Алдында Аманхан аға қайтты...Артынан Есенғали ере барды...Тұтас бір дәуірдің тастүлектері. Екеуінің әзілі де, қалжыңы да жарасатын. Бірін-бірі толықтырып жүретін. Кейде Есенғалидың ащы мысқылын Аманхан аға ауырсынбай көтеретін. Қарап отырсақ, қазақ зиялылары өмірге толқын-толқын болып келеді екен. Сиреп қайтады екен...Аманхан Әлім! Жарқын ғұмыр иесі. Поэзия әлемінде өзіндік қолтаңбасы бар. Қазақ журналистикасында салған сара соқпағы бар. Сөйлесе – сөзге шешен, жырласа – кәусар бұлақтай таза, айтса – алдаспанмен кескендей кесек қиятын; ешқашан мәймөңкелеп көрмеген, өмірбақи ел деген аяулы азамат. Тірі болса, биыл 70-н атап өтер еді.
Ақынның балалық шағы Сырдың бойында, аң-құсы ну тоғайда мекен ететін, адамдары жайдарлы, мейірімді, шапағатқа толы мекен – бұрынғы Оңтүстік Қазақстан облысы Отырар ауданындағы Қожатоғай елді мекенінде өтті. Алматыға арман арқалап келді. Сол Алматыда мәңгілік жай тапты. Бір сұхбатында Аманхан аға «Кіндік қаным тамған жерді, алаңсыз, кіршіксіз бала күнім өткен жерді сағынбаған күнім болған емес. Бұрындары қауырт жұмыстың арасынан уақыт тауып, әйтеуір жылына ауылға екі-үш рет барып қайтушы едім. Шырайлы Шымқалаға тоқтамай, тіке ауылыма тартып кетіп, балық аулап, жатып алатынмын. Осы әдетімді байқаған журналистер маған «ауылына ұрланып барып, ұрланып қайтатын ақын» деген «атақ» берген. Соңғы жылдары жұмыстан қол босамай, туған жерге баруым сиреп кетті. Ауылымды сағынғаным соншалық, тіпті түсіме кіретін жағдайға жетті. Бала күнімізде ауылымызда көнекөз қариялар көп болды. Шіркін, олардың әңгімелері тағылым-тәрбиесі мол ұлағатты ойлар ғой. Сол ақсақалдардың арасында талай бірге отырып, батырлар жырын тыңдап өстік. Өзім де оларға батырлар жырын оқып беріп жүретінмін. Атам (әкемді солай атайтын едім) шежірешіл, құймақұлақ кісі болатын. Кез келген естіген әңгімені кәдімгі диктофон секілді миына жазып алып, сол қалпында өзімізге қайталап айтып беретін. Әкеміздің білімпаздығы маған да дарыса керек, үшінші сыныпта ежелеуді білмей, кітапты зуылдап оқитын дәрежеге жеттім. Ал төртінші сыныпта аудандық газетке мақалаларым шықса, бесінші сыныпта алғаш өлеңім жарық көрді», – деп ағынан жарыла сыр ақтарғаны бар.
Балғын да болам деген бала «Менің атым Қожа» шығармасын басына жастап оқиды. Аманхан ақынды да тәрбиелеген Қожа десек те болады. «Шығарманы әлі күнге дейін қайталап оқып тұрамын. Қазір байқап қарасам, сол Қожадан өзімді көргендей боламын. Мен де «қара көже» секілді бұзық, қиқар, сабақ үлгерімі орташа оқушы болдым. Егер мен балалық шағым жайлы кітап жазар болсам, қазақ прозасына тағы бір «Менің атым Қожа» келер еді», – деп жазды да. Қожаға еліктеп талай қиқар әрекет те жасапты. Соғысқа қатысқан, жасы келген бір ер мұғалім сабақта шаршап, кейде ұйықтап отыратын. Бірде оның ұйықтап отырғанын пайдаланып, алдыңғы партаға отырып, алақанына ащы қызыл бұрышты сеуіп, ағайдың тұмсығының түбінен жәймен үрлейді. Бір кезде ол тынымсыз түшкіре бастады. «Балалар маған суық тиіп қалыпты, сабақтарыңды оқып отыра беріңдер» деді де, үйіне қайтып кетеді. Енді бірде сыртқа қарай ашылатын есікке ішінен еден жуатын құрал ретінде пайдаланатын таяқты сүйеп қояды. Сырттан мұғалім есікті ашып қалғанда әлгі таяқ ұстаздың шекесіне сарт ете қалады. Кей қылықтарына өкінетін...
