Аққу, шортан һәм шаян
Бағдарламаның қабылданғанына 13 жыл өтсе де, ауылдық жерлерде кадр тапшылығы мәселесі әлі де өзектілігін жойған жоқ. Бүгінде бір ғана агроөнеркәсіптік кешен саласына 2,8 мың маман жетіспейді. Жыл сайын мемлекеттік гранттар бойынша аграрлық мамандық алған түлектердің тек 30%-ы ғана ауылда жұмысқа орналасады. Демек, бюджеттен бөлінген 7 млрд теңгеге жуық қаражат тиімсіз пайдаланылып отыр. «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасын іске асырудағы кемшіліктердің бірі – жас мамандарға бюджеттік несие қаражатын бөлу кезіндегі бюрократия. – Жоба қанша жерден дұрыс мақсатта жасалса да, оның нәтижелі болуы жергілікті атқарушы билікке байланысты. Дипломмен ауылға барған мамандардың әлеуметтік жағдайын жасай алмай жатырмыз. Үй ала алмай, коммуналдық шығынын төлеуге шамасы жетпей, айлық үстемеақысына қолы жетпей жүргендер бар. Осының кесірінен жоғары білімді жастар ауылға тұрақтамайды, – дейді тәуелсіз сарапшы Кәрімбек Құрманәлиев. Шыны керек, бағдарламамен тікелей айналысатын мекеме жоқ. Облыстағылар жас маман болғандықтан, Жастар басқармасына ысырып тастайды. Жастар басқармасына барсаң, ақшаны экономика және бюджетке жауапты басқармалар бөледі» дейді. Ал олар «Ауыл шаруашылығы басқармасы айналысады» деп жауап береді. Бір бағдарламаның барлық статистикасына жауап беретін арнайы мекеме болмағандықтан, деректі әр басқармадан сұратуға тура келеді. Аққу, шортан һәм шаянның кері. Негізі, «Дипломмен – ауылға!» мемлекеттік бағдарламасының үйлестірушісі – Ұлттық экономика министрлігі. Мұны екінің бірі біле бермейді. Салдарынан бағдарламаға қатысты қаптаған шағым өзге Үкімет мүшелерінің, БҒМ-ның, Мемқызмет істері агенттігінің, аймақ әкімдерінің құлағын шулатып жүр. Сондықтан Мәжіліс депутаты Жұлдыз Сүлейменова «Ұлттық экономика министрлігі осы жобаны үйлестіруші ретінде қай мамандықтарға жастардың тұрақтап қалатынын анықтауы керек» деп санайды. – Бұл жобаға басынан бастап аналитика жасау керек. Менің ойымша, «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы ескірді. Ауылға маман тартудың заман талабына сай жобаларын ойластыру қажет. Ол бағдарламалар арнайы зерттеліп, қоғамдағы сарапшылармен кеңесе отырып жүзеге асырылуы тиіс, – деді депутат.Көшіп кетуге тосқауыл жоқ
Жақында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев шалғай ауылдағы мектептердегі мұғалім тапшылығын шешетін жаңа бағдарлама дайындауды тапсырды. Жоғары оқу орнын бітірген жастар ауылға барудан неге қашады? Мәселенің түйіні әлеуметтік жағдайға келіп тіреледі. Ауылдағы жөндеуден өтпеген жол мен мектеп, сыныптағы 30-дан астам оқушы, тұрмыс жағдайы жас маманды «қалада қал» деп үгіттейді. Бірақ ауыл мектебіндегі оқушының жайы не болмақ? Оларға бір мұғалім амалсыздан бірнеше пәннен сабақ беріп жүр. Кей елді мекенде зейнет жасына толған ұстаз әлі күнге сабақ береді. «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасымен мұғалім болып барған Айымгүл Артықбаева үй алып, тиісті еңбек өтілін өтеп болғаннан кейін қалаға қайтқан. – Ауыл мектептерінде үйірме деген жоқтың қасы. Жас маман болған соң міндетті түрде барып кел, шауып кел боласың. Тәжірибелі мұғалімдерден қолдау аз. Кейбірі сағатын қызғанып, «жас емессің бе, осы жетеді» дейтін. Еңбек өтілі мен категориясы жоқ мұғалімнің жалақысы да аз болады. Сондықтан ауылға тұрақтағым келмеді. Қала мектептерінің артықшылығы сабақ берген соң боссың. Үй аралау, сайлауға