Азаматтық авиация неге ақсады?
Азаматтық авиация неге ақсады?
© коллаж: Қуаныш Сапарбай
342
оқылды
Отандық авиацияда «Гриффитс дәуірі» аяқталмақ. Оның «Қа­­зақстан­ның авиациялық әкім­ші­лігі» АҚ бас директоры қызметінен кететіні ту­ралы сенсациялық жаңа­лық жария­ланды. Сенсация дейтініміз, дәл осы квази­мем­ле­кет­­тік кәсіпорын тек со­ның есімі­мен байланыстырылатын. Оның не­гізін қалаған да өзі. Питер Гриф­фитс Мамин Үкіметін «мені ер­­кім­нен тыс отставкаға кетірсеңдер, Қазақстан Еуропаның қара тізіміне қайта кіреді» деп қорқытқан де­ген сөз бар. Енді әкімшілік тағ­дыры не болады?

Британдық басшы не бітірді?

Халықаралық қоғамдастық түгіл Қа­зақстан халқы «Қазақстанның авиациялық әкімшілігі» АҚ-ның не ұйым екенін, немен айналысатынын біле бермейді. Қызметі белгісіз болғанымен, міндеті маңызды: ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз ету, әуекомпа­ния­лардың қызметін бақылау, экипаж мүшесіне, авиация қызметкерлеріне, авиациялық жұмыстарды орындауға куәлiк беру, тіпті арнайы ұшуды орындауға рұқсат беру се­кілді сан салалы, стратегиялық функция­ларды қазір дәл осы ҚАӘ атқарады. ҚАӘ азаматтық авиацияның барлық ұйымын – әуекомпанияларды, әуежай­ларды, аэронавигациялық қызмет көрсету­шілерді, жерде қызмет көрсетуші сервистік ұйымдарды, авиациялық медорталықтарды және басқасын ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстайды. Ел түгіл, посткеңестік кеңістіктегі мемле­кеттер тарихында бұрын-соңды бол­маған бірегей ұйым – авиациялық әкімшілік 2019 жылғы 1 тамызда «Н.Назарбаевтың Бес институционалдық реформасын іске асыру жөніндегі 100 нақты қадам» Ұлт жоспа­рының 68-қадамына сәйкес құрылды. Ондағы мақсаты – «Британдық азаматтық авиация мемлекеттік агенттігінің және Еуроодақтың авиация қауіпсіздігі агент­тігінің моделіне бағдарланып, Қазақстанның азаматтық авиациясын басқару». Мемлекеттік басқару құрамына кіретін, бірақ одан белгілі бір дәрежеде тәуелсіз ұйымның тізгіні британдық ұшқыш, тәуе­келдерді, дағдарыстар мен апаттарды бас­қару саласындағы магистр Питер Гриффитс­ке табысталды. Ол ел басшылығына «Қазақ­стан­ның әуе көлігі секторының өсуіне қол­дау көрсетуге және қазақстандық авиа­ция саласының әлемдік ойыншы болып қалыптасуына негіз болатын реттеудің жаңа жүйесін енгізуге» уәде етті. Билік оның бұл мұратқа жетеріне кәміл сенді, себебі ол бұ­ған дейін Еуроодақтың «біртұтас еуропалық аспан» атты ауқымды бастамасының тиім­ділігін бағалау жөніндегі органның төрағасы болған. Сондай-ақ Ұлыбритания Корольді­гінің азаматтық авиациясының бас дирек­торы лауазымын атқарды. Әрине, оның тұсында Қазақстан бір­қатар жетістікке жетті. Отандық әуекомпа­ниялар Еуропаның «қара тізімінен» шығып, тынысы ашылды, өрісі кеңейді, батыс ел­деріне ұша бастады. 2021 жылғы тамызда қазақстандық авиация ICAO халықаралық авиация ұйымы аудиторларының тәуелсіз тексерісінен табысты өтті. Соның қорытын­дысында Қазақстанның ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз ету деңгейі 84%-ға көтерілді. Осылайша, Қазақстан Нидерланд (87%), Бельгия (87%), Португалия (87%), Дания (85%) секілді елдерге жақындады, Ислан­дия, Польшамен (84%) теңесті. Ел енді бұдан да ғаламат асуды – 2023 жылы ИКАО ау­дитінен лайықты өтіп, 90% межені бағын­дырмақ. Бақылау-қадағалау функцияларын жү­зеге асыру аясында ҚАӘ 2021 жылы 16 әуежайды сертификаттаудан өткізіп, 32 инспекциялық тексеру жүргізген. Әуе қыз­меткеріне куәлік беру бойынша 2 500-ден астам мемлекеттік қызмет көрсеткен. 9 авиа­­циялық оқу орталығы сертификаттау­дан өтті. 2 әуекомпанияның қызметі уа­қытша тоқтатылды («Аэросервис-Тараз» әуеком­паниясы» ЖШС, B&K AERO KZ ЖШС). Тағы 3 әуе тасымалдаушының – JENIS AIR ЖШС, AZEE AIR ЖШС, Sunkar Air ЖШС-ның сертификатын кері қайтарып алды.

