Жас маман ауылдан неге қашады?
Жас маман ауылдан неге қашады?
© коллаж: Елдар Қаба
632
оқылды
2009 жылы ауылдағы маман тапшылығын шешу үшін «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы бастау алды. Шалғайдағы ағайын үлкен үмітпен елеңдей қарады. Талай жас дипломын арқалап ауылға барып еңбек етті, санаулысы сонда тұрақтап қал­ды. Дегенмен жас мамандардың міндетті 3 жылдық еңбек өтілін өтеп болған соң қалаға қай­татыны жасырын емес. Оның себебі неде? Бағдарламаның шикі тұстары көп пе? «Дипломмен – ауылға!» аясында денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қамсыздандыру, ауыл шаруашылығы кешені салалары бойынша білім алған жас мамандар ауылға барып жұмысқа орналасады. Бағдарламаға сәйкес, жас маманға 100 АЕК бірреттік көтерме жәрдемақы төленеді. Сондай-ақ баспана алуға небәрі 0,1% пайызбен бюджеттік арзан несие беріледі. Жалпы 2009-2020 жылдар аралығында 77 мыңнан астам маман 11,5 млрд теңге сомасында көтерме жәрдемақы алса, 36,6 мың маман 105,3 млрд теңге сомасында тұрғын үйге бюджеттік несиеге қол жеткізген. Бұл ретте білім беру саласының – 70% және денсаулық сақтау саласының – 21% мамандары қамтылған.

Аққу, шортан һәм шаян

Бағдарламаның қабылданғанына 13 жыл өтсе де, ауылдық жерлерде кадр тап­шылығы мәселесі әлі де өзектілігін жой­ған жоқ. Бүгінде бір ғана агроөнеркәсіптік кешен саласына 2,8 мың маман жетіс­пейді. Жыл сайын мемлекеттік гранттар бойынша аграрлық мамандық алған тү­лектердің тек 30%-ы ғана ауылда жұ­мыс­қа орна­ласады. Демек, бюджеттен бө­лінген 7 млрд теңгеге жуық қаражат тиім­­сіз пайдаланылып отыр. «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасын іске асырудағы кемшіліктердің бірі – жас ма­мандарға бюджеттік несие қаражатын бөлу кезін­дегі бюрократия. – Жоба қанша жерден дұрыс мақсатта жасалса да, оның нәтижелі болуы жергілікті атқарушы билікке байланысты. Дипломмен ауылға барған мамандардың әлеуметтік жағ­дайын жасай алмай жа­тырмыз. Үй ала алмай, коммуналдық шы­ғынын төлеуге шамасы жетпей, ай­лық үстемеақысына қолы жетпей жүр­гендер бар. Осының кесірінен жоғары білімді жастар ауылға тұрақтамайды, – дейді тәуелсіз сарапшы Кәрімбек Құрманәлиев. Шыны керек, бағдарламамен тікелей ай­налысатын мекеме жоқ. Облыстағылар жас маман болғандықтан, Жастар бас­қар­масына ысырып тастайды. Жастар бас­­қар­ма­сына барсаң, ақшаны эконо­мика және бюд­жетке жауапты басқар­ма­лар бөледі» дей­ді. Ал олар «Ауыл шаруа­шы­лығы басқар­масы айналысады» деп жауап береді. Бір бағдарламаның барлық статистика­сына жауап беретін ар­найы мекеме бол­мағандықтан, деректі әр бас­қармадан сұ­ратуға тура келеді. Аққу, шор­тан һәм шаян­ның кері. Негізі, «Ди­плом­мен – ауылға!» мемлекеттік бағдар­ла­ма­сының үйлестірушісі – Ұлттық эко­номика ми­нистр­лігі. Мұны екінің бірі біле бермейді. Салда­ры­нан бағдарламаға қатысты қап­таған ша­ғым өзге Үкімет мүшелерінің, БҒМ-ның, Мем­қызмет істері агенттігі­нің, аймақ әкім­дерінің құлағын шулатып жүр. Сондықтан Мәжіліс депутаты Жұл­дыз Сүлейменова «Ұлттық экономика министрлігі осы жобаны үйлестіруші ретінде қай маман­дықтарға жастардың тұрақтап қалатынын анықтауы керек» деп санайды. – Бұл жобаға басынан бастап анали­тика жасау керек. Менің ойымша, «Дип­ломмен – ауылға!» бағдарламасы ескірді. Ауылға ма­ман тартудың заман талабына сай жобаларын ойластыру қажет. Ол бағдарламалар арнайы зерттеліп, қоғам­дағы сарапшылармен кеңесе отырып жүзеге асырылуы тиіс, – деді депутат.

