Орталық Азияда теңдесі жоқ алпауыт – «Самұрық-Қазына» қоры бүгінде безгек ұстағандай «қалтырауда». Қарапайым адамдардың үш ұйықтаса түсіне кірмейтіндей мол жалақы алып келген топ-менеджерлері топ-топ болып, тағынан тайып, жұмыссыздар сапын толтырып жатыр. Орнында қалған басшылардың да көңілі сынық: алда реформалардың ауыр сынағы күтіп тұр. Ұлттың әл-ауқатын көтереді деген ұлттық қор жұрттың үмітін, Президенттің сенімін ақтамады. Ендігі тағдыры не болмақ?
Күнгейді емес, көлеңкені сүйетін...
Ел Үкіметінің 2006 жылғы 15 сәуірдегі қаулысымен «Қазына» тұрақты даму қоры құрылды. Оның тізгіні «ортақ тұрақты даму қорын құру бастамасының авторы» ретінде Қайрат Келімбетовке табысталды. Соның алдында «Самұрық» қазақстандық холдингі» атты қор түңлігін жаңадан түрді. Оның алғашқы басқарма төрағасы Сауат Мыңбаев, ал оның орынбасары Тимур Құлыбаев болды. Қос апайтөс ұйымның міндеті – мемактивтерді корпоративтік түрде басқарудың сапасын халықаралық деңгейге көтеру еді. Бұл кез – Қазақстан әлемдегі бәсекеге қабілетті 50 елдің қатарына кіру мақсатын қойған шақ болатын. Сол кезде Үкіметтегілер бұл қадамды мемаппарат жұмысының сапасын көтеру қажеттігімен түсіндірді: онсыз озық елулікке ел қосыла алмайды. Оған дейін ұлттық компанияларды салалық министрліктер, яғни шенеуніктер басқаратын. Енді оның орнына топ-менеджерлер келді. Алғашқы жанжалдар да қаулады: қоғам Қауіпсіздік Кеңесінің отырысынан «Қазақтелеком» басшылығы бір күнде 13 мың доллар, ал айына 45 миллион теңгеден жалақы алып келгенін естіп, естен тана жаздады. 2007 жылы Үкімет «Қазына» мен «Самұрыққа» инвестициялық жобаларды жүзеге асыру үшін 650,4 миллиард теңге бөлген, кейін ол инвест-жобалардың бірде-бірінің жобалау-сметалық құжаттамасы жоқ екені әшкереленді. Ұлттық компаниялар бюджеттік миллиардтарды банктердегі депозиттерге салып қойып, ел экономикасын «қыздырған», аста-төк айлық, сыйақы мен бонустарға шығындаған. ІІІ шақырылымдағы Мәжіліс «2006 жылғы 1 желтоқсанға дейін мемлекеттік активтерді басқару бағытындағы Үкіметтің қызметін тексеру туралы» арнайы қаулы қабылдады. Бұл жұмысқа палатаның Экономикалық реформа және аймақтық даму комитеті басшылық жасады. Бірақ ол биліктегілердің қысымы мен түрлі тосқауылдарына тап болып, дегеніне жете алмады. Оған дейін ІІ сайланымдағы Парламенттің де арнайы топ құрып, осы былыққан «ну орманды» зерттемек болғаны ойға оралады. Сонда депутат Исахан Әлімжанов бастаған парламенттік топ Үкіметтен бірде-бір (!) құжат ала алмады... «Самұрық-Қазына» қызметінде көлеңкелі тұстар көп екенін сарапшылар әлі күнге айтып келеді.«Арық айтып, семіз шығуы» керек еді
