Теріскейде жерсіз қалған ауылдар бар
Теріскейде жерсіз қалған ауылдар бар
538
оқылды
Солтүстік Қазақстан облысында бірқатар ауылдың тұрғындары егістік жерлерінен айырыл­ды. Олардың жер үлестерін жалға алған кәсіпкерлер кепілге егістік алқаптарын қойып, түрлі қаржы ұйымынан несие алған. Кейін несиелерін өтей алмаған соң бұл жерлер банктердің мен­­­шігіне өтіп кеткен. Аукцион арқылы сатылғандары да бар. Енді ауылдықтар жерден де, оған төленетін үлестен де айырылып отыр. Айыртау ауданындағы Сырым­бет және Қамысақты ауылдық ок­руг­терінің егістік жерлерін осы­дан 10 шақты жыл бұрын «Жарқын СК» ЖШС жалға алған. Ауыл­дық­тар­дың айтуынша, бұл кәсіпкерді ауыл­ға аудандық әкімдік қыз­мет­кер­лерінің өздері алып келген. Дау­қара ауылының тумасы Ернұр Нұр­ғали бастапқы үш жыл бойы се­ріктестік жақсы жұмыс істеп, тұр­ғындарға жер үлестерін де уа­қы­тылы төлеп келгенін айтады. Кейін жағдайлары күрт нашарлап, 2017 жылы «Аграрлық несие кор­порациясынан» 600 миллион тең­ге қарыз алыпты. Оның кепілдігін 42 мың гектар егістік алқаптарымен қам­тамасыз еткен. Бір жыл өтер-өт­песте кәсіпорын басшылығы не­сиені төлей алмайтынын айтқан соң «Аграрлық несие кор­по­ра­ция­сы» оны сотқа беріп, жеңіп шы­ға­ды. Сөйтіп, ауылдықтардың егістік ал­қаптары түгел қаржы инс­ти­ту­ты­ның меншігіне өткен. Енді «Аграр­лық несие корпорациясы» оны аукцион арқылы сатып, қар­жы­сын қайтармақшы. Осы тұста мәселенің мән-жайы қара­пайым халықтың құлағына жетіп, жерді қайтару қамына кірісті. Алдымен олардың талап-арызы негізінде жалпы жиналыстың шешімі заңсыз деп танылды. Жуырда тағы бір талап-арызы қанағаттандырылып, сот орындаушысына кепілде тұрған 42 мың гектар жерді сатуға тыйым салынды. Енді ауылдықтар өз жерлерін қайтару үшін «Жарқын СК» серіктестігінің қаржы ұйымы алдындағы 480 миллион теңге қарызын және серіктестік алдындағы борышын өтеуі тиіс. Одан соң «Жарқын СК» серіктестігінің құрамынан шығып, басқа серіктестік құруға құқылы. Немесе жерді кепілдікке қою туралы келісім­шарттың күшін жою үшін қаржы институты заңбұзушылықтар туралы алдын ала білгенін дәлелдеу қажет.

ЖЕР ИЕЛЕРІН ЖҮРЕ ТЫҢДАҒАН

Серіктестік құрамынан шығу үшін жалпы жиналыс өткізу керек. Бірақ ЖШС басшылығы 880 адамның жиналыс өткізу туралы өтінішіне құлақ аспаған, тіпті жібі түзу жауап та бермеген. Жазбаша өтінішін бір рет қабылдаған соң кейінгілерін тіпті қабылдаудан да бас тартқан. Сотқа жүгінуге мәжбүр болған ауылдықтардың талап-арызы қанағаттан­дырылды: былтыр 29 қыркүйекте Солтүс­тік Қазақстан облысының мамандан­дырыл­ған ауданаралық экономикалық соты кәсіпкерді жалпы жиналыс өткізуге міндеттеді. Сот төрағасының міндетін атқарушы Бауыржан Жайжұмановтың айтуынша, жалпы жиналыс өткізу тәртібі сақталмай, үлескерлердің құқығы бұзыл­ғаны анықталған. Жауапкер сотта әр нәр­сені сылтауратып, жиналыс өткізуден жалтармақ болған. Тіпті, бұл шешіммен келіспей, облыстық сотқа апелляциялық шағым түсірген. Алайда облыстық соттың азаматтық істер жө­ніндегі алқасы былтыр желтоқсан айы­ның соңында бұл шағымды қанағаттан­дырмай, бұрынғы шешімді өз күшінде қалдырды. Яғни, «Жарқын СК» серіктестігі жалпы жиналыс өткізуге міндетті. Енді жерді қайтарудың жалғыз жолы – жалпы жиналыс өткізіп, серіктестік құрамынан шығу.

