Үкімет ашып жатқан жұмыс орындары халықты кедейшіліктен құтқара алмайды. Өйткені онымен күресуге жауаптанған ведомстволар нақты нәтижені емес, тек қысқамерзімді әсер факторды таңдайды. Ал мемлекеттік бағдарламалардың арқасында өз кәсібін дөңгелетіп әкеткендердің көрсеткіші тым жұпыны, сондай-ақ жыл сайын оқу орнын бітірушілердің елеулі бөлігі жұмыссыздар армиясын көбейте түседі. Қазақстан тәуелсіздік алғалы бері әлеуметтік мемлекет ретінде дамып келеді. Алайда қаңтар айының басындағы трагедиялық оқиғалар, халықтың бейбіт шеруде айтқан талаптары «еститін үкіметке» елдегі әлеуметтік-экономикалық проблемалардың қаншалықты ушығып кеткенін көрсетіп берді. Экономист Марат Қайырленов мұның сырын көптеген бағдарламаның сапалық тұрғысынан сын көтермейтіндігінен деп түсіндіреді: «Біріншіден, Үкіметтегі халықты еңбекпен қамтуға жауапты мамандардың кәсіби біліктілігі төмен. Салдарынан жобалар о баста дұрыс сарапталмайды, оларды іске асыру кезінде жемқорлыққа жол беріледі және қатаң қадағалау жасалмайды. Екіншіден, жобаларды жүзеге асыруы тиіс мемлекеттік механизмдердің өзі егжей-тегжейлі нақтыланбаған. Сондай-ақ Қазақстанда кәсіпкерлерге қаржылай көмек көрсететін 32 мемлекеттік қолдау институтының атқарымдық функциялары бір-бірімен шатысып жатыр. Адамдар соның бәріне барып, сабылып жүреді», – дейді экономист. Оның айтуынша, былтыр кейбір өңірлерде «Еңбекпен қамту» бағдарламасы үшін қарастырылған қаржы жыл аяқталар шақта ғана – қазан-қараша айында түскен. Ал 2-3 айда игермесе, кейін алып қоямыз деп тағы қорқытады. Сондықтан жоба операторлары бөлінген ақшаны қалай болса солай жаратуға жанталасады. Мұнан кейін қандай жұмыс сапасы туралы айтуға болады?! Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шәпкеновтің айтуынша, Қазақстанда 6,7 млн адам жұмыс істейтін 340 мыңнан астам белсенді кәсіпорын бар. Ал жұмыссыздар саны 450 753 адамды құраған. Алайда жасырын жұмыссыздық деңгейінің одан әлдеқайда жоғары екені белгілі. Айталық, былтыр көптеген дамыған елде эпидемиологиялық ахуалға байланысты еңбек нарығындағы жағдай құлдырап, жұмыссыздық көрсеткіші 10-15%-ды маңайлаған. Мәселен, АҚШ-та жұмыссыздық деңгейі бір жылда – 8,1%-ға дейін, Канадада – 9,6%-ға, Испанияда 15,5%-ға дейін артқан. ТМД-ның басқа елдерінде де жұмыссыздықтың өскені байқалады: Арменияда (+4 пунктке), Әзербайжанда (+2,3 пунктке), Украинада (+1,7 пунктке), Өзбекстанда (+1,6 пунктке). Ал біздегі жұмыссыздық 2020 жылы небәрі 0,1 пунктке артып, 4,9%-ды құраса, 2021 жылғы ресми статистика сол қалпында қалып отыр. Бұған қарап, Қазақстан жұмыссыздықпен күресте әлем елдерінің алдына шығып кеткен бе дерсің?! Бірақ ол цифрға әлеумет те, сарапшылар да сенбейді.
Мемлекеттік бағдарламалардың пәрмені жоқ
Республикалық бюджеттің жартысынан астам бөлігі әлеуметтік салаға бөлініп, халықтың тұрмысын жақсартуға бағытталады. Бірақ осы қаржыны халық игілігі үшін тиімді пайдалану тұрғысынан келгенде кем-кетік көл-көсір. «Жұмыссыздық деңгейін төмендету шығындарының едәуір бөлігі уақытша жұмыс орындарын ашуға жұмсалған. Соның салдарынан адамдар орташа алғанда небәрі 1-3 айға ғана уақытша еңбекпен қамтылады. Еңбек министрлігі мен әкімдіктер көп жағдайда жүздеген миллиард құйылып жатқан еңбек бағдарламалары аясында жылдам орындалатын, тиімділігі аз жобаларға басымдық береді. Есеп комитетінің дерегінше, дағдарысқа қарсы жобалардың бар-жоғы 14%-ы ұзақмерзімді экономикалық активтерді және объектілерді құруға бағытталған. Осыдан әлеуметтік саланың әлсіздігін өтейтін әдеттегі модель сәтсіздікке ұшырай бастады»,– деді Парламент Сенатының депутаты Айгүл Қапбарова. Сондай-ақ мемлекет тарапынан кәсіпкерлерге қаржылай қолдау көрсету ісі де ақсап жатыр. Мәселен, отандық өндірушілерге «Еңбек» бағдарламасы шеңберінде микронесие беріледі. