"Өлуге дейін барамын!". Алматыда әке полицейлердің ұлын қабірден қазып алуына қарсы
"Өлуге дейін барамын!". Алматыда әке полицейлердің ұлын қабірден қазып алуына қарсы
242
оқылды

Алматы облысында 5 қаңтар күні тапа-тал түсте оқ тиіп қаза болған 21 жастағы Олжас Әлімжанұлының денесін жақындары мәйітханадан алып, арулап көмген. Ал кеше онсыз да ұлдарынан айырылып, қайғы жұтып отырған Олжастың ата-анасы жайсыз хабар естіп, төбелерінен жәй түскендей болды. Өйткені, әлі топырағы кеппеген марқұмның мәйітін полицейлер қайта қазып алып, сараптама жүргізетінін айтқан, - деп хабарлайды 31-арнаның "Информбюро" бағдарламасы. 

Олжастың денесін аларда мәйітханадағылар мүрдені тексеріп, өз қолдарымен тапсырды деген марқұмның әкесі "баламның қабірін қазғызбаймын" деп отыр. Олжас Әлімжанұлы бесінші қаңтар күні түскі сағат 2-лер шамасында үйдегілеріне "жұмысқа барып келемін" деп кеткен. Ол «Алтын Орда» базарындағы дүңгіршектердің бірінде ұялы телефонның бөлшектерін сатумен айналысқан. Бірақ көп ұзамай ата-анасына Олжасқа оқ тиіп, ауруханаға түскендігі жөнінде хабар жеткен. Жақындарының айтуынша, оқ Олжастың жамбасына тиген. Алайда оған нақты кімнің және қай жерде қару атқанын білмейміз, дейді.
"Енді бұлардың келіп мәйітті ашамыз дегенін мүлдем 100 пайыз қолдамаймын. Әрқандай нәрсеге баруға дайынмын. Өлуге де, бәріне бармын. Ешқандай аштыра алмаймын", - деді марқұмның әкесі Әлімжан Сәбенұлы.
Марқұмның әкесі баласын Жамбыл ауданындағы Ақсеңгір ауылына жерлейтінін ауыл әкіміне де, дәрігерге де ескерткендерін айтады. Мәйітханада мүрдені тексеріп өздері қолымызға берді, дейді. Ал марқұмның жақындарына өзі келген Жамбыл аудандық Полициясының бастығы Айдар Омаров мүрдені қазып, сараптама жасаймыз, деген.
"Сіздердің рұқсаттарыңыз керек. Бізде аудандық соттың қаулысы бар. Ертең бәрібір сұрақ туындайды. Күдікті адамды ұстау керек. Қазір енді көміп қойдыңыздар. Бізге эксперттер керек, толық құжат керек. Сол аға", - деді Жамбыл аудандық Полиция басқармасының бастығы Айдар Омаров.
Олжас - бір үйдің жалғыз ұлы. Артынан ерген қарындасы ғана бар. Ал облыстық полиция департаменті мәйітке сараптама жасалмаған, қаза тапқан азаматтың қайтыс болу себебін анықтау үшін эксгумация қажет, дейді.