Петиция: айтар датым бар!
Петиция: айтар датым бар!
© коллаж: Елдар Қаба
709
оқылды
Демократияны дамудың діңгегі еткен елдерде аза­маттардың мемлекеттік органдар қабылдайтын кей­бір орынсыз шешімдерге петиция арқылы қарсы­лық білдіру дағдысы қалыптасқан. Форматына қарай кейде оффлайн, енді бірде онлайн режимде жарияланатын петициялар билікке бұқараның базынасын жет­кізу­ді мақсат етеді. Ал бұл тәжірибе қазақ­станда же­­­місін бере ме? Қазақстанда онлайн петицияларға арналған бірыңғай платформа құру идеясы осыдан 6 жыл бұрын ұсыныл­ға­нымен, оны іске асыруға ниет­ті­лер табыла қоймады. Аза­мат­тарды толған­ды­ра­тын мәселелерді талқылаудың электронды алаңын жасау туралы бастаманы «Қазақ­стан-2050» қоғамдық қозғалысы ұсынған. Бас­та­­­машыл топ пети­цияны қолдауды электронды цифрлық қолтаңба арқылы жүзеге асырып, оның құқықтық негізін қамтамасыз етуге болатынын айт­қан. Тиісті алгоритмге сай жеткілікті қол жи­на­ған петицияларды сарапшылар мен халық қа­лаулылары бас қосқан жиында талқылап, нақ­ты шешімдер қабылдануы да керек болған. Алай­да сол тұстағы Үкімет азаматтық қоғаммен кері байланыс орнатудың мұндай тә­сілін керек деп тап­паған сыңайлы. Тәп-тәуір бастама аяқ­сыз қал­ды. Тек 2020 жылы Қазақстан хал­қына арнаған Жолдауында Пре­зи­дент Үкімет мүшелеріне онлайн пе­тицияларға арналған бірыңғай пор­тал құрып, оның құқықтық-нор­мативтік базасын жасауды тап­сырды. Арада 1 жылдан астам уақыт өтсе де, әлгі портал іске қосылмады. Жауапты министрлік (Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі мен Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі ми­нистрлігі) өкілдері Президент тап­сырмасындағы портал жұмысының жолға қойылмауын тиісті құқықтық құжаттың қабылданбағанымен бай­ланыстырады.

Сең қозғалды

Алайда азаматтардың Үкіметтің онлайн петицияға арналған плат­фор­маның іске қосуын күтуге шы­дамы жетпеген сияқты. Өз күштері­мен түрлі сайт ашып, петицияларды белсенді жариялай бастады. Соның ішінде ең ерекше көзге түсетіні egov.press сайты. Ең алғашқы петициясы былтыр қазан айында жария­ланған платформада күні бүгінге дейін ірілі-ұсақты 45 әлеуметтік мәселе көпшіліктің талқысына салы­ныпты. Оның арасында 300 мың­нан астам азаматтың қолын жи­наған петициялар да бар. Ең қызығы, петициялардың 60 пайызы «Қаңтар трагедиясынан» кейін жа­рия­ланған екен. Ал бұл платформа­да­ғы ең көп қол жинаған мәселелер­дің қатарына утилизациялық алымға түбегейлі тыйым салуды, әйелдердің зейнет жасын 55-58 жасқа дейін төмен­де­туді, бала күтіміне байланысты жәр­­демақыны 3 жасқа дейін ұзар­туды жатқызуға болады. Аталған мә­селелер бойынша жарияланған пе­тициялардың барлығы 100 мың­нан астам қол жинаған. Сайттан облыс, аудан әкімдерінің отстав­ка­сын талап еткендердің де жазбасы кезігеді. Әкімдердің отставкасын талап еткен петицияны жариялаумен otinish.kz/ru сайты да көпшіліктің на­зарын аударды. Бас-аяғы 4 петиция ғана жарияланған сайтта Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағын­таевтың отсавкасы туралы жазбаға 26 556 адам қол қойыпты. Бұл сайт­тың да белсенділігі «Қаңтар тра­гедиясынан» кейін арта түскен. Әрине, елімізде онлайн пети­ция­ларды жариялап, енді-енді көзге түсе бастаған бейресми ресурстар арқылы бұқараның базынасы би­лікке жетеді деп айту қиын. Әрі бұл платформаларды ұйымдастырушы­лар­дың көздеген мақсаты мен қа­лауы жайында кесімді пікір айту да оңай емес. Сонда да азаматтарға көкейіндегісін ортаға салып, өзекті мәселелерді шешуде қол жинауға шақыратын тетіктің іске қосылуын ашықтық пен жариялылықтың ал­ғашқы қадамы ретінде қабылдадық. Әрі «Қаңтар трагедиясы» қоғамдағы келген мәселені назардан тыс қал­дыруға болмайтынын көрсетті. Сондықтан да онлайн петицияларға арналған платформалардың көптеп ашылуы қуантады. Бұл орайда мем­лекет тарапынан да арнайы ресурс­ты іске қосу да артық болмайды. Ең бастысы, Үкімет халық жариялаған петицияларға дер шағында үн қа­тып, жедел шешім қабылдай алса жеткілікті. Саясаттанушы Асхат Қасенғали петицияны халықтың өз ойын билікке жеткізудің бірден-бір жолы деп санайды. Сондықтан мемлекет халық көтерген ұсыныстың конс­титуциялық, саяси, экономикалық, идеологиялық жақтарын қарап, конструктивті диалогке дайын болғаны жөн. – Осы уақытқа дейін Қазақ­стан­да жарияланған петицияларда кө­терілген қандай да бір мәселенің шешілгенін көрмеппін. Сондықтан әзірге петицияны бізде «Халықты не толғандырады?» деген сауалдың деңгейінде ғана қарастырады. Қазір онлайн петицияларға арналған платформаны жасақтау мәселесі жиі көтеріліп жүр. Мұнда петицияларға арналған арнайы ре­сурс жасақтап, оның танымалды­лығын арттыруға күш салғанды жөн деп білемін. Сонда да болса уақыты келіп, Үкімет тарапынан жарияланған петициялар бойынша шешімдер қабылдана бастағанда мемлекеттік және ұлттық мүддеге қарсы күш­тердің өз мақсаттарын іске асыруға талпыну қаупін жоққа шығару бол­майды. Мемлекет бұл мәселені де мұқият ойластыруы керек, – дейді саясаттанушы.

