«Қасіретті қаңтар» оқиғаларынан кейін түрмелер мәселесі қайтадан күн тәртібіне шықты. Алдымен ІІМ біраз өңірді қамтыған жаппай тәртіпсіздіктер мен радикалды топтардың шабуылдарына қатысқан 10 мыңдай адамның ұсталғанын хабарлады. Кейін бұл сан 12 мыңға жуықтады. Бұл қоғамды да, сарапшыларды да шошытты. «Абақтылардың адамға толғаны», адвокаттар жетпей жатқаны туралы пікірлер айтылды. ІІМ ол тұспалды растамады. Бір белгілісі, бас бостандықтан айыру орындарын тосын бетбұрыс, түбегейлі реформа күтіп тұрғанға ұқсайды.
Қанша адам босады?
Қазір елде антитеррористік операция саябырсыған. Оның орнына еліміздің барлық өңірінде «Құқықтық тәртіп» жедел-профилактикалық іс-шарасы жалғасып жатыр. Оған жергілікті полицейлер, арнайы құрылымдар, Экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері жұмылдырылған. Рейдтік іс-шаралар барысында әкімдіктерден, сауда орындарынан тоналған дүние-мүліктер, қару-жарақ дүкендерінен, күштік құрылымдардан ұрланған қарулар, оқ-дәрі, кісен, бронежилет, қалқан және басқа да жабдықтар тәркіленген. Бұл ретте ұсталғандардың бәріне бірдей Қылмыстық кодекстің экстремизмге, терроризмге қатысты ауыр баптары бойынша іс қозғалмаған екен. Бұған Мемлекет басшысының ауыр қылмыс жасамағандарға ізгілік таныту жөніндегі тапсырмасы әсер етсе керек. Нәтижесінде, көптеген күдіктінің үстінен Қылмыстық кодекстің 188- бабы (Ұрлық), Әкімшілік кодекстің айыппұлды қарастыратын баптары негізінде сотқа дейінгі іс жүргізіледі. Ұсталғанның үлкен бөлігі 5-15 тәулік отырып шыққан көрінеді. Бас прокурор Ғизат Нұрдәулетовтің мәліметінше, нақты дәлелі жоқ жағдайларда Президент жазаны жеңілдетуді жүктеді. Яғни, кінәсіздік презумпциясы сақталып, қылмысы дәлелденбегендер босатылмақ. Прокурорлар 1 884 іске қатысты жазаны жеңілдету жөнінде сотқа өтініш берген. Оларды тексеру нәтижесінде 1 083 адам тұтқыннан босатылды. 493 азаматқа салынған айыппұл ескертуге ауыстырылды. Осылайша, Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевтың дерегінше, терроризм, кісі өлтіру, билік өкілдеріне зорлық-зомбылық көрсету, бұзақылық, меморгандардың ғимараттарына шабуыл жасау және басқа қылмыстар бойынша 1 822 іс қозғалды. Осы айыпталғандарды сот түрмеге тоғытуы мүмкін. Бірақ бұл істер бойынша нақты қанша адамның айыпталып отырғаны айтылмады. Бұл ретте судьялардың ол істер бойынша қанша адамды еркіндігінен айыратыны маңызды. Былтыр Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына байланысты жарияланған рақымшылыққа түрмелердегі 14 мыңдай адам ілікті. Алайда оның тек 1 мыңға жуығы ғана босап шығыпты. Қалғандарының жазаны өтеу мерзімі қысқартылды. Жасыратыны жоқ, егер түрмелерде жаңа қамалғандарға орын жетпей жатса, бұрын сотталғандардың біразы мерзімінен бұрын, шартты түрде босатылуы ықтимал. 2021 жылдың қорытындысында, ІІМ дерегінше, Қазақстандағы 66 колонияда және 16 тергеу изоляторында (СИЗО) жалпы саны 34 мыңнан астам адам ұсталған. Оның ішінде 30 мыңы сотталғандар. Қалғаны тергеу аясында тұтқындалғандар. Бұдан бөлек, шартты босап шыққан, қылмыстық теріс қылығы үшін жазаланған, сондай-ақ сот тарапынан қоғамдық жұмыстарды атқаруға кесілген 32 мың адам пробация қызметінің есебінде тұр. Амнистияға да негізінен осылар іліккен. Рақымшылық игілігін 2 292 сотталған және 11 753 пробация қызметінің бақылауында тұрған адам көрді. Мұның сыртында тергеуі бітпеген 5 мың қылмыстық іс тоқтатылды. Нәтижесінде, 1 674 адам қылмыстық қудалаудан босатылды, соның ішінде 167 адам СИЗО-лардан шығарылған көрінеді.«Қара бүркіттің» орнына не құрылады?
