Шетелдік БАҚ: «Қазақ елі қайран қалдырды»
Шетелдік БАҚ: «Қазақ елі қайран қалдырды»
487
оқылды
Қазақстан 2022 жыл басында әлемдік ақпарат айдынындағы «басты тақырыптың» біріне айналды. Қазақ елінде не болып жатқанына қызығушылық танытпаған белді шетелдік ақпарат құралы қалмады. Демократиялық журналистиканың мызғымас қағидасы бар: бейтарап болу, бір тараптың жетегінде кетпей, әр жаққа тең қарау, сенімді ақпарат көздеріне ғана сүйену, тек нақты фактілерге жүгіну. Қынжылтатыны сол, әсіресе, батыстық БАҚ-та бұл қа­ғидат аяқасты етілді. Елде тұрақ­тылық орнатуға күш салып жатқан билікті біржақты жамандау, тіпті жала жауып, қаралау басым. Шетелдік ақпарат құралдары бір-бірі­мен жарысып, жаңа аудитория мен қара­лым жинау жолында фейк пен қауесетті басудан да арланбады. Бұл ретте олар осы мақсатта әдейі құрылған Телеграмм-арналарға, әлеуметтік желідегі алыпқашпа ақпаратқа сүйеніп жатты. Дегенмен салмақты басылымдар Қа­зақстандағы оқиғаларды қалай көрсетуде, қалай бағалауда? Британдық BBC арнасы респуб­ликадағы «Қаралы қаңтар» оқиғаларын суреттегенде билікті көбірек сынауға бейім болғаны аңғарылады. Оның жур­налистері, әсіресе посткеңестік, мұсылман, Азия елдерін сынағанды ұнататын ауди­тория­сының ығына жығылғандай. Мы­салы, тәртіпсіздіктер кезінде қаза тапқан тәртіп сақшылары, әскерилер туралы бір жолмен ғана айтып, сюжеттердің қалған бөлігін күш құрылымдардың аяусыз әрекет етке­ніне арнады. Әйтсе де, BBC тілшілері бүліктер аяқ­талып, қалада тәртіп орнағаннан кейін Алматыны аралаған, оқиғаларға қатысты қарапайым халықтың пікірін білген. Көше­дегі адамдар қарсылық шараларының қалай­ша тез барлық өңірге таралып, тос­қауылсыз зорлық пен тонауға ұласқанына таңданады. Респонденттердің кейбірі билік әу бастан қатал қимылдауы керек еді деген пікірін жеткізді. Біраз адам тәртіп орнату кезінде жазықсыз адамдардың жазым болғанына қайғырды. «Мен наразылыққа шыққандардың талабын түсінемін, біздің жалақыларымыз өсетін емес, баға болса, бар салада қымбат­тап барады. Алайда бұзақылық пен ма­родер­лікті тыю керек, одан қарапайым адамд­ар мен бизнес зардап шегеді», – деген ал­матылық 22 жастағы аспаз жігіттің үн­деуін еуропалық аудиториясына жеткізді BBC. Германияның федералдық мемлекеттік телевизиялық және радиохабар тарату арнасы – Deutsche Welle Қазақстанға қа­тыс­ты соңғы сараптамасын «Еуропарла­мент Қазақстандағы оқиғалар туралы не ойлайды?» деген тақырыппен 20 қаңтарда жариялады. «Еуропалық Одақ Қазақстанда не бол­ғаны және бейбіт наразылық шараларының қалайша тәртіпсіздікке ұласып кеткені жайында байлам жасауға асығар емес. Сондықтан ЕО халықаралық тергеп-тек­серуді талап етіп отыр. Ресейден айырма­шы­лығы, Еуроодақ Қазақстандағы оқи­ғалар кезінде ешқандай рөл атқарған жоқ. Бірақ бұл оқиғаларды ЕО назардан тыс қалдыра да алмайды», – дейді DW. ГФР-дің жетекші ақпарат құралы Еуро­парламенттегі сәрсенбінің түнінде өткен дебаттарда Еурокомиссияның атынан сөйлеген, денсаулық