Әкімдік ғимаратының 1-қабаты халықты қабылдауға ыңғайлы болуы керек – Сағынтаев
Әкімдік ғимаратының 1-қабаты халықты қабылдауға ыңғайлы болуы керек – Сағынтаев
Фото: ru.mdz-moskau.eu
177
оқылды

Алматыда өрттен кейін қаңырап, қоқысқа көміліп қалған әкімдік ғимараты қайта қалпына келтіріледі, – деп жазады inform.kz. Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев қираған қаланы қайта қалпына келтіру жөніндегі қалалық штаб жиынын өткізді.

Алматы әкімнің орынбасары Мұхит Әзірбаевтың айтуынша, әкімдік ғимаратының тарихи келбеті қайта қалпына келтіріледі. «ҚазҒЗЖИ мамандарының айтуынша, әкімдік ғимаратының сыртқы қабаты да өртеніп кеткен. Сондықтан ғимараттың қасбетіндегі мәрмәр тасты да бұзуға мәжбүр болдық. Мақсатымыз – ғимараттың тарихи келбетін қалпына келтіру. Тас және басқа материалдарды жобаны бұрын сызған авторлар және қаладағы сәулетшілермен бірге таңдап, қалпына келтіреміз» – деді Мұхит Әзірбаев. Қаланың әкімі Бақытжан Сағынтаев қала әкімдігінің 1-қабатын халықты қабылдауға ыңғайлы етіп жасау керегін айтты.
«Әкімдік ғимаратының 1-қабаты халықпен ашық кездесуге ыңғайлы емес. Мүмкін осы жағдайды пайдалана отырып, Әлеуметтік үйді жасағандай тұрғындармен кездесуге ыңғайлы етіп жасаған дұрыс шығар. Осы жағын сәулетшілермен ақылдасып көріңіздер. Бұл жұртшылықпен кездесуге, оларға қызмет көрсетуге ыңғайлы болар еді», – деді Бақытжан Сағынтаев.

Бұған дейін жұмыс орны өртеніп кеткен Бақытжан Сағынтаев 30 жыл бұрынғы әкімдік орналасқан ғимаратты паналап отырғанын жазған болатынбыз.