Қазақстан үш күннен кейін төрт жылдықтың басты бәсекесі Бейжіңде өтетін қысқы Олимпиада ойындарына қатысады. Дәл осы күні дүбірлі доданың салтанатты ашылу рәсімі басталады. Әлемдік сайыста еліміздің атынан 34 спортшы сынға түседі.
Жарыстың ашылуы 4 ақпанда өтетініне қарамай керлинг, фристайл, шайбалы хоккей сынды спорт түрінен сайыстар 2-3-ақпанда басталып кетеді. Қазақстандық фристайлшылар да 3 ақпанда жарыс жолына шығады. Фристайл-могулдан алғашқы іріктеу сынында еліміздің намысын Юлия Галышева, Аяулым Әмренова, Олеся Граур, Анастасия Городко, Дмитрий Рейхерд және Павел Колмаков қорғайды.
Көпшілігіне белгілі, қысқы Олимпиада ойындары үш кластерде, атап айтқанда, Бейжің, Чжанцзякоу және Яньцинь аймақтарында өтеді. Мұз айдынындағы барлық жарыс Бейжіңде ұйымдастырылады. Қазір Қытай астанасындағы Олимпиадалық қалашықта конькимен жүгіру мен шорт-тректен Қазақстан құрамалары орналасты. Олимпиадалық картадағы ең алыс аймақ көрші Хэбэй провинциясындағы таулы Чжанцзякоуда фристайл-могул, трамплиннен шаңғымен секіру, шаңғы жарысы және шаңғы қоссайысы бойынша құрама командалар жайғасты. Ал Янциньде тау шаңғысы бойынша жарысқа қатысатын спортшылар бар.
Жарыс аймағына келгеніне көп бола қоймаған спортшылар осы бастан дайындықтарын пысықтауда. Конькимен жүгіруден Қазақстан құрамасы Бейжіңдегі Ұлттық конькимен жүгіру стадионындағы мұз айдынында жаттығып жатыр. Қысқы ойында еліміздің атынан төмендегі конькишілер сынға түседі. Олар: Екатерина Айдова, Надежда Морозова, Дмитрий Морозов, Иван Аржаников және Денис Кузин. Бұл ретте айта кетейік, конькимен жүгірушілер додасы 5 ақпан күні басталады.
Айтпақшы, Бейжіңдегі қысқы Олимпиада ойындарына қатысатын Қытай құрамасы спортшыларының ішінде 3 қазақ спортшысы бар. Қытайдың «Орталық халық радиосының» дерегінше, XXIV қысқы Олимпиада ойындарында Баян Жалынқызы, Қадыс Бәделханұлы, Ақнар Адаққызы секілді үш қандасымыз Қытай құрамасының атынан өнер көрсетеді.
Бейжің қаласында өтетін Тау шаңғысы спортынан жарысқа қатысатын Баян Жалынқызы – Алтайдың Жеменей ауданының тумасы. Ол 2018 жылдан бастап Норвегия елінде 3 жыл бойы тау шаңғысы спорты бойынша дайындалып, біліктілігін шыңдаған. Ал конькимен жүгіруден Қытай құрамасының мүшесі Ақнар Адаққызы 1999 жылы Қытайдың Шыңжаң өлкесінің Құттыби ауданында дүние есігін ашқан. Ол осы уақытқа дейін талай мәрте республикалық және халықаралық жарыстардың бас жүлдесін жеңіп алған тәжірибелі спортшы. Жастар арасындағы конькимен жүгіруден 2019-2020 жылғы Әлем кубогының екі кезеңінде жеңімпаз атанған. 1999 жылы Қытайдың Фукаң қаласында дүниеге келген тағы бір қандасымыз Қадыс Бәделханұлы осы жолғы Олимпиада ойындарында тау шаңғысы спорты бойынша жарысқа қатысады.
109 медаль жиынтығы сарапқа салынатын, әлемнің 95 елінен 4 мыңға жуық спортшы бақ сынайтын дүбірлі доданың ашылу салтанатына Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та қатысады. Ел Президенті ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннің шақыруымен XXIV қысқы Олимпиада ойындарының ашылу салтанатына қатысу үшін Бейжің қаласына жұмыс сапарымен барады.
Сайыс қорытындысы бойынша Олимпиада және Паралимпиада ойындарында медаль жеңген спортшылар ақшалай сыйақыға ие болады. Мәдениет және спорт министрлігінің дерегінше, жарыста бірінші орын алған спортшыға 250 мың доллар (109 млн 129 мың 500 теңге, 1 доллар – 436,52 теңге), екінші орын алған саңлаққа 150 мың доллар (65 млн 477 мың 700 теңге), үшінші орын иегеріне 75 мың доллар (32 млн 738 мың 850 теңге) беріледі.
Бұған дейін Қазақстан қатысқан қысқы Олимпиада ойындарының ішіндегі ең табыстысы 1994 жылғы Олимпиада ойындары болды. Ол кезде құрамамыз үш медальмен командалық есепте 12-орын алған еді. Сол Олимпиададан кейін спортшыларымыз үшін алтын жүлде арманға айналды. Шаңғышы Владимир Смирновтың 1994 жылы алған екі күмісі мен бір алтыны әзірге ең үздік көрсеткіш саналады. 1998 жылы Наганода өткен ХVІІІ қысқы Олимпиада ойындарына Қазақстан 2 қола алды. Шаңғышы Владимир Смирнов пен конькиші Людмила Прокашева үздік үштіктен көрінді. 2002 және 2006 жылы қатысқан Олимпиадада спортшыларымызға жүлде бұйырмады. Ал 2010 жылы Ванкуверде биатлоншы Елена Хрусталева жекелей жарыста күміс медаль еншіледі. Төрт жылдан кейін Сочиде Денис Тен мәнерлеп сырғанаудан алғашқы қола медальді сыйлады. Кейін 2018 жылғы Пхенчхан Олимпиадасында Юлия Галышева могулдан қола жүлдегер атанды. Осылайша, Қазақстан өз тарихында жеті қысқы Олимпиадаға қатысып, сегіз (1 алтын, 3 күміс және 4 қола) медаль жеңіп алды. Ендігі кезекте XXIV қысқы Олимпиадада 87 жолдамаға ие болған 34 спортшыға сенім артамыз. Жоғарыда атап өткеніміздей, Қазақстан ұлттық құрамасы ел тарихында қысқы Олимпиада ойындарында 8-ші рет қатысқалы отыр. 1994 жылдан бері 18 жыл бойы алтын медаль жеңбеген саңлақтарымыз осы жолы сол олқылықтың орнын толтыруға тырысады.