«Ұстазы жақсының – ұстамы жақсы» деген. Ауылдағы ағасы мектепте қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ берген екен. Бала Аманханның өнерге, өлеңге деген талабын ерте байқаған. Ағалық ақылын айтқан. Ұстаз ретінде шабыт беріп, қанаттандырып отырған. Тоғызыншы сыныпта оқып жүргенде «Қазақстан пионеріне» Өтежан Нұрғалиев ағамыздың мақаласы шығады. Өтежан «Болашақта бұл балалардан үлкен ақын шығады» деп бір топ ақынжанды балалардың аттарын атап тұрып, мақтап жазады. Арасында Аманхан Әлімнің де аты аталады. Содан бастап ақындық арыны ашылады. Ақынның артында «Кездесу», «Жанымның жапырағы», «Ай нұры алақанымда» жыр жинақтары мөлдіреген лирикаға толы. Ал «Өткірдің жүзі» атты публицистикалық кітабы көсемсөз үлгісі ретінде талай буынға рухани азық.
Ол кезде Алматыға келу, орнығу, үй алу деген нәрсе нағыз қиямет-қайым. Ақын да талай қиындықты көрген. Армандаған оқуына түсе алмай алты-жеті жыл жүріп қалады. 14 жыл үйсіз-күйсіз, қаланың әр бұрышынан пәтер жалдап, қиындық қамытын киеді. Алайда өмірде жақсы адамдарға жолығады. Бұл туралы «жақсы адамдардың жақсылығын көп көрдім. Сондықтан өзім де жақсылық жасауға тырысамын. 1981 жылы пропискасыз жүрдім. Сол кезде жеңгеңнің ақшасына күн көрдім. Дзержинский деген колхозда танымайтын бір орыс әйелге бардым да, «Бес қоңырау» деген топтаманы, неке туралы куәлік, балаларымның метіркесін көрсетіп, «жұмыссыз жүрмін» дедім, – «прописка керек». Ол кісі бетіме қарап, «Сенбі күні кел» деді. Бардым. Жеңгең 50 сом берді. Сол жерде прописка жазып берді. Қасында отырған кемпірге: «Мына бала сіздің үйіңізде тіркеуде тұрады» деді. Кемпір шығып кеткен соң әйелге ақшамды берейін деп едім, шарт ете қалды. «Мен сенің бала-шағаң бар деп тұрмын, бай болсаң, ана кемпірге бер» деді. Кемпірді қуып жетіп, ақшаны бердім. Содан Жазушылар одағынан үй беретін кез келді. Енді, пропискадан шығу керек болды. Ана жерге қайта барсам, орнында басқа әйел отыр екен. «Сіз тұрған үй сатылып кеткен, сіз автоматты түрде пропискадан шығып кеттіңіз» деді. Бірақ қиянат болмасын деп қайтадан жазып берді. Қоғамда жақсы адамдар көп, соларды көре білуіміз керек», – деп үнемі ризашылық білдіріп жүретін.