Бытыраған ұлттық компаниялардың бәрінің басын бір жерде топтастыру идеясы үстем болып, 2008 жылы аталған қос алпауыттың бірігуінен «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры дүниеге келді. Салыстыра кетсек, «Самұрыққа» 22 ұлттық компания ғана кірген болатын. Сондай-ақ о баста «Қазынаның» қаржылық портфелі 1 миллиард доллар болған, «Самұрықтың» «қоржынындағы» активі бұдан жеті еседей асып түсті. Бірақ ол екеуі де жаңа қордың қолына су құя алмайды: 2017 жылы Рейтер агенттігі «Самұрық-Қазынаның» шамамен 67 миллиард доллар тұратын активтерді басқаратынын хабарлады. СҚ сайтында қазір қордың активі 69 млрд долларға жеткені көрсетілген. Яғни, ұлт байлығын сонша еселей алмағаны аңғарылады. Әйтпесе, Қазақстанның барлық негізгі компаниясы осы қор құрамында. Қор компанияларының жиынтық активтері ел ЖІӨ-інің 60%-ын құрайды. «Самұрық-Қазына» АҚ цифрландыру және трансформациялау жөніндегі бұрынғы басқарушы директоры Дәурен Керейбаевтың айтуынша, 2013 жылы қолға алынған СҚ қорын трансформациялау бағдарламасы Малайзияның Khazanah, Сингапурдың Temasek және Біріккен Араб Әмірліктерінің Mubadala секілді жаһандық жетекші қорларының трансформациялану тәжірибесіне негізделді. Яғни, қорды қалай дамытуға болатынының нақты үлгісі, даңғыл жолы бар. Мысалы, Малайзияның Khazanah (қазына) ұлттық әл-ауқат қоры бірнеше жыл ішінде экономикалық шығынды, пассивті холдингтік компаниядан өңірлік лидер-компанияларды шығаратын алып инкубаторға, бүкіл елдегі трансформацияның катализаторына айналып шыға келді. 2004 жылы трансформацияға кіріскенде, Khazanah портфелі 51 млрд долларды ғана құрапты. Артынша бұл көрсеткіш 121 миллиард долларға жеткен. Әрине, «Самұрық-Қазына» қорының да мемлекетке келтірген пайдасы бар. Қор, көбінесе нарықта мұнай бағасы құлдырағанда, әлемді дағдарыс басқанда, елде девальвация болғанда банктер мен қаржы секторына қолдау көрсету, экономиканы тұрақтандыру бойынша Үкімет жүктеген міндеттерді ойдағыдай орындады. Ел басшылығының тапсырмасымен, әр алуан спорт түрлерін, 2020 жылы таратылғанға дейін «Астана» президенттік кәсіби спорт клубын қаржыландырды. Спорт сарайларын салды. Қайырымдылық іспен айналысты. 2012-2017 жылдары қор мен оның портфельдік компаниялары бірқатар өндірістік объектіні іске қосты, Индустрияландыру бағдарламасын орындады, сондай-ақ әлеуметтік ірі жобалар мен нысандар құрылысын жүзеге асырды. Пандемия кезінде «Самұрық-Қазына» Ұлттық қорға 100 млрд-тан астам теңге құйды.Оңдысынан олқы тұсы көп пе?