сақтау мәселелері жө­ніндегі еурокомиссар Стелла Кириаки­дестің сөзін келтірді. «Саясаткер 2 қаңтарда басталған бейбіт протесттер мен одан кейін өршіген тәр­тіп­сіздік пен зорлық-зомбылықтың аражігін нақты айырып алу қажетін атап өтті. «Ай­қын­далған картина куәландырып отыр­ғандай, жақсы қаруланған және жаттығудан өткен экстремистік топтар бейбіт демонс­трант­тарды ығыстырып, бастаманы өз қо­­лы­на алды. Алайда экстремистердің тұл­ғасы анықталмады, олардың ниеті түсініксіз болып қалды. Бұл топ­тар белгілі бір әскери, күш құрылым­дарымен байл­а­нысты болуы мүмкін», – деп баса айтты Ки­риаки­дес», – деген DW қарсы тарап­тар­дың да ұстаны­мын білдіре келе Еуроодақтың Қазақстанға қатысты болашақ саясаты туралы байлам жасауға тым ерте деген С.Кириакидестің ұстаны­мымен келісті. шетелдік БАҚ Неміс басылымдары Еуропарламенттің мүшесі, «Еуропаны жаңарту» партиясының өкілі Кристоф Грюдлердің мәлімдемесінен цитата келтіруде: ол Президент Тоқаевтың легитимділігін және саясаттағы суверени­тетін Еуропада ешкім де жоққа шығара алмайтынына, бірақ енді бейбіт азаматтарға күш құрылымдарының зорлық-зомбылық жасауын тоқтатудың маңызды екеніне назар аудартты. Reuters халықаралық агенттігі Қазақ­стандағы «Қасіретті қаңтар» оқиғаларын қазір «отын бағасын көтеруден туындаған тәртіпсіздіктер» деп ұстамдырақ бағалауда. Кейінгі жаңалықтарында осы ұғымды қол­данады. Әйтпесе, бұған дейінгі репортаж­дарында батыстық өзге ақпарат құралдары қатарында «көтеріліс», «заманақыр», «апо­ка­липсис» секілді әсірелеу сөздерін пайда­ланған-тын. Рейтер ҚР Бас прокуратура­сының қылмыстық қудалау қызметінің басшысы Серік Шалабаевқа сілтеме жасай отырып, елдегі бейберекетсіздіктер кезінде 225 адамның, соның ішінде 19 күш құрылы­мы қызметкерінің қаза тапқанын хабарла­ды. Оның мәліметінше, «күш құрылымдары атып тастағандар арасында бейбіт тұрғын­дар да, қарулы «бандиттер» де бар», алайда құ­зырлы органдар әлі күнге олардың қан­ша­сы жазықсыз, қаншасы лаңкес екенін ажыратып, нақты үлесін айта алмай отыр». «Бұрынғы кеңестік республиканың бүкіл өңірін қамтыған тәртіпсіздіктерге 50 мыңдай адам қатысқан. Ұсталғандардың ұрып-соғуға, азаптауға қатысты шағымы артқан соң Президент Тоқаев сенбіде по­лицияға асыра сілтеуге жол бермеуді тап­сырды және прокуратураны ауыр қылмыс жасамағандарға жұмсақтық танытуға шақырды», – деп жазады Reuters. Америкалық The New York Times «Қай­ғылы қаңтар» оқиғалары америкалық истеблишментті аң-таң еткенін айтады. «Ресей мен Қытай арасында қысылған, теңізге шығар жолы жоқ әлемдегі ең ірі мемлекет, аумағы бүкіл Батыс Еуропадан үлкен, 19 млн ғана халқы бар Қазақстан күні бүгінге дейін тұрақсыздық жайлаған осы өңірдегі саяси және экономикалық тұрақтылықтың аралы ретінде қарасты­рылып келген. Наразылық шараларының маңызы сол, Қазақстан Ресеймен байла­нысты: ал оның президенті В.