Қоғамдық пікір керек болса, дереу Аманхан ағаға хабарласатын едік. Бірде академик Асқар Жұмаділдаевтың «Қазаққа ақын керек пе, технократ керек пе?» деген пікірі елді елең еткізді. «Қазаққа кім керек?». Аманхан ағаға арнайы сауал тастаған едік. Сонда ол кісі «Мұндай жағдайлар іргеміздегі орыс ақындары мен физиктері арасында осыдан 70 жыл бұрын болған еді. Біз оны енді қайталап отырмыз. Яғни, бұл біздің уақыт талабы, заман лебінен кеш қалып жүргендігіміздің белгісі. Сол кезде ғылыми-техникалық прогресс, кибернетика дамып жатқан кез болатын. Міне, дәл сол уақытта, яғни 1959 жылы Борис Слуцкийдің «Физики и лирики» атты өлеңі «Литературная газета» басылымында жарық көреді. Содан кейін-ақ «физиктер мен ақындардың» арасында қызу пікірталас басталды. Тіпті, атақты Эренбург «Комсомолская правда» газетіне «Ответ на одно письмо» деген жауап та жазды. Сонымен, физиктер мен ақындардың арасында дау неге шықты? Бұған Слуцкийдің өлеңіндегі: «Что-то физики в почете, что-то лирики в загоне» деген сөзі себеп болды. Бұл өлеңнің жазылуына себеп, бір отырыста Борис ақын Слуцкийге сөз берілмей, белгілі бір физикке бірінші сөз беріліп кетеді. Ол ақынның шамына тиіп, аталған өлең жазылады. Бұл дау «Литературная газета» басылымында да, «Комсомольская правда» газетінде де жалғасын табады. Аталған тақырыптағы пікір алмасу мен ой бөлісу қайшылығы біраз уақытқа дейін созылып, ақырында қалың көпшілік «бізге екеуі де керек» деген тоқтамға келеді» дейді. Ол Хрущев «жылымығы» басталып, 1960 жылдың басында Евтушенко, Рождественский, Вознесенский, Ахмадулина бастаған бір топ ақындар «лирикалық өлең қадір-қасиетін арттыратын» өмірге «эстрадная поэзия» деген ұғым-түсінік келгенін, бұл ағым оқырман санын арттырғанымен, оның сапасын кеміткенін айтады. «Сөйтіп, «лириктер» «физиктерден» артық саналғанмен, оқырман сапасының кемуі, дәп сол кезде пайда болған «тихая-поэзия» өкілдерінің мерейін арттырады. «Тихая-поэзия» өкілдері Владимир Соколов, Анатолий Жигулин, Станислав Куняев, Николай Рубцов, Анатолий Передреев сияқты ақындар келе-келе поэзияны эстрадалық шудан арылтып, лирикалық өлең қадір-қасиетін арттырады. Бұл дау тағы да оқырманның да сапасына әсер етті. Яғни, жеме-жемге келгенде мұндай көзқарас алшақтығы тумауы керек еді. Сол секілді, академик Асқар Жұмаділдаевтың да пікіріне ақындар өре түрегеліп жатса, оның да бір себебі болар. Дегенмен Асекеңнің пікірінің жаны бар. Лирика – жеке адамның «шаруасы». Ал технократтық ұлт болу – жалпыхалықтық ұғым-түсінік. Мына келе жатқан ғаламдастыру кез келген ұлттан соны талап етеді. Сондықтан да біз ел-жұртымыздың әлемнен өз орнын табатын технократтық ұлт болуын көздеуіміз керек. Бұл мәселеде Асекең «жалқыдан жалпыға көшу» деген ұғым-түсінікті меңзейді. Ал ақындардың бұған шамданып, шікәмшіл де кірпияздық танытуы – провинциалдық түсінік. Басқа тілмен айтқанда, комплекс неполноценности. «Біздің ұлтқа қазір кім керек?» дегенде, көштен қалмайтын, заманауи технологияға ілесе алатын, ғаламдастырудың талап-тілегінен табылатын ұрпақ қажет. Қайталап айтамыз, өлең болса әркімнің жеке «шаруасы». Оған жалпыұлттық көзқараспен қарауға болмайды» дегенді айтқан еді. Аманхан Әлімнің айтуынша, Асқар Жұмаділдаевтың өзі де ақын. Ендеше, ол кісінің бұл ойы: «Ақындық қажет, бірақ бізге технократтық ұлт одан да керек» дегенді меңзесе керек. Бұл, ақын керек емес деген сөз емес. Ол, жалпы ұлттың қалыптасуын, дамуын айтқысы келіп отыр. Сол себепті де, ол академик жағында болды. «Оған намыстанудың да, одан кінәрат іздеудің де қажеті жоқ» деп өз пікірін ашық айтқан еді.
