Полиция басқармасының төңірегінде граната 26 жастағы жігіттің қолында жарылды
Полиция басқармасының төңірегінде граната 26 жастағы жігіттің қолында жарылды
Фото: yandex.kz
231
оқылды

Таразда граната полиция басқармасының аумағын тазалап жүрген 26 жастағы жігіттің қолында жарылды, – деп жазады Tengrinews.kz.

Оқыс оқиға 12 қаңтар күні болған. Бұл жайында зардап шеккен жігіттің анасы Айгүл Оспанова айтты. Қаңтардағы қақтығыстан кейін полиция ғимаратын қайта қалпына келтіру үшін төңірегін жалдамалы жұмысшылар тазалаған. 26 жастағы жігіт өрттен кейінгі күл-қоқыс үйіндісін тазалауға барған.
Айгүл Оспанованың айтуынша, басқарма төңірегін тазалап жүрген жалдамалы жұмысшылар қоқыс арасынан белгісіз зат тауып алған. Жарылғаннан кейін граната екені белгілі болған. Граната қолында жарылған 26 жастағы жігіттің саусағы кесіп тастауға тура келген. Ұлы кемтар болып қалған ана араша сұрап, полицияға арызданды.
Бұл жайтқа қатысты Полиция департаменті оқиғаның мән-жайы тергеуден соң анықталатынын айтты.
«Тараздағы полиция басқармасының төңірегін тазалаған кезде жалдамалы жұмысшының немқұрайдылығынан граната қолында жарылды. Ол гранатаны қызығушылықпен қолына ұстап көрген. Сол сәтте граната жарылып, саусақтарын жұлып кеткен. Оқыс оқиғадан соң ауруханаға жеткізілді. Қазір осы іске қатысты тергеу жүргізіліп жатыр», – деді департамент өкілі.
Әкімдік зардап шеккен жұмысшыға өтемақы төлеу мәселесі тергеу аяқталған соң шешілетінін хабарлады.

Бұған дейін Таразда Жамбыл облысы Полиция департаментінің басшысының мәйіті табылғанын жазған болатынбыз.