Путин бұл елді Ресейдің егізіне айналдыруға, оның экономикалық және саяси жүйесі Ресейге ұқсас болуына, сөйтіп, ресейлік ықпалдан шыға алмауына қол жеткізуге ынтық», – деп түйін түйе келе, Қазақстанның АҚШ үшін аса маңызды екеніне екпін түсіріп, оны дәйектейді. Ұлыбританияның The Guardian күнде­лікті газеті «тәртіпсіздіктердің толық тари­хы қазақстандықтардың көпшілігі үшін зорлық-зомбылық ошағына айналған Ал­ма­тыны сол күндері жапқан қалың тұман­дай бұлыңғыр болып қалғанын» жеткізді. «Сол күндері адамдар нақты ақпарат ала алмады, себебі интернеттің ағытылып тастауы салдарынан бірнеше қайғылы күн ішінде сыртқы әлеммен байланыс үзілді. Қала көшелерінде әскери машиналар сабылды. Үкіметтік ғимараттар жанды. Ал мемлекеттік телеарналар «бандиттер мен тер­рор­шылардан» қауіп-қатер төніп тұр­ғанын тоқтаусыз хабарлап, олардың аяусыз жойылатынын жариялап жатты. Қазір елде тәртіп орнатылды, интернет қалпына кел­тірілді. Бірақ жауабы жоқ сұрақ көбеймесе, азаймаған. Бір нәрсе айқын: табиғи ресурс­тарға бай орталықазиялық мемлекет – Қазақстан туралы көптеген ескі түсінік­тердің бәрі енді теріске шығарылды, мәнін жоғалтты», – деп жазады Гардиан. Испанияның беделді саяси газеті El Pais «Әзірге Қазақстандағы оқиғалар ту­ралы байлам жасауға ерте. Бұл елде наразы топтардың билік өкілдерімен қақтығысы, тәртіпсіздіктер бұрын да болған», – дегенге келтірді. Жалпы, шетелдік ірі ақпарат құралда­рының сюжетін қарап, мақалаларын оқы­ғанда бір жайт көзге анық түседі: Ба­тыс­та тәуелсіздіктің 30 жылдығында Қа­зақ­стан­ның қандай даму жолынан өткенін бүге-шігесіне дейін білетін сарапшы жоқ. АҚШ-тың, Еуропа елдерінің журналистері тартқан жергілікті сарапшысымақтар «бұрынғы кеңестік республика», «көптеген ұлттардан тұрады», «мұсылман ел» деген стереотиптер­ді қолданады немесе «мен бә­ленбай жыл бұрын Қазақстанда болған­мын» деп сонда көргенін әңгімелеп кетеді. Сондықтан ба­тыстық БАҚ сарапшы ретін­де қазақстандық оппозиция өкілдерін, тіпті қатардағы жур­налистер мен блогер­лерді тартуда. Олар өз өкпе-наздарын айтуға бейім. Тағы бір жайт, Ұлыбритания, Еуропа және АҚШ-тың бірқатар басылымдары Қазақстандағы бейберекетсіздіктерге ар­налған мақалаларында Қырғыз Республи­касындағы революция кезіндегі фотоларды басты. Қазақтардың көшеде қалпымен айыр қалпақ киіп жүрмейтінін білмейтін болса керек. Қалай болғанда да, шет мемлекеттердің билігі де, қоғамы да әлі күнге нақты бір ұс­та­нымға келе алмағаны байқалады. Ен­деше халықаралық қоғамдастықтың пі­кі­рін өз жағына аударуға Қазақстан билігінің мүмкіндігі бар. Бұл ретте СІМ-нің шетелдік журналистермен бір рет кездесіп, қоя сал­ғаны қайран қалдырады. Мұндай жағдайда Үкіметтің сыртқы саясат пен ел имиджіне жауапты құрылымдары да, Орталық ком­муникациялар қызметі де неге әлемдік БАҚ үшін күн құрғатпай, баспасөз мәс­ли­хаттарын өткізбейтіні, жақсы дайындалған, мемлекет ұстанымын дәйектей алатын шешен спикер-сарапшыларды, тіл білетін «Болашақ» түлектерін ұсынып, ақпарат айдынындағы күн тәртібін қалыптастыруды өз қолына ала алмай отырғаны түсініксіз.