Аутизмге шалдыққандардың талантты болуы сирек – психолог Айару Оралбек
Аутизмге шалдыққандардың талантты болуы сирек – психолог Айару Оралбек
462
оқылды

Денсаулық сақтау министрлігі Ана мен бала денсаулығын қорғау департаментінің мәліметінше, кейінгі 7 жылда аутизмге шалдыққандар саны 5 есе өскен. Ал 2021 жылғы 31 желтоқсандағы мәлімет бойынша науқастардың жалпы саны 4887-ге жеткен. Жалпы, Қазақстанда аутизмге шалдыққандар саны көбейгені қаншалықты байқалуда, оның негізгі белгілері жайында "Орда" аутизмді емдейтін реабилитациялық орталықтың психологі Айару Оралбекпен әңгімелестік.

– Соңғы кезде аутизмге шалдыққандардың саны 5 есеге көбейген екен. Ең алдымен, бұл сырқаттың көбеюіне не себеп? – Өкінішке қарай, бұл мәлімет шындыққа жанасады. Жылдан жылға бұл дерттің дендеп бара жатқанын тәжірибемнен байқаймын. Біздің орталықта қазір 300-ге тарта бала бар. Биылдың өзінде осы диагнозбен үшеу келді. Шыны керек, бүгінгі күнге дейін аутизмнің нақты себептері әлі табылмады. Қаншама зерттеулер жүргізіліп жатыр. Бірақ соған қарай пікір де алуан түрлі. Бірі – тұқымқуалаушылық факторы әсер етеді десе, енді бірі сыртқы ортаның әсерінен дейді. Біреуі орталық жүйке жүйесінің бұзылуынан деген. Жүктілік кезінде алған жарақаттарының салдарынан да болады. Тіпті, зат алмасуының өзгеруі де осы дертті қоздырады екен. Кейде ата-анасының тұқымында ешбіреуінде аутизмнің белгісі болмауы мүмкін. Сондықтан әлі күнге дейін аутизмнің неден туындайтыны табылмаған соң, емдеу тәсілі де анықталмаған. – Баланың аутизмге шалдыққанын қалай білуге болады? Оның белгілері қандай? – Негізі баланың аутизмге шалдыққан-шалдықпағанын бір жарым-екі жасынан байқауға болады. Кейбір жағдайда бала бұл дертке кез келген жасында шалдығуы мүмкін. Нақты белгіленген жас мөлшері жоқ. Аутизмнің негізгі белгілері: көзге тіке қарамауы, өзімен-өзі оқшаулануы, есімін атағанда мән бермеуі, бір әрекетті не сөзді қайталай беруі, эмоциясын көрсете алмауы, үйдегі өзгерісті ұнатпауы ықтимал. Егер аяқасты заттың орны ауысса, агрессия туындауы мүмкін. Бір сөзбен айтқанда, баланың сырқатын анықтау – ата-ананың байқампаздығына байланысты. Мысалы, әрбір әке-шеше баланы өз қатарластарымен салыстыра отырып, көп нәрсені аңғара алады. Дамуы жағынан қалыс қалғанын байқаса, мамандарға көрсетуі керек. Көп жағдайда ата-аналар кеш байқап жатады. Салдарынан емделуі қиындай түседі. Сол себепті баладағы аутизм белгілерін ертерек байқаса, түзету жұмыстары да тезірек басталады. Соған қарай оның қоғамға бейімделуі де жеңіл әрі тез өтеді. – Аутизм белгісі уақыт өте өзінен-өзі кетуі мүмкін бе? Жалпы, бұл дерттен толықтай емделіп, адам қалыпты өмір сүре ала ма? Жоғарыда айтылған белгінің бәрі бір балада болуы мүмкін емес. Оның бәрі бір балада болуы тиіс деген тұжырым жоқ. Бірақ балада осы белгілердің бір емес, бірнешеуі байқалса, бұл – алаңдайтын дүние. Әрине, аурудың белгілері әр балада әртүрлі