпорын­дардың салық төлеу және есеп беру мәселелерін ретке келтіру қажеттігі туралы айтылды. Қасым-Жомарт Тоқаев тиімді салық саясаты туралы айта келіп, 2020 жылдың қоры­тын­дысы бойынша мемлекеттік бюджеттің кірісі 34,6 млрд дол­лар (14,6 трлн теңге) болғанын және бұл ЖІӨ-нің 20 пайызы екенін атап өтті. – Аса маңызды мемлекеттік міндеттерді шешу үшін бұл жеткіліксіз. Экономикалық ынтымақ­тастық және даму ұйымына мүше елдерде мемлекеттік бюджеттің кірісі 40-50 пайызға дейін жетеді. Тіпті, біздің жақын көршілеріміздің өзінде бұл көрсеткіш әлдеқайда жоғары. Мәселен, Украинада – 31%, Ресейде – 35,4%, Қырғыз Республикасында – 31%. Соңғы 10 жылда елдің ЖІӨ-дегі салықтың үлесі 9,9 пайыздан 7,3 пайызға дейін төмендеп кеткен. Міне, сол себепті Ұлттық қордан бөлінетін трансфер де тым көбейіп кеткен. 2019 жылдан 2021 жылға дейін 12 трлн теңге, яғни 30 млрд долларға жуық қаржы жұмсалған, – деді Мемлекет басшысы. Қасым-Жомарт Тоқаев атаған тағы бір маңызды мәселе – сатып алуларды реформалау. – Мемлекеттік сатып алулар – өте үлкен экономикалық ресурс. Оны дұрыс пайдалану керек. Бізде бұл – үлкен проблема. Сатып алуларды бәсекесіз жолмен алып жүргендердің үлесі әлі де басым. «Самұрық-Қазына» қорының компанияларындағы сатып алуларды ерекше назарға алу керек. Сатып алулар саласындағы сыбайлас­тық, жасырын өткізу және бағаны жоғары қою мәселелерімен шұғыл түрде айналысу керек. Бір ай уақыт беремін. Егер шешімі табылмаса, өте қатаң шаралар қолданылады. Менің «Платон менің досым, бірақ ақиқат қымбат» деген қағиданы берік ұстанатыныма көздеріңіз жеткен болар, – деді Президент. Мемлекет басшысы жүктеген алтыншы міндет – мемлекеттің экономикаға араласуын төмендету. кездесу Президент «Самұрық-Қазына» қорын реформалаудың перспективасына баса мән берді. – Қазір Қор – өте үлкен құрылым. Жабықтық, «саяси маңызы бар адамдарды» тағайын­дау, сатып алулардың тиімсіздігі, еңбек қатынастарындағы дау-дамай, ауқымды жобалардың аяқсыз қалуы және тиімсіздігі, компанияны ұстап тұру шығындары – бұлардың бәрі қоғамның наразы­лығын тудырып отырған мәселелер. Күні бүгінге дейін мұнай-химия саласын қалыптастыра алмадық. Кеңес дәуірінде салынған зауыттарды қайта жөндеумен келеміз. Директорлар кеңесі рөлі мен тәуелсіз директорлардың қатысуы көп жағдайда ештеңе шешпейді. Қорды түбегейлі реформалау міндетін жүктеймін. Бұл мәселе бойынша Алмасадам Сәтқалиевпен сөйлестім. Егер ол жүктелген міндетті атқара алмаса, өзі де, Қор да бірге кетеді, – деді Мемлекет басшысы. Жаңа экономикалық саясаттың жетінші элементі – әкімшілік кедергілерді азайту. – Былтыр прокуратура органдары кәсіпкерлердің 2,5 мыңнан астам шағымын қарады. Бәрі де қылмыстық қудалау органдарын­дағы лауазымды тұлғаларының іс-әрекеттерімен және шешімдерімен келіспеу туралы шағымдар. Оның 1 мыңнан астамы қанағаттан­дырылды. Кәсіпкерлер (негізінен) полиция қызметкерлеріне, эко­номикалық тергеу қызметіне, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қыз­метке, Ұлттық қауіпсіздік қызмет­керлеріне шағымданған, – деді Мемлекет басшысы. Бас прокуратураға осындай заңбұзушылықтарға ықпал ететін себептер мен жағдайларды анық­тап, кінәлі адамдардың іс-әрекет­теріне принципті түрде баға беру тапсырылды. Қасым-Жомарт Тоқаев сөзін қорытындылай келе, мемлекеттік органдар мен бизнес арасындағы диалог билік пен бизнес арасын­дағы консенсусты қамтамасыз етуге тиіс екеніне тоқталды. Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақ­стан халқына» қорын құру туралы бастамасын қолдап, қаржы ау­дарған бизнес өкілдеріне алғыс айтты. – Мұның бюджет қоры емес, Қазақстан халқының қоры екенін тағы да қайталап айтамын. Сон­дық­тан оның жұмысы ұзақ бюро­кратиялық рәсімдерсіз атқарылуы тиіс және батыл шешімдер қабыл­дануы керек. Көмек нақты, шұғыл және атаулы болуы тиіс. Ірі ком­паниялардың бәрі жыл сайын табыс салығының Үкімет белгілеген бөлігін пайдалы әрі қайырымдылық істермен айналысатын Қорға аударып тұрады. Бизнес-қоғамдастық бұл бастаманы шынайы түрде қолдайды және жобаларды жүзеге асыруда Қорға көмектеседі деп үміттенемін, – деді Президент.