МАРҚҰМДАР ҮШІН ҚОЛ ҚОЙҒАН

Іс сотқа жеткелі бұл мәселеге қатысты түрлі заңсыздықтың беті ашыла бастады. Мәселен, заң бойынша «Жарқын СК» серіктестігі қарыз алмас бұрын үлескер­лердің жалпы жиналысын өткізуі керек-тін. 2017 жылы өткізілген жалпы жиналыс­тың хаттамасына сәйкес үлескерлер несие алуға және егістік жерлерін кепілдікке қоюға келісіпті-міс. Алайда тұрғындардың осы жиналыстың шешімін заңсыз деп тану туралы талап-арызы кейін сотта қанағат­тан­дырылды. Яғни, бұл жиналысқа үлес­керлер қатыспағаны және хаттамаға қол қоймағаны толық дәлелденді. Кейін қозғалған қылмыстық істің материалдарынан белгілі болғанындай, жалпы жиналыстың хаттамасына жалған қол қойылғаны анықталған. Тіпті, тізімде қайтыс болған адамдардың да қолы бар екен. «Аруақтарды қорлағаны ауылдық­тардың тіптен ашу-ызасын туғызды», – дейді Ернұр Нұрғали. Солтүстік Қазақстан облыстық Полиция департаменті баспасөз хатшысы Динара Сағындықованың түсіндіруінше, сотқа дейінгі тергеу аясында қолжазба мен қойылған қолдарға сот-сараптамалық зерттеулер тағайындалып, нәтижесі бойын­ша олардың кейбірі жалған екені анықталды. «Алайда сотқа дейінгі тергеу барысында жалған құжатты жасаған адамдар анықталған жоқ. Осыған байланысты қылмыстық істі тергеу уақытша тоқтатылды», – деді Динара Сағындықова. Бұл шешіммен прокурорлар да келісіп отыр. Бірақ облыстық прокуратура бұл мәселе бойынша түсініктеме беруге құлық танытпады. Жалпы, заңгерлер үлескерлер серіктестік құрамына кірген сәттен бастап-ақ алған үлесіне риза болып жүре бермей, оның жұмысына араласуы керек еді деп есептейді. Мәселен, Шал ақын ауданындағы Балуан ауылының тұрғындары өз жерлерінің сатылып кеткенін 10 жылдан соң ғана біліп, сан соғып қалды. Ауыл тұрғыны Дихан Қаршаловтың айтуынша, 300-ге жуық адамның 4 мың гектардан астам жерін жалға алған «Казипрохем Агро» серіктестігі тәжірибе стансасынан қарызға элиталық тұқым алып, кейін борышын өтей алмағандықтан, бұл жерлер 2011 жылы үшінші тұлғаға 25 миллион теңгеге сатылып кеткен. «Оған дейін де инвестор ауылдықтарды жарытқаны шамалы. Садақа бергендей жылына адам басына 6 000 теңге төлейтін. Оның өзін құжаты дұрыс емес дегенді желеу етіп 80 шақты үлескерге бермей келген», – дейді Дихан Қаршалов. Олардың мүддесін бүгінде белгілі адвокат Бақытжан Базарбек қорғайды. Адвокаттың айтуынша, жер үлестеріне қатысты істер өте күрделі, қиын әрі көп уақытты, зерттеуді, дәлел жинауды талап етеді. «Мұндай істердің көбінде талап-арыз беру мерзімі өтіп кеткен. Оны сот тәртібімен қалпына келтіру қиын. Өте көп уақыт алады», – деген адвокат өз қызметін заң аясында жүргізетінін жеткізді.

ЗАҢҒА ӨЗГЕРІС ЕНГІЗУ КЕРЕК

Айыртау ауданындағы жерсіз қалған Дауқара ауылының тумасы, Парламент Мәжілісінің бұрынғы депутаты Кәрібай Мұсырман жер мәселесі өте өзекті болғандықтан, талап ету мерзімін шектеу туралы заң нормасын өзгерту қажет деген пікірін білдірді. «Мен кезінде Айыртаудағы жер дауына байланысты бас прокурорға депутат ретінде хат жазғанмын. Бәрі қолданыстағы заң аясында шешілуге тиісті. Арызданушылар сот шешімімен келіспесе, жоғары инстансаларға шағым­дануы тиіс», – деді экс-депутат. Ауылдықтар істің соңы сиырқұйым­шақ­танып кеткеніне басқа себеп бар деген ойда. Халықты қан қақсатқан, тіпті жұ­мысшыларының еңбекақысын да төлемей жүрген «Жарқын СК» серіктестігінің сыртында Ауыл шаруашылығы министр­лігінің Жер ресурстары комитетінің басшылары және жергілікті әкімдік тұр деген жорамалы бар. Солтүстік Қазақстан облысының мамандандырылған ауданара­лық экономикалық соты төрағасының міндетін атқарушы Бауыржан Жай­жұманов құрылтайшылар тарапынан қателік кеткенін айтып отыр. «Осы жер дауларын жергілікті атқарушы органдар­дың, медиаторлардың және құрылтай­шылардың араласуымен оң шешуге болады. Инвесторлармен келісіп, ауылдықтар­дың үлесін төлету керек. Серіктестік басшылары алған несиесін қалтаға басқан болса, қылмыстық іс қозғалып, онымен полиция айналысуы тиіс», – дейді судья Бауыржан Жайжұманов. Ал аудан әкімдері бұл түйткілдің түйінін сот шешеді деумен шектеліп отыр. Айыртау ауданына қарасты Дәуқара, Бірлестік, Егінді-ағаш, Светлый және Қарақамыс ауылдарының тұрғындары ел Президентіне хат жолдап, араша сұрады. «Қылмыстың істің тоқтауы, судьяның күмәнді шешім шығаруы, жергілікті билік органдарының мәселені шешуде құлшы­ныс танытпауы халықтың билікке деген наразылығын арттырды. Осы мәселенің ушығуына себепші, әу баста халықты алдап несие алған «Рамут» ЖШС бұрынғы басшысы Мұрат Теміржановтың тұрға­нына күмәніміз жоқ. Осыған орай мәсе­лені шұғыл түрде қадағалауға алуыңызды сұраймыз», – делінген жерінен айырылған ауылдықтардың хатында. Бірақ бұл хаттан да еш нәтиже шықпады: аудандық әкімдіктегілер оны жылы жауып қоя салыпты. Ауылдықтардың ендігі бар үміті Жоғарғы Сотта.

Солтүстік Қазақстан облысы