Тұғыры биік тұлға
Тұғыры биік тұлға
611
оқылды
Қазақтың ұлан-байтақ жерінің әр өңірінде есімі елдің жадында сақталған, жұрты үшін бойындағы бар күш-жігері мен білім-білігін сарқа жұмсап, қажет кезінде қолына қару алып, туған жерін жаттан қорғаған, бірауыз сөзбен жауласқан елді татуластырған тұл­ғалар болған. Өзі өмір сүрген заманның талабы мен сұранысына сай олардың елінің ертеңі жарқын болуы жолында істеген қажырлы қарекеті мен ерлігі де сан алуан. «Әр заманның өз сұрқылтайы бар» дегендей, әр кезеңнің сол кезде тірлік еткен жанға тартар сынағы мен дайындаған сыбағасы болады. Сынақта сынбаған, өзін ғана емес, өзгені де ойлаған азамат әрдайым сыйлы болары анық. Оның еншісі – өзі өмірден өтсе де есімінің ел аузында сақталып, өнегесінің өркен жаюы. Бұл дүниеден кеткеніне біраз жыл өтсе де, ағайындары ғана емес, ауылдастары, замандастары еңбегін елге мақ­танышпен айтып отыратын, есімін мектепке беріп, басқаларға өнеге ретінде ұсынатын Абыхан Жексембековті де сол елі үшін елеулі атанған жандардың қатарына қосамыз. Алматы облысындағы Еңбекшіқазақ ауданының Алматы қаласына таяу, асқақ Алатаудың берекелі бөктеріне қоныстанған ауылдарының көбінде Кеңес Одағы ке­зінде жергілікті ұлттың үлес салмағы аздау болды. Шұрайлы да, шырайлы аудандағы ірі колхоз-совхоздардың тізгінін ұста­ғандар арасында да қазақтар саусақпен санарлықтай еді. Аман болғанда, биыл ақпанда 85 жасқа толып, бала-шағасының ортасында шал­қып отыратын Абыхан ағамыз соғыс жыл­дарында өткен балалық шақтағы қатал сынақта шыңдалып, есейген кездегі білуге деген құштарлығының арқасында жоғары білім алып, жалықпай ізденуі барысында қызметте сатылап өсіп, біраз биікті бағындырған. Өткен ғасырдың 90-жылдары мызғы­мастай көрінген Кеңес Одағы келмеске бет бұрып, алып елдегі бір-бірімен тығыз байланыстағы өндірістік қатынастар үзіліп, «балапан басына, тұрымтай тұсына кеткен» аумалы-төкпелі кезеңде Түрген­дегі көпсалалы шаруашылықта директор­дың орынбасары болып істеген. Жайлауда малы мыңғырған, бау-бақшасы жеміс-жидек пен көкөніске сыңсыған, егістігі ал­тын дәнмен жайқалған алып шаруа­шылықтың сол кездегі директорының кеудесіндегі Социалистік Еңбек ерінің Алтын жұлдызында ауыл еңбеккерлерімен бірге Абыхан Аманбайұлының да табан ет, маңдай тері бар екені айдан анық. Одақ ыдырады, 70 жыл қалыптасқан даму ырғағы бұзылды. Қоғам ауысты. Кол­хоз директоры да өзге­рістің беталысын аңдап, біраз күткен соң атақонысы Ресейге қоныс аударды. Аңтарылған жұрт ауылдың болашағына алаңдай бастады. Сындарлы шақта арқасүйер, сенім артар азаматтарды іздеді. Сондай шақта суырылып шыққан Абыхан Жексембековке үміт артты және үміт ақталды. Нарықтың алғашқы жылда­рындағы қиындықты бірлесе отырып жеңді жер­гілікті жұрт. Қазақстанды мекен еткен барлық ұлт­тың өкілдері бас қосқан ірі елді мекендегі тірлік­тің түтінін түзету жолында олардың барлығының тілін тауып, көңілін бірлеп, ертеңге деген сенімін ояту оңай болған жоқ. Елі сенген азамат сол үдеден шыға білді. Әлі есімде, 90-жылдардың ортасынан асқанымен, шаруашылықтардың шаруасы әлі шатқаяқтап, жұрттың тұрмысы құлды­рап тұрған кезде облыстық газеттің тілшісі ретінде Түргендегі тындырымды тір­лікті бас­қаларға үлгі ету мақсатында арнайы тап­сырмамен барып, күні бойы ағаның қа­сында жүріп, болашақта жемісін берер, сол кездің өзінде табысы тасқындай бас­таған іргелі істерге куә болған едік. Сол жолы Жексембековтер әулетінің қара ша­ңырағындағы берекелі дастарқаннан дәм татып, жарасымды бір әңгіме-дүкен құрған болатынбыз. Түрген аумағын ме­кен­деген елдің үлкен-кішісі, ұлты мен дініне қара­мас­тан, өздерінің көшбасшысы, ауыл же­текшісі Абыхан Аманбайұлын қатты құр­меттейтінін, тапсырмасын