Қара жерге қимайсың!
Қара жерге қимайсың!
338
оқылды
«Өлеңді бәрінен биік қоятын», баладай аңғал, данадай дарқан, жаны таза, өзіне ғана тән мөлдір әлемі бар жай­саң жан еді. «Ағам-ау» деп еркелеп қоңырау шалатын, айрықша құрмет тұтатын жақсы ағаларымыздың бірі еді. Қайран, Аманхан аға! «Сіз өмірден өтті» деген қаралы хабар қабырғамызды қақыратып кетті. Әдебиет жайлы ала таңнан қара кешке дейін әңгімелеуге бар, жас ақын-жазушыларды баласындай бауырына басқан, әде­биетке адал, қара өлеңнің бір алып қорғаны, ақын Аманхан Әлімұлы бақилық болды дегенге сене алар емеспіз. Ол кісінің өмірлік кредосы: «ақын өз өлеңінің құлы болуы керек». Ол кісінің өзіне ғана тән ерекше мінезі болды. Қадыр ақын айтқандай, «ақынға керек ақыл көп, асаулық керек аздаған» дейтін өр мінез Аманхан ағаның бойынан табылатын. «Мінезі көрінбесе, ол өлеңге де, журналистикаға да жолдан қосылған. Бір жолы Бельгерге: «Гераға, мен қандай бір мақаланы оқымайын, әуелі одан температура іздер едім» деп айтқаным бар еді. Ол мақаладан белгілі бір ыстық температура іздеймін. Ол мақала оқырманды бейжай қалдырмау керек. Не бар деу керек, не жоқ деу керек. Жалпы, мен «интернационал» мақалаларды жек көрем, бәріне жағатын. Бәріне ұнайтын. Өйткені «интернационал» мақала, көптің көңілінен шықсам деген мінездікі. Ал адам жеке тұлға ретінде көптің көңілінен шыға алмайды. Сөз жоқ, біреу жақсы көреді, біреу жек көреді. Сондықтан қызулы, температурасы бар мақалаларды ұнатам. Не мені өлердей жек көруі керек, не мені өлердей жақсы көруі керек. Мен екі орталықты жақсы көрмеймін. Осының бәрі менің мінезім. Ал асаулыққа келсек, рас, асаулығым бар» дегені де есімде. Аға не жазса да өткір жазды. Шындықты жазды. «Турасын айтқан туғанына да жақпайды» десе де, өтірікті жаны сүймейтін. Жақсы өлең көрсе, жақсы көркем дүние оқыса, балаша қуанып, балаша шаттанатын еді. «Менің принципім, менім ұстанымым – Алланың биігінде. Біз «төбемнен біреу қарап тұр» деп өмір сүріп жүрген жоқпыз. Дәл осылай өмір сүрсек, онда жемқор болмаған болар едік. Парақор болмас едік, өтірік айтпас едік. Қоғамдағы жайсыздықтың бәрі содан келіп жатыр. Төбедегі біреу кім? Ол – Алла! Біз күнде үйден шыққанда, жоғарыда Алла қарап тұр деп шығуымыз керек. «Біздің қоғамды өтірік жайлады» деп едім бірде газетке берген сұхбатымда. Біздің қоғамдағы жоғары шенеуніктен бастап, төменгі көше сыпырушыға дейін өтірік айтатын болдық. Өтірік жүрген жерде жемқорлық болады, парақорлық болады. Өтірікші адам қорқақ болады. Содан келеді де, қоғам бұзылады. Солженицынды қатты жамандаймыз. Рас, ол біздің мемлекеттілігімізге қатты сындар айтқан адам. Өзім талай сынадым да. Соның «Жить не по лжи» деген әдемі мақаласы шықты. «Өтіріксіз өмір сүру» деп аталады. Міне, солай өмір сүру керек. Біз жауымыздан да үйренуіміз керек. Жауымыз болғанда, қарсыластарымыздың оппоненттерінен де үйрену қажет. Солженицынның сол сөзін жақсы көремін. Сосын Толстойдың мына бір сөзі ұнайды: «не могу молчать». «Үнсіз қала алмаймын» дейді. Интеллигент адам үнсіз қала алмайды. Өйткені қоғамдағы келеңсіздікті көргенде үнсіз қала алмасаң, ол сенің зиялылығың, біріншіден. Екіншіден, немқұрайдылықтан адалдығың. Мысалы, Ясинский айтты деген сөз бар. Оның «Человек меняет кожа» деген кітабы бар. Сол үшін Мемлекеттік сыйлық алған. Ол «Досыңнан қорықпа, азар болса, сатып кетер. Жауыңнан қорықпа, азар болса, өлтірер. Немқұрайдылықтан қорық, ол сені өлтіреді де, атады да» дейді. Қоғамды жайлаған немқұрайдылық пен өтірік мені қатты алаңдатады. Осыдан қорқам» деуші еді. Сол немқұрайдылық пен өтірікке қайран жүрек төзе алмады-ау... Аманхан Әлімұлының «мықты ел боламыз» деген сенімі бар еді. «Үміт бар. Құдайдан үміті бар елміз. Менің Құдайдан үмітім бар. Ертең жақсы ел болатынымызға сенем. Өйткені жақсы балалар өсіп жатыр. Ұрпаққа сенбесек болмайды. Сондықтан мен келер ұрпаққа сенем» деген еді. Жақсы ұрпағыңыз сеніміңізді ақтайды деген сенімдеміз. Қара жерге қимайтын-ақ жан едіңіз! Амал нешік, мекеніңіз пейіштің төрінен болсын! Бақұл болыңыз, аға!  

Гүлзина БЕКТАС