Алматыда бизнес-қоғамдастық өкілдері сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат тұжырымдамасының жобасын талқылады
Алматыда бизнес-қоғамдастық өкілдері сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат тұжырымдамасының жобасын талқылады
218
оқылды
Алматы қаласы әкімдігінің алаңында бизнес өкілдерімен 2022-2026 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат тұжырымдамасының жобасын талқылау бойынша кездесу өтті. Іс-шараға қала кәсіпкерлері, оның ішінде түрлі қызмет салалары бойынша ірі, орта және шағын бизнес өкілдері, сондай-ақ мемлекеттік органдар мен «Атамекен» ҰКП басшылары қатысты. Кездесуді ашқан қала әкімі Бақытжан Сағынтаев бизнес-сала өкілдерінің стратегиялық құжатты талқылауға қатысуының маңыздылығын атап өтіп, қаланың бизнес ахуалын жақсарту мақсатында одан әрі табысты ынтымақтастыққа үміт білдірді. Іс-шара барысында Алматы қаласының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметінің басшысы Мұрат Ахметов 2022-2026 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат тұжырымдамасының жобасын таныстырды.
«Тұжырымдаманың маңызды басымдықтарының бірі адал бизнесті дамыту болып табылады. Тұжырымдама жобасында бизнесті сыбайлас жемқорлыққа қарсы стандарттарды енгізуге ынталандыру көзделеді. Корпоративтік сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылға ерекше назар аудару қажет», – деп атап өтті Мұрат Ахметов.
Кездесу соңында қатысушылар өз пікірлерімен бөлісіп, парасатты бизнесті ынталандыру бойынша ұсынылған нұсқаларды талқылап, тұжырымдама жобасына ұсыныстар айтты. Алматы қаласының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметінің өкілдері бизнес-қоғамдастықтың барлық идеялары мен ұсыныстары ескерілетінін атап өтті.