Көшіп кетуге тосқауыл жоқ

Жақында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев шалғай ауылдағы мектептердегі мұ­ғалім тапшылығын шешетін жаңа бағдарлама дайындауды тапсырды. Жоғары оқу орнын бітірген жастар ауылға барудан неге қа­шады? Мәселенің түйіні әлеуметтік жағдайға келіп тіреледі. Ауылдағы жөндеуден өтпеген жол мен мектеп, сыныптағы 30-дан астам оқу­шы, тұрмыс жағдайы жас маманды «қа­ла­да қал» деп үгіттейді. Бірақ ауыл мектебіндегі оқу­шының жайы не болмақ? Оларға бір мұғалім амалсыздан бірнеше пәннен сабақ беріп жүр. Кей елді мекенде зейнет жасына тол­ған ұстаз әлі күнге сабақ бе­реді. «Диплом­мен – ауылға!» бағдар­ла­масымен мұғалім болып барған Айымгүл Артықбаева үй алып, тиісті еңбек өтілін өтеп болғаннан кейін қа­лаға қайтқан. – Ауыл мектептерінде үйірме деген жоқ­тың қасы. Жас маман болған соң міндетті түрде барып кел, шауып кел боласың. Тә­жірибелі мұғалімдерден қолдау аз. Кейбірі сағатын қызғанып, «жас емессің бе, осы жетеді» дейтін. Ең­бек өтілі мен категориясы жоқ мұғалімнің жалақысы да аз болады. Сондықтан ауыл­ға тұрақтағым келмеді. Қала мек­тептерінің артықшылығы сабақ берген соң боссың. Үй аралау, сайлауға жүгіру деген жоқ, – дейді Айымгүл Артықбаева. [caption id="attachment_181304" align="alignleft" width="1200"]маман © коллаж: Қуаныш Сапарбай[/caption] Яғни, бағдарламамен алған үйді кейін қымбатырақ бағаға сатып, қалаға көшіп кетуге тосқауыл жоқ. Себебі жо­баның басты шарты – маман ауылда кем дегенде 3 жыл жұмыс істеуі тиіс. Сал­да­рынан кейбір жастар бағдарламаны баюдың жолына айналдырған. Мемлекет берген 4 миллион теңгеге ауылда тұратын ағайынының үйін қағаз жүзінде сатып алып, пайда тапқандар да кездесті. Мұндай деректер көбейіп кет­кендіктен, Үкімет бағдарламаға өзгеріс енгі­зіп, қатысушыға туысқанының үйін сатып алуына қатаң тыйым салды. Үй демекші, қазір ауылда да үй қымбат. Үкімет берген ақшаға ескі үй сатып алып, оны жөндеуге тағы сондай қаржы салу керек. – «Дипломмен – ауылға!» бағдар­ламасы аясында баспаналы болғым келді. Әйткен­мен, менің тұрып жатқан ауылымда баспана бағасы шарықтап тұр. Құны 7 миллионнан бас­талады. Осыған орай министрліктен бағ­дар­лама бойын­ша бөлінетін несие мөлшерін көбейтуді сұраймын, – дейді жас маман Қуандық Сәменов.

Мұғалімге берілген үстемеақы басқасына бұйырмаған

Жастардың барлығы жаппай әлеу­меттік көмек үшін ауылға барады деп ойласақ, қателесеміз. Туған ауылына жүрек қалауымен барған жас маманның бірі – Айбек Қабдеш. Ол 2020 жылдан бастап «Дипломмен – ауылға!» бағдар­ламасына мемлекеттік қыз­мет­шілердің қосылғанын естіп, көп ойлан­бастан осын­дай шешім қабылдаған. Қазір ауылдық округ әкімдігінің аппаратында жұмыс істейді. – Ауылда күнкөріс көзі мектеп, әкім­шілік және аурухана ғана. Бағдарлама аясында мек­тепке келген мұғалім айлы­ғына 25 пайыз қо­сып алады. Бірақ әкім­шілік пен ауруха­на­дағы мамандарға бұл үстемеақы қарастырыл­маған. Ауылда жас­­тардың тұрақтамауының басты себебі – инфрақұрылымның жетілмегені. Жыл сайын ауылды дамытуға қаншама мил­лиард­таған ақша бөледі, бірақ ол ауылға жет­пейді. Мұны мен өз көзіммен көріп жүр­мін. Жол да, жарық та, жастар баратын мә­де­ни орындар да жоқ. Осыдан кейін жастар қалай барғысы келеді? – дейді Айбек Қабдеш. Ауылдағы қай мекемеге барсаңыз да жастар аз, басшылықта отырғандардың көбі орта буыннан жоғары мамандар. Олар жас­тар әкелген өзгеріске қырын қарап, түсін­бей­тін көрінеді. Сондықтан 3 жыл еңбек мерзімін бітірген соң тіл табыса алмаған жас қа­лаға қашады. Айбектің жұмыс істеп жүр­геніне 1 жыл­дан асқан. Бірақ ол да: «Ауылдан бола­ша­ғымды көріп тұрған жоқ­пын. Енді екі жылым бітсе, қалаға қайтамын» деп отыр. «Дипломмен – ауылға!» бағдарлама­сына енгізілуі тиіс өзгерістер аз айтыл­ған жоқ. Соның бірі – аудандық қалалар­дағы маман тапшылығы. Оқу орнын тәмам­даған түлек ауылға ғана барғысы келеді. Себебі аудандағы қалаға жұмысқа ор­наласқанда әлеуметтік қолдау төлемі де, үй алуға бюджеттік кредит те беріл­мейді. Сондай-ақ сол қаланың қа­сын­дағы ауылдың мектебімен салыстырғанда жалақысы 25 пайызға төмен болады. Жоба­ның шарты бойынша жастар тек ауылға жұ­мысқа баруы тиіс. Яғни, әлеу­меттік әді­лет­сіздік туындайды. Аты қала болғанымен, заты қала емес, тұрғын саны ауылдан да аз жерге барған маман неге әлеуметтік қолдау шараларынан қағыла­ды? Ауылға маман тарту мәселесін шеше­мін деп аудандағы қалалар шетте қалып жатыр. Осыншама олқылықты көрсек те, шара қабылдауға келгенде амалсызбыз. Нәти­жесінде, «Ауылым, қайдасың?» деп барған жас маманның тауы шағылып, қайтадан қалаға оралып жатыр.

Көктем ҚАРҚЫН