Қарағандылық жолаушылар кімге наразы?
Қарағандылық жолаушылар кімге наразы?
238
оқылды
Қарағанды қаласында сынға көп ұшырайтыны – жолаушылар тасымалын ұйымдастырушылар. Болмаса автобуспен жарысып, апатқа ұшырайды. Сонымен қатар тасымал сапасына мін де жетерлік... Былтыр қазан айында «Дизель отыны автобекеттерде бар, ал оны сатып алуға ақша жоқ» деген сылтаумен Қарағандының № 3 автопаркінің қалааралық автобустары рейске шықпаған болатын. Облыс орта­лығын­дағы жолаушылар қатынасының 80%-ын жүргі­зетін жекеменшік ұйым осылайша биліктен субсидия көлемін арттыруды талап етті. Автопарк пен әкімдіктің бұл дауынан қала маңындағы 7 бағытқа қатынау қиындады. 7 қала мен ауданның жолаушылары осылай таңсәріден жұмысқа жете алмай әбігерге түсті. Автобустарды сағаттап күткен кейбіреуі соңында тиіп тұрған жерге 3 мың теңгеге такси жалдауға мәжбүр болған. Сол уақытта №3 автопарк директоры Артур Григорян: «Жанармай алатын ақшамыз болған жоқ. «Біздің табысымызды уақытылы төлесін!» – деген талап қойып отырмыз. Сондай-ақ қосымша қаржы бөлу мәселесін де біржақты етсе. Әзірге бұл сұрақ та шешімін тапқан жоқ. Бар жасаған көмектері – қарызға жанармай тауып берді. Әзірге жұмыс істей береміз, алдағы уақытта қаржы мәселесін шешуге уәде етті», – деп барлық кінәні облыс әкімдігіне итере салды. Ал Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бөлім басшысы Қаз­бек Мақышев: «Субсидиялау көлемін ұлғайту бойынша шаралар, мүмкіндіктерді қарастырып отырмыз. Автопарк басшылығымен жүргізілген келіссөз нәтижесінде тоқтап қалған бағыт­тардың жұмысын қайтадан қамтамасыз етеді деген ақпарат алынды. Автопарктермен бірлесе отырып, мұндай жағдайдың әрі қарай болмауына жол бермейміз» деген болатын. Дегенмен осы және басқа халықтың наразылығы аймақ басшысының құлағына жетсе керек. Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек Қарағанды мен Теміртау автопарктерінен жолаушылар тасымалының сапасын жақсартуды талап етті. «Сервис деңгейі жоғарылағаннан кейін ғана субсидияларды ұлғайту мәселесін шешуге болады», – деді өңір басшысы өңір әкімдігінде өткен онлайн кеңесте. – Жолаушылар тасымалы сапасына қатысты шағым өте көп. Адамдар әлеуметтік желілерде жиі жазады. Маған тәртіп орнату туралы өтініштер келеді. Автобустардың жетіс­пеуіне, кестенің сақталмауына, жүргізу­шілер мен кондукторлардың дөрекілігіне, санитарлық талаптардың бұзылуына шағым­данады, – деп атап өтті Жеңіс Қасымбек. Қарағандыдағы ең ірі тасымалдаушының өкілі де бұл шағымдармен келісіп отыр. – Қызмет көрсету мәдениетіне келетін болсақ, біз мұны білеміз. Күн сайын, ай сайын біздің кәсіпорын бойынша 50-ге жуық шағым түседі. Олардың санын азайту керек, – деді № 3 автопарк директоры Артур Григорян. Сондай-ақ ол кәсіпорынның бірқатар мәселесін атап өтті. Артур Григорянның айтуынша, маршруттарда жүргізушілер жетіспейді. Көбі жоғары ақы төленетін орындарға барады. Сонымен қатар пандемия жолаушылар ағынының азаюына әкеліп соқты, амортизациялауға кететін шығын өсті. Мемлекеттен бөлінетін субсидия жетіспейді. Жүргізушілердің жетіспеушілігі және субсидияларды ұлғайту қажеттілігі туралы Қарағанды мен Теміртаудың басқа тасымалдаушылары да айтты. – Біз субсидияларды көбейтеміз. Бірақ сіздер сапалы қызмет көрсетіңіздер және авто­бустарды жаңарту бойынша міндеттемелер алыңыздар! – деп талап етті Жеңіс Қа­сым­бек. Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының мәліметінше, 2021 жылы Қарағандыдағы бұл автопарк отандық өндірістің 40 жаңа автобусымен толыққан. Кеңесте сондай-ақ электронды төлем жүйесін енгізу туралы айтылды. Қарағанды әкімі Ермағанбет Бөлекпаев 160 мыңға жуық ONAY картасы сатылғанын хабарлады, оларды сататын 93 нүкте жұмыс істейді. Оның айтуынша, қолма-қол ақшасыз төлем бүгінде айналымның төрттен бір бөлігін құрайды. Ал осы ONAY жүйесіне де оңай болмайтын сыңайлы. Осы тоқсанда толығымен қо­сы­лып, «кондукторлар қысқартылуы мүмкін. ONAY компаниясының басшылығы оларды тиісті тексеруден өткізіп, тексеруші қызметіне жұмысқа аламыз» дейді. Бірақ санына шектеу бар. Алда тағы бір даудың болары сөзсіз...

Қарағанды облысы