Құпия ақпарат шетелге «ағып» кетпеді ме?

Дегенмен Үкіметтің үкілеген үлкен үміті ақталмады. 2019 жылғы 27 желтоқсанда Bek Air ұшағы бауырын жерден көтере алмай, құлап, 13 адам опат болды, ел Президентіне «Ұлттық Аза тұту күнін» жариялауға тура келді. Әуе апатын тексеру барысында атал­ған әуекомпания мен секторды былық жай­лағаны әшкереленді. Компания үнем қылу мақсатында істен шыққан ұшақтардың «б/у» бөлшектері мен жабдығын ұшып жүр­ген ұшақтарына ауыстырып салып, ойына келгенін істеген, «франкенштейн-ұшақ­тарының» аспанға көтерілуіне еш қиын­дықсыз рұқсат алып келген. 2021 жылғы тамызда «Қазақстанның авиациялық әкімшілігі» АҚ-ның Ұшу жарамдылығы департаментінің директоры және аға авиациялық инспектор Әйгерім Шәлекенова ел Президентіне, салаға жауап­ты Индустрия және инфрақұрылымдық даму министріне хат жазып, өздерінде қалыптасқан күрделі ахуалды, сондай-ақ «өзі куә болған әкімшілік құқықбұзушы­лық­тар, дискриминация, қазақ ұлтын қор­лау» және басқа да біраз былықты жайып салды. Біріншіден, оның айтуынша ҚАӘ құ­рылғалы Гриффитс «саланы және компа­нияны дамытудың нақты, түсінікті страте­гиясын түзе алмады». Орта және ұзақ­мер­зімді егжей-тегжейлі жоспарлар болмай шыққан. «Нарық қатысушылары ҚАӘ қай ба­ғытта дамуды жоспарлап отырғанын түсін­бейді. Барлық шешім бейберекет қабыл­данады, жүйелі тәсілдеме жоқ. Компания жан­жал, интрига мен сот таластары батпа­ғына батып барады. Мұның бәрі жұмысты оңтайлы ұйымдастыра білмейтін «әлсіз» менеджменттен хабар береді. Ел басшылығы тапсырғандай, азаматтық авиацияны бас­қарудың британдық моделіне көшу толық­қанды жүзеге аспады», – деді Ә.Шәлекенова. Екіншіден, оның мәліметінше, ҚАӘ ақпараттық қауіпсіздікті толыққанды сақ­тай алмай отыр: «Гриффитс енгізген бағ­дар­ламалық өнімдердің осал тұстары бар, олар ақпараттық қауіпсіздікке теріс ықпал етеді. П.Гриффитс елімізге таңған Business Optix бағдарламасы еліміздің әуе флотының техни­калық ахуалымен байланысты қыз­мет­тер­ді онлайн өңдеуге арналған. Бірақ бағ­дар­лама жете пысықталмаған, көптеген проблемасы анықталды. Біздің мамандар оны өнеркәсіптік пайдалану барысында жетілдіруге мәжбүр. Маған белгілі болған­дай, осы бағдарламадағы ақпарат екі жыл­дай шетелдік серверде өңделген. Қазақ­стандық әуе көліктерінің, соның ішінде мемлекет қорғайтын тұлғалар ұшақтарының ахуалы туралы мәлімет шетелге қолжетімді болған», – деп дабыл қақты аға авиациялық инспектор Ә.Шәлекенова. «Сорақысы сол, ҚАӘ-де тіпті элек­трон­ды құжатайналым жүйесі жолға қойылмаған, барлық қызметтік хат алмасу «.com» до­меніндегі қорғалмаған электронды пошта­лар арқылы іске асырылады», – деген Ә.Шәлекенова құзырлы органдар бұл жерден қандай «сезімтал, құпия ақпарат» шетелге ағып кетуі мүмкін екенін зерделеуі керек деген ұсынысын айтыпты.