Тыңдар құлақ табылғанда

Ал халық үніне құлағы түрік жүретін кейбір елдер де петиция көп мәселенің қарапайым бұқараның бас пайдасына шешілуіне ықпал етеді. Мұндағы change.org, Avaaz сияқты танымал онлайн платфор­малардың рөлін атап өтпеске бол­майды Осыдан дәл 15 жыл бұрын іске қосылған change.org сайты қолданушыларының саны бүгінде 300 миллионға жуықтайды. Бірер жыл бұрын дәл осы сайттағы онлайн петиция кезінде 375 мың адам Бай­кал итбалығын браконьерлерден қорғау талабын қойды. Нәтиже­сінде, Байкалда итбалықты аулауға тыйым салынды. Сонымен бірге аталған платформадағы индоне­зиялықтардың талабы бойынша билік пластикалық қалдықтарды азайту бойынша кешенді шаралар­дың легін қабылдады. Ал Жапонияда 21 мың қол жинаған петицияның нәтижесінде косметикалық тауар­ларды әуелі жануарларға сынап көру тәжірибесі тоқтатылды. 2013 жылы миллиондаған испандық жем­қорлыққа жол берген Премьер-министр бастаған халықтық партия шен­ділерінің отставкасына қол жеткізді. Ал АҚШ-та 2,2 миллион адам change.org сайты арқылы қол жинап, биліктен 17 жастағы афро­аме­рикалықты атып тастаған поли­цейді жауапкершілікке тартуды талап етті. Оған дейін бірнеше сот процесінен кейін қандықол тәртіп сақшысының ақталып, бостандыққа шыққаны хабарланған еді. Сондай-ақ Avaaz сайты да 10 жыл­дың ішінде ғаламдық мәселе­лерге тұтас адамзаттың назарын аударатын платформаға айнала алды. Бүгінде бұл сайт арқылы 17 тілде онлайн петиция жарияланады. Оған әлемнің 194 еліндегі 70 мил­лионға жуық адам үн қатуға құқылы. Дәл осы платформаның көмегімен интернетті билік тарапынан бақы­лауға алу және ондағы сөз бостан­ды­ғын шектеу мәселесі шешімін тап­ты. Атап айтқанда, 5 жылдық кү­рестен кейін АҚШ Конгресі үкі­метке кез келген сайтты жауып тас­тауға рұқсат беретін заң жобасы­нан бас тартты. Кейіннен Еуропар­ла­ментте интернеттегі сөз бостан­ды­ғын шектеуге қатысты келісімді қабылдамай тастады. Сонымен бірге онлайн плат­фор­ма қолданушыларының қалауы­мен Үнді және Тынық мұхиттарында теңіз қорығы ұйымдастырылды. Азаматтық қоғам өкілдерінің бұл қалауын АҚШ пен Ұлыбритания билігі орындады. Бұдан бөлек, Avaaz сайтының Бразилиядағы белсенділері де пети­циялар арқылы жемқорлыққа жол берген мемлекеттік қызметшілерді қай­та билікке келуіне тыйым сала­тын заңды қабылдатты. Қазір Avaaz сайтындағы белсенді бразилия­лықтардың үлесі 20 миллионға жуықтайды. Осыдан-ақ жергілікті халықтың билікке ықпал етудегі онлайн петицияларға үлкен сенім білдіретінін аңғару қиын емес. Әлемді былай қойғанда, көр­шілес елдерде де халықтың қалауына құлақ асудағы онлайн платформа түзу тәжірибесі көп нәрсені айғақ­тайды. Мәселен, Өзбекстанда 2018 жылы Mening fikrim (Менің пікірім) деп аталатын портал іске қосылды. Порталға ұжымдық өтініш түскен сәттен оның заңдылығы тексеріледі. Аза­маттардың мәселесіне Пар­ламент назар салуы үшін петицияға кемінде 10 мың адам қол қоюы керек. Екі жыл ішінде ала шапанды ағайындардың заң шығарушы органдары 7 петицияны қараған екен. Ал 2 петиция жергілікті жерде қаралып, өз шешімін тапқан. Ресейде де «Российская об­щественная инициатива» (www.roi.ru) порталы жұмыс істейді. 7 жыл ішінде порталдағы 19 петиция ғана 100 мың қол жинап, жеткілікті шектен асқан. Алайда сараптау комиссиясы олардың 17-сіне қа­рауға ешқандай негіз жоқ деген байлам жасаған.

P.S.

Бір ескеретін жайт, әлем ел­дерінің көбінде билік онлайн пети­циялардың заңдылығына күмәнмен қарайды. Олар қол қоюда тек элек­тронды пошта ғана талап етілетін­діктен, бұл іске боттар белсенді тар­тылуы мүмкін деген пікірде. Сәй­ке­сінше, Президент тапсырмасымен онлайн петицияға арналған плат­форманы әзірлеп жатқан біздің Үкімет осы мәселені де қаперде ұс­та­ғаны жөн. Сонымен бірге әр пети­цияны саралау, құқықтық негізін де мұқият ойластыру билік пен бұқара арасындағы берік байланысқа негіз болғалы тұр.