Шетелдік көлік иелерін алдап соққан
Шетелдік көлік иелерін алдап соққан
201
оқылды
«Темір тұлпар» сатып алғандардан утильалым жинап келген «ӨКМ операторы» ЖШС-ның жұмысын тоқтатуы елде түрлі қауесетке тамы­зық болды. Соның бірі – Қазақ­станға айналмалы жол­дар­мен заңсыз әкелінген армян, ресейлік, қырғыз көліктері заңды тіркелуі мүмкін дегенге саяды. Шынында, бұл жайында Үкімет әзірге жаңа шешім қабыл­даған жоқ. Ал алаяқтар болса, оны алдау схемасына айналдырып ала қойған. Шетелдік көліктерді тіркеймін деп уәде берген Алматы облысының тұрғыны анықталды. И.есімді ер адам «ұзынқұлақ» әдісі арқылы ел арасында қаңқу сөз таратып, шетелдік көлігін тіркеуден өткізгісі келетіндерді тауып, оны ешқандай кедендік рәсімдеусіз жасап беруге уәде етеді. Ер адам өз қызметін 700 мың теңгеге бағалаған. – Күдікті қамауға алынды. Ол алдаудың төрт фактісін мойындады. Оның әрекетінен келтірілген жалпы шығын шамамен 2,5 млн теңге. Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде, – деді Түрксіб аудандық полиция бөлімінің бастығы Мейірхан Жаңабаев. Бұған дейін күдікті осыған ұқсас бап бойынша сотты болған. Қазір күдікті уақытша ұстау изоляторында.

Ерік ЕРДЕНОВ