Ұйым дағдарыстан шыға ала ма?

Шағымда сондай-ақ компания бас­шылығы жүргізген саясатпен келіспеген, бұрыс жақтарын көрсеткен жоғары білікті қызметкерлер Питер Гриффитс тарапынан қудалауға ұшырағаны жазылған: біраз маманмен еңбек келісімшарты себебін түсіндірусіз-ақ ұзартылмай қойыпты. Әйгерім Шәлекенова өз департаментін басшылықтың 7 жауапты қызметкерінен айырғанына да наразылық білдірді. Оның арыз хатында П.Гриффитстің Қазақстанның авиациялық билігіне доқ көрсеткені айтылған: «Ол Қазақстан өзіне және өзі енгізген бағдарламалық қамты­лым­дарға тәуелді болып қалатындай жағдай ту­ғызды. Егер Үкімет өзін лауазымынан ерік­сіз кетірсе, онда Қазақстан Еуроодақтың «қа­ра тізіміне» кіреді деп авиациялық би­лікке шантаж жасады. ҚАӘ құрылымын да тоқтаусыз өзгертумен келеді, онысына ком­панияның Директорлар кеңесінің келі­сімін алмайды. Жауапты лауазымдарға авиа­циялық білімі жоқ тұлғалар қабыл­да­нуда», – деп қапаланды Әйгерім Шәлекенова. Оның шағымына жауап берген Индус­трия министрлігі Еңбек кодексіне сәйкес, кімді қызметке алатыны, кіммен еңбек ке­лісімшартын бұзатыны – жұмыс берушінің еркі мен таңдауында екенін еске салды. «Ұжымдағы әлеуметтік шиеленісті анықтау мақсатында ҚАӘ-нің комплаенс және ішкі қауіпсіздік аға инспекторы жұмыскерлер арасында анонимді сауалнама жүргізді. Оның нәтижесінде респонденттер еңбек құқықтарын жүзеге асыру барысында ұлттық нышанына қарай кемсітілетінін теріске шығарды және тұтастай алғанда, бұзушылықтар жоғын атап өтті», – деп мәлім етті ИИДМ. Сондай-ақ министрлік «ұжымдағы мораль­дық-психологиялық ахуалды жақ­сарту үшін ҚАӘ-ге еңбек ұжымында қолай­лы климат туғызуға, еңбек және өнеркәсіптік тәртіпті нығайту жұмысын күшейтуге кеңес берген». Арыз хаттан соң, былтыр Әйгерім Шәлекенова лауазымынан айырылды. Енді міне, Питер Гриффитстің өзі «Қа­зақстанның авиациялық әкімшілігі» АҚ қызметінен кететіні мәлім болып отыр. Алайда Қазақстан батыстың «авиациялық қара тізіміне» кіре қоймас. Себебі өз еркі­мен кеткен көрінеді: ресми мәлімет бойын­ша Гриффитс 2021 жылғы 7 желтоқсанда өз еркімен орнынан босату туралы өтініш жазыпты. Соның негізінде, ИИДМ Аза­маттық авиация комитетінің дерегінше, «2022 жылдың 7 ақпанынан бастап, Питер Гриффитстің ҚАӘ бас директоры лауазы­мындағы өкілеттігі тоқтатылады». Бір аптадан соң, 7 ақпанда ҚАӘ бас директоры міндетін уақытша атқару Линда Орлэдиге жүктелмек. Ол