Биылғы 11 қаңтардағы Мәжіліс отырысында Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев діни экстремизмге қарсы іс-қимылдың жүйелі шаралары кешенді түрде жүргізілетінін айта келе «экстремистердің қылмыс әлемімен, әсіресе қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде отырғандармен біте қабысып кетуіне мүлдем жол беруге болмайтынын» қадап тапсырды. «Радикалдану – Қазақстанның ұлттық қауіпсіздігіне, әсіресе қылмыстық-атқару жүйесіне төнетін қатерлердің бірі. 2022 жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша елдің қылмыстық-атқару жүйесінде діни және террористік ұйымдардың 500-ден астам көшбасшысы мен қатысушысы қамалған», – дейді сенатор, ұзақ жыл антикоррупциялық органда және бас прокуратурада қызмет еткен Андрей Лукин. Радикалдар тонның ішкі бауындай араласып жүргендіктен, теріс ағынын, қарау көзқарасын сотталғандар арасында кең таратуы мүмкін. Оның үстіне, билік пен қоғамнан көңілі қалған, «шынжырдан басқа жоғалтары жоқ» күйге жеткен адамдар қауіпті уағыздарға тез еруі ғажап емес. Ал бір түрмеде ұсталғандықтан, экстремистер мен лаңкестерді басқа сотталғандармен араластырмай қою күрделі. А.Лукиннің дерегінше, қылмыстық-атқару жүйесіндегі (ҚАЖ) 66 колонияның тек 9-ында ғана сотталғандар жеке камераларда ұсталады, онда сотталғандардың жалпы санының 18,3%-ы ғана отыр. Басқалары күні-түні бірге болады. Қазақстандағы түрмелердің көбі ХХ ғасырдың 30-70-жылдарында барақ түрінде салынған ғимараттар. Андрей Лукиннің байламынша, бір барақта 100-ге жуық сотталған аралас тұрса, бәрін түрме субмәдениеті мен қылмыстық орта ықпалы шешетін болса, онда түзеу мекемелерінің қандай да бір тәрбиелік мәні туралы сөз қозғаудың өзі әбестік.Аса қауіпті қылмыскерлер қайда көшеді?
Заң жобасындағы осы ұсыныс қабылданған жағдайда 2012 жылғы мамырда 14 шекарашыны және бір қорықшыны өлтіргені үшін сотталған Владислав Челах, 2016 жылғы 18 шілдеде Алматыда полицейлерге және ҰҚК департаментіне қарулы шабуыл жасап, 10 адамды өлтірген Руслан Күлекбаев және өзге де өмір бойға сотталғандар ұсталатын «Қара бүркіт» және өзге 4 мекеме жабылуы ықтимал. Онда ұсталып келгендердің бәрін «толық қауіпсіз мекемелерге» көшіру ұсынылған. Дегенмен қазір елдегі «толық қауіпсіз» түрмеде 67 сотталған отыр, ал оның 32-сі – алғаш рет темір торға қамалғандар. Қалғанының 25-і бұған дейін бас бостандығынан айырылғандар. Тағы 10-ы өмір бойға сотталған. Заңнамалық түзетулер қабылданса, 32-сі қауіпсіздігі төмендеу дәрежедегі өзге түрмеге көшірілмек: оларға ағайындарына жақын орналасқан мекемелерді таңдауына рұқсат етілуі тиіс. ІІМ-нің ұстанымынша, алғаш рет сотталғандар жеке түрмеде ұсталса, өмір бойы бас бостандығынан айырылғандарды рецидивистермен бірге қамауға жол ашылады. Мысалы, былтыр «Қара бүркіттің» «тұрғындарына» да басқа түрмедегідей жұмыс істеуге рұқсат етілді, олар тігінші кәсібін игере бастады. Қостанай облысы бойынша ҚАЖ департаментінің хабарлауынша, қазақстандық ҚАЖ тарихында тұңғыш рет «төтенше қауіпсіз» түрмеде де алғашқы кәсіпорын – тігін цехы ашылды. Онда жұмыс істейтіндер 50 мың теңгедей айлық алады. Сөйтіп, құрбандары үшін материалдық өтемақы төлеуге мүмкіндік алды. Бұрын жоғары жазаға кесілгендер жұмыс істемейтіндіктен, өз қылмысынан зардап шеккендерге өтемақы төлей алмайтын, кейде олар үшін оны туыс-туғандары өтейтін. Енді олардың жалақысының шамамен 30-50%-ы өтемақы үшін ұсталатын болады. ІІМ ұсынысы бойынша Жітіқарадағы «Қара бүркіт» «төтенше қауіпсіз» мекемеден «толық қауіпсіз» дәрежесіндегі түрме болып қайта аталмақ. Қалай болғанда, түрмелерге қатысты өзгерістер басталғанға ұқсайды. Ол жазаны орындауды индивидуализациялауға, жазаның түзеу-тәрбиелеу компонентіне басымдық беруге бағытталуы шарт. Сонда, мысалы жаза басып, арандатушылыққа еріп, алғаш қылмысқа барғандар темір тордан кәнігі баскесер, қаны қарайған қылмыскер болып шықпайды, адал жолға оралады деген үміт оты маздайды. Алғаш сотталғандарды бөлек ұстау арқылы құқық қорғау органдары олардың арасында түрме «мәдениетінің» және тәртіптерінің таралуына тосқауыл қоюға, сондай-ақ оларды заңға бағынуға үйретуге және рецидивистердің теріс ықпалынан құтқарып қалуға ниетті.