Кілең «күйіп тұрған» тақырыптарға Аманхан аға батыл араласты. Қоғамда «Қазақстандық ұлт қалыптасуы керек» деген идея қылаң берді. Сол кезде «Мұндай идеяның туу себебі – біздегі ұлттық идеяның қалыптаспағандығынан. Сосын Конституцияда нақты идеологияның болмауынан. Біз Конституцияда көпұлтты мемлекетпіз дейміз. Міне, осындай жағдайдың кең етек алуы бұл жердің иесі барлығын, бұл жер үшін қан төккен ұлттың барлығын естен шығартады. Мерзімді баспасөзде көбіне бірінші орында «Біз Қазақстан халқымыз, көпұлтты мемлекетпіз» деген ойлар, пікірлер, тұжырымдар алға шығып отырады. Ұлттық мүдде екінші орынға қалады. Ал мұны тек ұлттық мүддені қорғайтын қазақ газеттері насихаттайды. Орыс басылымдары еш уақытта қазақ газеттеріндей ұлттық идеяны, ұлттық мемлекетті, мүддені айтпайды. Егер Қазақстандағы орыс басылымдары мемлекеттік мүдде, ұлттық мүддені жазса, мұндай әңгіме қозғалмаған болар еді», – деп мәселені төтесінен қойған болатын.
Аманхан Әлімұлы өмірінің соңғы белесінде «Ақиқат» журналында бас редактор болып істеді. «Ешкім оқымайды» деген басылымды тартымды етіп безендіруден бастап, автор тартуды белсенді қолға алды. Талай жас журналисті тәрбиеледі. Журналды ойлы басылым жасады.
«Талантты адам қай жағынан да талантты» деген сөз бар. Аманхан аға шебер аудармашы болатын. Орыс ақыны Николай Рубцовты қазаққа таныстырған да сол кісі.
Аманхан ағаның қазақ ұлты дегенде шығарға жаны бөлек еді. Мына ой-пікірін жеке алып қарайықшы. «Ұлтшылдық – ол психологиялық, антропологиялық, қанмен келетін жағдай. Ал патриотизм деген – аймақтық, территориялық жағдай. Мысалы, шеттен келген орыстар, ұйғырлар т.б. біздің елімізде тұрып жатыр. Олар патриот. Ал біздің бойымызға ұлтшылдық қанмен келеді. Тектен шығатын нәрсе. Бізге осы жерді ата-бабамыз пәлен ғасыр қорғап, алып берді. Ертең біз осы топырақты қазақтікі емес, қазақстандық ұлт, қазақ ұлтының жері десек, онда қазақ халқы сөзсіз көтеріледі. Өйткені осы жер үшін ата-бабасы қан төккен. Ал оны қолдан беру қылмыс» дейді.
Ол мұңлы өлең жазса да, жылаңқы өлең жазған жоқ. «Мемлекетті мемлекет етіп отырған жақсы адамдар. Жаман адамдар «мемлекетті мен жасап отырмын» деп ойламасын. Бай адамдар, шенеуніктер елді біз ұстап тұрмыз деп ойламасын. Мемлекетті ұстап тұрған – ауылдағы қарапайым халық, жақсы адамдар». Тура уақыттың тамыршысы секілді. Бәрін қолмен қойғандай етіп, тап басып айтып кетіпті.
«Біз әлем халқымен бәсекелесе алатын, бәсекелестікке лайық ұлт болуымыз керек. Қазақтың тұлғалы қаламгері Қалтай Мұхамеджанов «Аманхан, пәленше менен неге озып кетті деме, мен пәленшеден неге қалып қойдым де. Ол сені қанаттандырады, ең жаман қасиет қызғаныштан бойыңды алыс ұстатады. Ілгері ұмтылдырады, қамшылайды» дейтін. Біз бәріміз сондай болсақ, ұлтымыз өзге ұлттармен бәсекелесе өсіп, өркендеп, дүниеге танылған үстіне таныла түседі. Осыны естен шығармасақ бәсекелестікке лайық ел-жұрт, ұлт болып қалыптасамыз. Уақыт пен заманның талап-тілегінен қалмаймыз» деген еді ақын.
Бұл сөз қазір Аманхан Әлімнің аманатындай естіледі.
Біз сол аманатқа адалдық таныта аламыз ба?