бұған дейін Гриффитстің бірінші орынбасары-ұшу қауіпсіздігінің бастығы болған. Гриффтстің өз еркімен отставкаға кетуінің себебі белгісіз. Бір белгілісі, «Қазақстанның авиациялық әкімшілігін» қаржыландыру тоқтатылған. Бұл жайында Индустрия министрлігі хабарлады. «Қазақстанның әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы» заңына сәйкес авиациялық әкімшілік «Қазаэро­навигация» РМК-сінің тоқсан сайынғы аударымдары есебінен қаржыландырылады. Алайда коронавирус пандемиясы кесірінен 2020 жылы Қазақстан аумағының үстінен әуе кемелерінің ұшу саны күрт төмендеді. Салдарынан 2020 жыл соңында «Қа­заэро­­навигация» РМК таза кіріссіз қалды, тиісінше авиациялық әкімшілікке аударуға қаржысы жетпеді. Мысалы, ҚАӘ-нің 2019 жылғы бекітілген бюджеті 2 млрд 402 млн теңгені құрады, «Қазаэронави­гациядан» 2 млрд 102 млн теңге ғана (87,5%-ы) түсті. Яғни, пандемияға дейінгі 2019 жылы 300 млн теңгеге кем берілген. 2020 жылы авиациялық әкімшіліктің бекітілген бюджеті 3 млрд 809 млн теңге болды, соның тек 2 млрд 257 млн тең­гесін (59%-ын) ғана ала алған: ҚАӘ тапшылығы 1 млрд 552 млн теңгеге немесе 41%-ға жетті. 2021 жылдың тамызынан бастап, «Қазаэронавигация» таза табысының болмауы салдарынан авиация әкімшілігін қаржыландыруды тоқтатты. Содан бері ҚАӘ қызметі заем есебінен қаржылан­дырылып жатыр. Сонымен бірге ҚАӘ көрсететін мемле­кеттік қызметтерден түскен алымдар рес­публикалық бюджетке аударылады. Бірақ онысы мардымсыз: мысалы, 2020 жылы оның қызмет көрсетуінен ел бюджетіне небәрі 175 млн теңге түскен. Өйткені авиа­­циялық әкімшілік жекеменшік ком­пания­ларға біраз қызметті тегін көрсетеді екен. Мысалы, 2021 жылдың сәуірінде ҚАӘ авиациялық инспекторы отандық 2 әуе­компанияның өтінімі бойынша Ресейдің Екатеринбург қаласында әуе кемесін сертификаттық тексеру және Новосібір қаласында авиациялық техниканы жөндеу жөніндегі шетелдік сертификатын тану бойынша қызмет көрсеткен. Бірінші қыз­мет үшін әуекомпания 20 мың теңге алым төлеген, ал екінші қызмет тегін көрсетіліпті. Себебі ол үшін төлем көзделмеген. Осы қызметтер үшін ҚАӘ 1,5 млн теңгеден астам шығынға ұшыра­ды. Сондықтан министрлік пен депутаттар «Қазақстанның авиациялық әкімшілігі» АҚ-ын өзін-өзі қаржыландыруға жіберуді ұсынып отыр. Тиісті заңнамалық түзету қабылданса, оның бюджеті азаматтық авиация саласын­дағы төлемдер түсімдері есебінен қалып­тас­тырылатын болады.