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, сол арқылы шағын және орта бизнестің ЖІӨ-дегі үлесін 2025 жылға қарай 35%-ға дейін жеткізу, жұмыспен қамтылғандар санын 4 миллион адамға дейін ұлғайту көзделген. Алайда микронесиелерді бөлумен бірнеше мемлекеттік органдардың қаржы институттары айналысатындықтан, бұл істе бірізділік жоқ. Соның кесірінен қазынадан бөлінген несиенің құны 0,01%-дан 6,0%-ға дейін қымбаттаған. Одан бөлек, 2017-2021 жылдары «Бастау Бизнес» жобасы бойынша 165 мың тыңдаушыны оқытуға мемлекеттік көздерден 13,1 млрд теңге қарастырылған. Бірақ қазынадан мұншама қаржы құйылған жобаның нәтижесі көңіл көншітпейді. Соңғы үш жыл ішінде жобаға қатысқандардың тек 24,4%-ы өз бизнесін ашқан. Сондай-ақ жұмыс орындарының тапшылығынан немесе жалақының мардымсыздығынан жыл сайын ЖОО бітірген жастардың елеулі бөлігі екі қолдарына бір күрек таппай, сенделіп жүр: 2018-2020 жылдары аралығында жұмыссыз түлектердің үлесі 76,2%-дан 68,2%-ға төмендеген. Тағы бір мәселе, «Серпін» жобасы бойынша 2018-2020 жылдары берілген гранттардың 55%-ы талап етілмеген күйінде қалған. Сенатор «Жұмыспен қамтудың Жол картасы» бағдарламасына бөлінген қаражаттың тиімді жұмсалуын қатаң қадағалау қажет деп санайды. Сондай-ақ қолданыстағы «Еңбек» бағдарламасына қосымша инфрақұрылым объектілерін салу және дамыту есебінен жұмыс орындарын көбейту керегін айтады. «Өзін-өзі «өнімді жұмыспен» немесе «өнімсіз жұмыспен» қамтитын деген түсініксіз санаттағы адамдардың күнкөріс деңгейі әлеуметтік тұрғыдан кешенді зерттелуі тиіс. Икемді еңбек нарығын жетілдіргенде алдымен қоғам дамуының ең басты авангарды – жастарды тұрақты жұмыспен қамту мәселесін шешу керек», – деп түйіндеді Айгүл Қапбарова.Ауылдықтар екі қолға бір күрек таппай жүр
Жалған статистика ауылдағы нақты жұмыссыздық жағдайын да жасырып, жауып тұр. Шалғай жерлерде көптеген тұрмыстық-әлеуметтік мәселелердің шешілмеуінен ішкі көш-қон жылдан-жылға ұлғая түскен. Тек 2019-2020 жылдары ауылдан қалаға 880 мың адам қоныс аударған. Қазір еңбекке қабілетті халықтың 41 %-ы ауылдан қалаға көшуді қалайды. Ал ірі мегаполистерде тұрғындар санының өсуі еңбек нарығына қысымды одан сайын күшейте түспек. Әрине, урбанизацияның әлемдік үрдіс екені түсінікті, бірақ оны реттеп отыру керек қой. Егер қалаларға жаппай қоныстану басталса, ауыл шаруашылығында кім жұмыс істейді, мемлекеттің азық-түлік қауіпсіздігін қалай қамтамасыз етеміз? Шекаралас аудандар қалай қорғалмақ? Ауылдық аймақтардың ахуалын реттеу экономикалық қана емес, саяси, стратегиялық маңызы бар күрделі мәселе. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік органдардың құрғақ цифрлар ойнын доғарып, елдің тұрмысын жақсарту бойынша нақты тапсырма берді. Халық болса, Үкімет қазіргі жағдайды ескере отырып, жұмыспен қамту бойынша қандай шаралар қабылдап жатыр деп алаңдаулы. «Біз, бір топ сенаторлар, Үкімет басшысына ресми органдар ұсынған бояма сандардың ауыл өмірінің шындығына сәйкес келмейтінін айтып келдік. Статистика бойынша ауылдағы жұмыссыздар саны 181 мың адам немесе 4,7%. Бірақ іс жүзінде одан әлдеқайда көп. Біз республиканың барлық аудандарында арнайы әлеуметтік сауалнама жүргіздік. Олардың басым көпшілігі басты мәселе деп жұмыстың жоқтығын атады. Осы сауалнамада көрсеткендей, ауыл тұрғындарының нақты табысы айына 35 мың теңгені құрады. Мұндай ақшаға қалай күн көруге болады?» – деп кейіді тағы бір сенатор Ақылбек Күрішбаев. Үкімет ауылды дамыту үшін әр жылдары түрлі бағдарлама әзірлеген. Қазіргі осы мақсатта «Ауыл – ел бесігі» жобасы қабылданған, бірақ оған жеке ұлттық жоба мәртебесі берілмеген. Ал ауылға басымдық беретін дербес құжат жасалмай, бұл бағытта үлкен жетістіктерге қол жеткіземін деу әурешілік болар. Депутаттар, сондай-ақ бұл жобаны жүзеге асыруды Ұлттық экономика министрлігінің қарамағынан алып, Ауыл шаруашылығы министрлігіне беруді ұсынған еді, әзірге бұл ұсыныс та ескерусіз қалған. Өйткені кез келген ауылды дамытудың негізінде ауыл шаруашылығы өндірісін дамыту мәселесі жатқанын ұмытпаған жөн. Бүгінде бірқатар елді мекендер ірі ауыл шаруашылығы кәсіпорындары мен шаруа қожалықтарының арқасында өмір сүріп келеді. Шалғай жерлердегі бірден-бір жұмыс беруші солар. Дегенмен әкімдердің шешімдерінің арқасында, әйтпесе өздерінің пысықайлығымен ірі жер пайдаланушыларына (латифундистер) айналған көптеген үлкен компания әлі де болса «ауылдың ішкі жағдайына бас ауыртпай, егін егуге және егін жинауға ғана келетіні» жасырын емес. Ал Үкімет пен жергілікті атқарушы билік мұндай жосықсыз компаниялардың әлеуметтік жауапкершілігін арттырып, аймақтарды дамытуға міндеттейтін болса, онда елді мекендердегі жұмыссыздық қана емес, басқа да көптеген проблеманың шешілуіне сеп болар еді.