жүгіру деген жоқ, – дейді Айымгүл Артықбаева. [caption id="attachment_181304" align="alignleft" width="1200"] © коллаж: Қуаныш Сапарбай[/caption] Яғни, бағдарламамен алған үйді кейін қымбатырақ бағаға сатып, қалаға көшіп кетуге тосқауыл жоқ. Себебі жобаның басты шарты – маман ауылда кем дегенде 3 жыл жұмыс істеуі тиіс. Салдарынан кейбір жастар бағдарламаны баюдың жолына айналдырған. Мемлекет берген 4 миллион теңгеге ауылда тұратын ағайынының үйін қағаз жүзінде сатып алып, пайда тапқандар да кездесті. Мұндай деректер көбейіп кеткендіктен, Үкімет бағдарламаға өзгеріс енгізіп, қатысушыға туысқанының үйін сатып алуына қатаң тыйым салды. Үй демекші, қазір ауылда да үй қымбат. Үкімет берген ақшаға ескі үй сатып алып, оны жөндеуге тағы сондай қаржы салу керек. – «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы аясында баспаналы болғым келді. Әйткенмен, менің тұрып жатқан ауылымда баспана бағасы шарықтап тұр. Құны 7 миллионнан басталады. Осыған орай министрліктен бағдарлама бойынша бөлінетін несие мөлшерін көбейтуді сұраймын, – дейді жас маман Қуандық Сәменов.Мұғалімге берілген үстемеақы басқасына бұйырмаған
Жастардың барлығы жаппай әлеуметтік көмек үшін ауылға барады деп ойласақ, қателесеміз. Туған ауылына жүрек қалауымен барған жас маманның бірі – Айбек Қабдеш. Ол 2020 жылдан бастап «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасына мемлекеттік қызметшілердің қосылғанын естіп, көп ойланбастан осындай шешім қабылдаған. Қазір ауылдық округ әкімдігінің аппаратында жұмыс істейді. – Ауылда күнкөріс көзі мектеп, әкімшілік және аурухана ғана. Бағдарлама аясында мектепке келген мұғалім айлығына 25 пайыз қосып алады. Бірақ әкімшілік пен ауруханадағы мамандарға бұл үстемеақы қарастырылмаған. Ауылда жастардың тұрақтамауының басты себебі – инфрақұрылымның жетілмегені. Жыл сайын ауылды дамытуға қаншама миллиардтаған ақша бөледі, бірақ ол ауылға жетпейді. Мұны мен өз көзіммен көріп жүрмін. Жол да, жарық та, жастар баратын мәдени орындар да жоқ. Осыдан кейін жастар қалай барғысы келеді? – дейді Айбек Қабдеш. Ауылдағы қай мекемеге барсаңыз да жастар аз, басшылықта отырғандардың көбі орта буыннан жоғары мамандар. Олар жастар әкелген өзгеріске қырын қарап, түсінбейтін көрінеді. Сондықтан 3 жыл еңбек мерзімін бітірген соң тіл табыса алмаған жас қалаға қашады. Айбектің жұмыс істеп жүргеніне 1 жылдан асқан. Бірақ ол да: «Ауылдан болашағымды көріп тұрған жоқпын. Енді екі жылым бітсе, қалаға қайтамын» деп отыр. «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасына енгізілуі тиіс өзгерістер аз айтылған жоқ. Соның бірі – аудандық қалалардағы маман тапшылығы. Оқу орнын тәмамдаған түлек ауылға ғана барғысы келеді. Себебі аудандағы қалаға жұмысқа орналасқанда әлеуметтік қолдау төлемі де, үй алуға бюджеттік кредит те берілмейді. Сондай-ақ сол қаланың қасындағы ауылдың мектебімен салыстырғанда жалақысы 25 пайызға төмен болады. Жобаның шарты бойынша жастар тек ауылға жұмысқа баруы тиіс. Яғни, әлеуметтік әділетсіздік туындайды. Аты қала болғанымен, заты қала емес, тұрғын саны ауылдан да аз жерге барған маман неге әлеуметтік қолдау шараларынан қағылады? Ауылға маман тарту мәселесін шешемін деп аудандағы қалалар шетте қалып жатыр. Осыншама олқылықты көрсек те, шара қабылдауға келгенде амалсызбыз. Нәтижесінде, «Ауылым, қайдасың?» деп барған жас маманның тауы шағылып, қайтадан қалаға оралып жатыр.Көктем ҚАРҚЫН