Дегенмен сарапшылардың байламынша, әл-ауқат қорының жұмысы кемшілікке толы. Оның инвестпортфелі тек Қазақстан экономикасында шоғырланған, шетелдік активтері елге лайықты табыс әкелмеді. Қор әлі күнге мұнай, газ, тау-кен өндірісі секілді шикізат нарықтарына тәуелді және жеткілікті түрде әртараптандырылмаған. Бұл қор үшін де, жалпы ел экономикасы үшін де тәуекелдерді арттыра түсті. Мәжіліс депутаттарының дерегінше, СҚ мемлекетке төлейтін дивиденд оның инвестжобаларына бюджеттен бағытталатын қаражаттан бірнеше есе аз: мысалы, 2019 жылы «Самұрық-Қазына» бюджетке 120 млрд теңге дивиденд төледі, сонымен бірге оның таза табысы 1,4 трлн теңгеге жеткен. Депутат А.Жамалов қордың шетелден шектен тыс қарыз алып келгенін, оның қазіргі борышы 7,5 трлн теңгеден асып кеткенін айтады.Қор жұмыссыздар армиясын толықтырды
«Самұрық-Қазына» тобының дивидендтік, инвестициялық және кадрлық саясаты өзгеруде. Соңғы бағыты қазірден қарқын алды. Оның қызметкерлерінің саны 2 есе қысқармақ. Қор қызметкерлері бұған наразылық білдіріп, қызметтен жаппай босатуды «ойластырылмаған, асығыс қабылданған шешім» ретінде жоюды талап етуде. Олардың көбі өз істерін адал атқарғанын, бірақ қоғамдық пікір мұның байыбына бармай, бәрін бірдей «жемқор» қатарына қоса салғанын айтып, налиды. Қордың еншілес компанияларының қызметкерлері әл-ауқат қорының басқарма төрағасы Алмасадам Сәтқалиевке шағым жазды. Жұмысынан қуылғандар салмақты негізсіз жаппай қысқарту науқаны, әсіресе Маңғыстау, Атырау, Ақтөбе, Батыс Қазақстан облыстарындағы өндірістік компанияларда әлеуметтік кернеу тудырады деген пікірде. Бірақ қор басшысы өзге түгіл, өз басын қорғай алмайтын халде. Ел Президенті Қ.Тоқаев ірі бизнес өкілдерімен кездесуде А.Сәтқалиевке «жүктелген міндетті атқара алмаса, өзі де, қор да бірге кететінін» қатаң ескерткенін мәлім етті. «Самұрық-Қазына» қызметкерлерінің саны екі есе, яғни 248-ден 124-ке дейін, ал басқарушы қызметтер саны 10-нан 5-ке дейін қысқарады. Құрылымдық бөлімдер саны 27-ден 18-ге (33%-ға) азайтылады. Портфельдік компанияларға да корпоративтік орталық қызметкерлерінің санын 2 есе қысқарту жүктелген. «Кеңесші» қызметтері жойылды. Қордың шетелдегі өкілдіктерін жабу туралы шешім қабылданды. «Самұрық-Қазынаның» 9 басқарушы директоры – Ерлан Дүрмағамбетов, Болат Ақшолақов, Ержан Тұтқышев, Дәурен Керейбаев, Ләззат Боранқұлова, Андрей Кравченко, Мұхтар Манкеев, Мұхтар Тәжіғалиев, Бектенбай Есполов жазған арыздарының негізінде қызметтерінен кетті. Бұдан бөлек, басқа да топ-менеджерлер орынтағынан ауып қалуда. «Қоржын» компанияларға тендерге жауапты барлық басшыларды, сондай-ақ қорға өз қарекеттерімен репутациялық және жемқорлық қаупін төндіретін барлық қызметкерді қызметтен босатуға кеңес берілді. «Қысқарту» қайшысы іске қосылды: «ҚазМұнайГаз» – 78 адамды, «Қазақстан Темір жолы» 32 адамды жұмыстан кетіретінін жариялады. Корпоративтік орталыққа жұмыс істеп келген аутстаффингтің 71 қызметкері тегіс босатылды. «Қысқату туралы шешім қабылдамас бұрын, бюрократиялық жүктемені жою мақсатында құрылым мен штатқа талдау жүргізілді. Соның негізінде жаңа ұйымдастырушылық құрылым түзілді, бизнес-процестер алгоритмі жетілдірілді. Барлық қысқатулар еңбек заңнамасына сәйкес жүргізілуде», – деп сендіреді «Самұрық-Қазына». Бүгінде қоғамда, сарапшылар тобында «Самұрық-Қазынаның» алдағы тағдырына қатысты қызу пікірталас жүріп жатыр. Идеялар да әрқилы. Әзірге қордағы түбегейлі реформалардың неге соқтыратыны белгісіз. Бір белгілісі, егер жаңғырудан оң нәтиже шықпаса, ел мен экономикаға қажеттілігін паш ете алмаса, бұл алпауыт қордың өзі жойылып, тарих қойнауына жол тартады.