тап-тұйнақтай орындайтынын көріп, ел сені­міне ие болудың кереметтігіне көз жеткізгенбіз. – Балалығым соғыстың өртті жылда­рына тап келді. Сол кездегі замандастарым көрген қиындықтың барлығын біз де бас­тан өткердік. Ер-азаматтардың көбі май­даннан қайтпай қалды. Қабырғамыз қат­пай тұрып, беліміз майысып, үлкендермен бірге еңбек еттік. Жеңістен кейін де бар­лы­ғы бірден оңалып кеткен жоқ. Біраз жыл ауыртпалықты көрдік. Анам екеуміз өгіз ар­бамен қиқалақтатып, орталыққа сүт өт­кізетін кездер әлі көз алдымда. Таңның аты­сы, күннің батысы тырбанған тірлік еді... Сөйтіп жүріп, сабақтан қол үзгем жоқ. Шамам жеткенше қатарымның алды бо­луға ұмтылдым. Жо­ғары білім алдым. Ма­мандығыма сай барлық қызмет­тік са­тыдан өттім және атқарған қызметтерімнің бар­лығы осы өзіміздің облыста өрістеді. Қатар өскен құрбыммен бас қосып, отау құрдық, құдайдың берген балаларын өсір­дік. Енді, міне жұрт үміт артқан соң со­­лардың сенімін ақтау жолында ауылды мүм­кінді­гімше алға сүйреп жүрмін, – деген еді сол жолғы жүзесуде. 1963 жылы институтты қызыл диплом­мен бітіріп, еңбек жолын Шелек ау­да­нындағы «Горный овцевод» ұжымшарынан мал дәрігері болып бастады. Төрт түліктің сапасын жақсарту мен малды өз төлі есебінен көбейтуге көңіл бөл­ді. Жарқын бастамалары ау­дандағы басшылардың назарына ілікті. Облыс көлеміндегі үлкен жиналыстарға шақырылып, тәжірибесін таратты. Балқаш ауданында «Желтораңғы» шаруашылығы ашылған кезде облыс басшылары іскер маманды сонда мал дәрігері етіп жіберді. Мұнда да жақсы жағынан танылды. Болдым-толдым деп өрекпімеді. Ізденуден, әріптестерінен үй­ренуге, білмегенін толықтырып, білгенін дамытуға мән берді. 1971 жылы өзінің туған жеріне орна­ласқан Ленин атындағы ұжымшарға ауыс­ты. Мал шаруашылығына жауап беретін бас маман, кейін басқарма төрағасының орынбасары қызметтерін атқарды. Ұйым­дастыру­шылық қыры жан-жақты ашылды. Ұжымшарының өткенін түгендеп, келе­шегіне жол салды. Жақсының жаршысы болды. Ұсынысы мен көтерген мәселелері қолдау тапты. Еңбектері Құрмет грамо­та­сы, түрлі медаль, «Құрмет белгісі» ордені­мен ұлықталды. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында да ауылдас­тарын алға бастағанын жоғары­да айттық. Заман талап еткен тың жаңа­лық­тарды жатсынбады. Оның қыры мен сырын зерделеді. «Түрген» жеке шаруа­шылығын құрды. Еңбек ұйымдастырудың жаңа әдісін меңгерді. Ұзамай шаруашы­лықтың ісі алға басып, Түрген өңірі қайта түледі. Абыхан Аманбайұлы ауыл әкімі болып тағайын­далып, жұртты айналасына топтастырды. Елді мекенде тәртіп пен бірліктің болуын қамтамасыз етті. Таб­и­ғаты тамаша өлкеде туризмді дамытудың бағдар­ламасы жа­салды. Кәсіпкерлер қата­ры нығайды. Олар егін мен бау-бақша, мал шаруашылығын өркендетті. Аграрлық салада кооперативтер мен серіктестіктер пайда болды. Абыхан Жексембеков жеке­меншік агроферма құрып, нарық қатына­сына сай еңбек ұйым­­дастырудың ерен үлгісін көрсетті. Жер­гілікті өнімдерді өң­дейтін шағын кәсіп­орындарды дамытуға баса назар аударды. Бірер жылдың ішінде Түрген ауылында өсімдік майы мен кон­ди­тер тағамдарын шығаратын, жеміс-жи­дек пен мал өнім­дерін өңдейтін цехтар ашылды. Диірмен мен наубайхана жұмыс істеді. Ауыл тұрғындары жұмыспен қам­тылды. Цех­тарда өндірілген өнімдер облысқа тарады. Кезінде облыс орталығы Алматыдан сан түрлі шақырту келген. Үлкен қызмет­тер ұсынылды. Бірақ «тартылыс заңы» оны Түргеннен алыстатпады. Кіндігі туған жеріне мықтап байланған еді. Ауылда тұрып еңбек етті, елдің қажетіне жарады, жұртының сенімін ақтаған тұлға болып қалыптасты. Шаруашылықпен бірге білім, мәдениет пен әлеуметтік жағдайды да үне­мі назарында ұстап, қордаланған мәсе­лелерді қолынан келгенінше реттеді. Ол кездері Түргенде