Жеңіске бергісіз тең ойын
Жеңіске бергісіз тең ойын
362
оқылды
Қазақстан құрамасы Еуропа чем­пионатындағы бірінші кездесуін өт­кіз­ді. Алғашқы қарсыласымыз Словения құрамасы болды. Кака шәкірттері бас бапкерсіз дүбірлі доп додасын тең нәтижемен бастады. Нидерланд еліне сапар алдында бірнеше күн бұрын футзалдан Қазақстан құрама­сының ойыншылары Игита, Дәурен Тұрсағұлов, Арнольд Кнауб, бас бапкер Рикардо Кака вирус жұқтырып, командадан оқшауланған. Сондықтан олар Еуропа чемпионатында Словениямен өтетін ойынға қатыса алмады. Артынша Игита, Кнауб, Тұрсағұловтың тапсырған тесттері теріс нәтиже көрсетті. Үш футзалшы жақын арада команда қатарына қосылады. Ал Қазақстан құрамасының бас бапкері Рикардо Кака әлі күнге дейін елордада карантинде жатып, команданың ойынын онлайн басқарып отыр. Әзірге оның алаңдағы міндетін Сергей Коридзе атқарып отыр. Одан бөлек, турнир алдында команданың негізгі ойыншыларының бірі Дәурен Нұрғо­жиннің жарақатына байланысты жарысқа қатыса алмайтыны белгілі болған. Кейін ойыналды жаттығу кезінде қорғаушы Леонардо Мендонка Да Роса да жарақат алып, қатардан шығып қалды. Осындай келеңсіз­діктерге, бірқатар маңызды ойыншылардың жоқтығына қарамастан құрамамыз алғашқы кездесуде Словенияға жақсы қарсылық танытты. Дегенмен бірінші таймда командамыз көбінесе қарымта шабуыл арқылы ойнады. 11-минутта команда капитаны Игита ша­буылға қосылған сәтте қателесіп, доптан айырылды. Нәтижесінде, Денис Тотошкович ашық қақпаны дәл көздеп, есеп ашып кетті. Көп ұзамай Альберт Ақбалықов сло­вениялық қақпашыға қарсы ойын тәртібін бұзғаны үшін қызыл қағаз алып, алаңнан қуылды. Десе де, қарсылас бұл басымдықты пайдалана алмады. Ал 16-минутта Қазақстан құрамасының көшбасшысы Джуниор Дуглас бұрыштама добынан кейін таразы басын теңестірді. 23-минутта қарсылас команда сапынан Матей Фидершек те бұрыштамадан гол соқты. Араға екі минут салып Біржан Оразов көзге түсті. Ойынның 31 және 33-минуттарында Жига Чех пен Тео Турк мергендік танытып, Словенияға басымдық сый­лаған. 36-минутта есеп айырмасын қысқарт­қан Жомарт Тоқаев ұлттық құрамадағы ресми кездесуде дебюттік голын соқты. Матч­тың бітуіне бірнеше минут қалғанда Дуглас дубль жасап, Қазақстанға маңызды бір ұпайды сыйлады. Осылайша, Гронингендегі тартысқа толы матч 4:4 есебімен аяқ­талды. Айта кетейік, маңызды ойын алдында спорт комментаторы Ермұхамед Мәулен Словения Қазақстан құрамасын сүріндіруі мүмкін деп болжам жасаған болатын. Спорт маманының айтқаны айдай келді. Словения сүріндірмесе де бірінші кездесуінде бір ұпай еншіледі. – Словения құрамасы негізінен Чемпиондар лигасында жақсы өнер көрсетіп жүрген «Добовец» командасынан жасақ­талған. Әрі бұл құрама Еуропа аймағынан іріктеліп, Еуропа чемпионатына жолдама алған құрама команданың бірі. Олар іріктеудегі өз тобында Испаниямен бір топта өнер көрсетті. Әлбетте, «қызыл фурияға» шамасы жеткен жоқ. Алайда қалған матчтардың барлығында жеңіске жетіп, екінші орын иемденді. Сонымен қатар Словенияның топ ішінде көрсеткен нәтижесі күллі екінші орындағы құрамалардың ішінде үздік болды. Сондықтан біз үшін бұл құрамамен тең ойынның өзі үлкен жеңіс болады, – деген болатын Ермұхамед Мәулен. Біз өз кезегімізде футзал ардагері, белгілі отандық маман Владимир Кравченкодан Қазақстан құрамасының құрлықтық біріншіліктегі мүмкіндігі жайлы пікірін білдік. – Қазақстан құрамасы бұған дейін әлем чемпионатында төртінші орын алып, Еуропа чемпионатында қола жүлдеге ие болды. Бұл – үлкен жетістік. Бұл сында да құрамадан үлкен үміт күтемін. Команданың турнирде жеңіске жеткенін немесе кем дегенде финалда ойнағанын қалаймын. Коронавирусқа байланысты жарыс көрерменсіз өтетіні өкінішті. Оның үстіне, әр құрамадағы ойыншылардан коронавирус анықталып жатыр. Сондықтан командалар толық құрамда ойнап жатқан жоқ. Қазақстан құрамасында да осындай жағдай кездесіп отыр. Әлбетте, біз өз тобымызда бірінші орын алуымыз керек. Өйткені біздің топ плей-оффта Португалия ойнайтын топпен кездеседі. Егер екінші орын алатын болсақ, онда ширек финалда азулы деген Португалиямен жолымыз түйісуі мүмкін. Олар топтан бірінші орынмен шығады деп ойлаймын. Оған ешкім күмән келтірмейді. Сол себепті бізге В тобында бірінші орын алудың маңызы өте жоғары, – дейді Владимир Кравченко. Жарыстың жеңіп алуға мүмкіндігі жоғары құрамалар туралы спорт мамандары да өз болжамын жасауда. Олардың қатарында Қазақстан құрамасы да бар. Дайындық деңгейіне қарайтын болсақ, қазір Ресей құрамасы мықтылардың санатында. Өйткені Ресейдің барлық ойыншысы қатарда. Испания құрамасы мен әлем чемпионатын жеңген Португалия құрамалары да финалда өнер көрсетуге, Еуропа чемпионы атануға қауқарлы. Дегенмен құрлықтық додада осал қарсылас жоқ. Әр құраманың да жеңіске жетуге мүмкіндігі бар. Құрамалардың дең­гейін алдағы уақыт көрсетеді. Біз байрақты бәсекеде өз құрамамыздың тілеуін тілейміз. Әзірге құраманың басты мақсаты – В тобынан бірінші орынмен шығу. Кака шәкірттері бас бапкердің тапсырмасын бұлжытпай орындаса, жүлдеге таласуға мүмкіндігіміз жоқ емес. Енді Қазақстан құрамасы 24 қаңтар күні Финляндия құрамасына қарсы топтағы екінші ойынын өткізеді. Ал екі дүркін Еуропа чемпионы Италиямен 28 қаңтарда сынға түсеміз. Сәттілік серік болғай!