көрінеді. Мәселен, қажетті дүниесін сұрай алмауы, тұтығып сөйлеуі мүмкін. Жалпы, аутизмнің жеңіл, орташа, ауыр деген үш деңгейі бар. Соның ішінде жеңіл түріне шалдыққандар жүз пайыз емделіп кетпесе де, ортаға сіңісіп, адам ретінде қалыпты жұмысын істеп, өз бетімен өмір сүре алады. – Аутизмге шалдыққандарды қандай дәрігер қарауы тиіс? Осы салада мамандандырылған маман бар ма? Тағы да қайталаймын, баланың дамуына мән беріп, ден қоятын – ата-ана. Баланың дамуындағы тежелуді байқаса, бірден психиатр, психотерапевтке жүгінеді. Олар диагностикасын жүргізе отырып, логопедке, дефектологқа, физиотерапевтке, психолог, массажист секілді мамандарға қаратады. Аутизм – ауру емес. Қандай да бір дәрі беріп, оны емдеп алу мүмкін емес. Тек түзету жұмысын үзбестен жүргізу арқылы қоршаған ортаға үйретуге болады. Онда да баладан бір жылдың ішінде аутизмді алып тастау мүмкін емес. Оған ұзақ уақыт әрі үнемі қайталаудан тұратын түзету жұмыстары керек. Онсыз ешқандай ілгерілеу болмайды.  Өйткені күнделікті өмірге қажетті дүниені балаға қайта-қайта қайталау арқылы үйретіледі. Ұжымдық жұмыс. Яғни, жаңағы мамандардың көмегімен баланың бойындағы қабілетін дамытып, түзетеді. Бұл жерде бір ғана маман ештеңе шешпейді. Сонымен бірге түзету жұмыстарын әр бала өзінше қабылдайды. Сондықтан баланың қабылдауына байланысты. Мысалы, «маған бер» деген сөзді түсініп, ым-ишарамен білдіруді біреу бір аптада үйренсе, екіншісі бір жылда қол жеткізеді. Оның өзінде әрдайым қайталау жұмысын жүргізе отырып, жаңа дүниеге өтеді. Бойына сіңіріп, дағдыға айналдыруда ата-ананың рөлі өте зор. Себебі баланың жанынан табылатын жандар солар. Сол үшін де баламен тығыз  жұмыс істей отырып, белгілі бір нәтижеге қол жеткізе алады. – Аутизмге шалдыққандардан таланттар шығады деген рас па? Мәселен, Леонарда до Винчи, Исаак Ньютон, Альберт Эйнштейн секілді тұлғаларда аутизмнің белгілері болған ғой. Көп ата-ана осындайға сенеді. Орындалатын дүние ме, әлде қиял ма? – Аутизмге шалдыққандардың бәрі бірдей дарындылар деп айту қиын. Мұндай жағдай сирек болса да кездеседі. Мысалы, аутизмнің жоғары деңгейіне шалдыққан балалардың кейбірінде есте сақтау қабілеті күшті болады. Не болмаса музыкаға қабілетті бала нотадан хабары болмаса да, естіген әуенін музыканттан да мықты ойнап береді. Бірақ ол сөйлемеуі мүмкін. – Соңғы уақытта елде аспергер синдромы да белең алуда. Көбіне бұл дертті аутизмге ұқсатады. Бірақ екеуі екі түрлі емес пе? Осының ара-жігін ажыратып берсеңіз?  Аспергердің көп белгісі аутизмге ұқсайды. Бірақ бұл дерт аутизмге қарағанда жеңіл түрі. Оның айырмашылығы – сөйлеу тілінің бар болуында. Яғни, аспергер диагнозы бар бала кәдімгідей сөйлей алады. Өзгелермен қарым-қатынас орнатқысы келеді, тек оны істеу керегін білмеуі мүмкін. Қоғамдық ортада өзін ыңғайсыз сезінуі тағы бар. Түптеп келгенде, аспергердің де себептері әлі анықталмаған. Аутизм секілді зерттелу үстінде.