екі орыс мектебі жұ­­мыс істейтін. Мемлекеттік тілде білім бе­­­ре­тін білім ошағы болмады. Аудандық, об­­лыс­­тық, республикалық жауапты меке­ме­лер­дің та­балдырығын тоздырып жүріп, Түр­­геннен ал­ғашқы қазақ мектебін ашты. Бұл білім ме­кемесі қазір Абыхан Жексем­бе­ковтің атын­да. Тәуелсіздік талаптарына сай ел­ді мекендер мен жер-сулардың тарихи атау­ларын өзіне қайтару ісі қолға алынды. Ұлтым деп өткен ұлы тұлғаларға елді мекен, көше атаулары беріле бастады. Осы тұста Абыхан Жексембековтің тікелей араласуы­мен Түр­ген­дегі Ленин атындағы орта мек­тепке Дін­мұхамед Қонаев­тың есімі берілді. Оның жа­риялану салтанатына Дінмұхамед Қонаевтың өзі де шақырылды. Үлкен кісі түргендіктерге алғысын айтып, ризашылы­ғын білдірді. Абыхан Жексембеков өзінің естелігінде «Димаш ағамыз ел өтінішін жерге таста­май, уақытында келді. Ауыл көшесі адамға толып, жұртшылық ол кісіні қалай құр­меттеді десеңші! Бір көше мен мектепті өзі­нің көзінше асыл ағаның есімімен ата­дық. Сонда тебіреніп, толқып тұрып ба­та берді. Ел сыйлаған ұлы тұлға, халқы­мыз­дың қалаулы перзенті Димаш Ахмет­ұлы­ның шарапатты ақ батасы қазір де алысқа кетпей, Түрген ауылын төңіректеп жүрген­дей көрінеді бізге» деп жазады. Бұл жөнінде Димекеңнің «Ақиқаттан аттауға болмайды» атты естелік кітабында да бар. Сүйінішті пікірлерін келісті кестелеген. 1997 жылы Абыхан Жексембековтің 60 жылдық мерейтойына жан-жақтан құттық­таулар келеді. Солардың бірінде: «Абыхан Жексембекұлы, біз қазақ хал­қының ардақ­ты адамы Дінмұхамед Қо­наевтың отбасы атынан Түрген ауылының азаматтарына зор ризашылығымызды жолдаймыз. Өйт­кені біздің әке-шешеміз 1932-1933 жыл­дары Түрген ауылында тұ­рып, еңбек етті. Қазір Түрген ауылының бір көшесі мен бір мектебі Димаш Ахмет­ұлы Қонаевтың аты­мен аталады. Бұл істе белсенділік көрсеткен ауыл әкімі Абыхан Аманбайұлына көп рақ­мет. Мерейтойы құтты болып, бәрі жақ­сылыққа жалғаса берсін» делінген. Құт­тық­тауға қол қойған екі адамның бірі – Қа­зақ­стан ұлттық ғылым академиясының кор­респондент мүшесі, биология ғылым­дары­ның докторы Роза Қонаева, екіншісі – Ұлттық ғылым академиясының академигі, заң ғылым­дарының докторы Мұрат Тәжі­мұратұлы. Ауыл әкімінің батылдығы мен қайрат­керлік шешімін Қонаев ұрпақтары лайықты бағалаған. Абыхан Аманбайұлы Түрген аумағын­дағы барлық мектепке қамқорлық та­нытты. Оқушылардың сапалы білім алуы­на, мұғалімдердің алаңсыз қызмет атқа­руына бар күшін салды. Музыка мектебін жабылып қалудан аман алып қалды. Оңтайландыру жылдары қауіп төнген мәдениет үйінің есігі жабылған жоқ, кітапхана қорынан айырылмады. Қазір Түргенде музыка мектебімен бірге Қонаев атындағы, Ломоносов атын­дағы, Абыхан Жексембеков атындағы мектептер жұмыс істейді. Осы білім ошақ­тарының замана көшінен қалмауында Абыхан Аман­байұлының өлшеусіз еңбегі бар екенін түргендіктер әлі күнге жыр қылып айтады. Білім саласының дамуы­на қосқан үлесі елеусіз қалған жоқ. Елімізде тікелей білім саласында қызмет етпейтініне қарамастан, ал­ғашқылардың бірі болып, «Қазақстан Республи­касының білім беру үздігі» атағымен марапатталды. Сонымен бірге 2015 жылы 11 ақпан айындағы ҚР Үкіметінің №54 қаулысы бойынша Түрген қазақ орта мектебіне Абыхан Жексембековтің есімі берілді. Еліміз 30 жылда біраз қиындықты ең­серіп, әлем мойындаған мемлекеттер қа­тарына қосылды. Барлы­ғы керемет бол­ды деп айтуға келе қоймас. Дегенмен қа­тардан қалғанымыз жоқ. Сол бағындырған азды-көпті биіктерімізде туған жерінің түлеуіне бар күші мен жігерін салып, күн-түн демей еңбек еткен, маңа­йына жұртты топтастыра білген Абыхан Жексенбеков сияқ­ты тұл­ғалардың зор үлесі бар екені анық.

Болат АБАҒАН, Қазақстанның Құрметті журналисі Алматы облысы