Шымкентте пәтерден 3 адамның мәйіті табылды: қайғылы оқиғаға не себеп болғаны белгілі болды
Шымкентте пәтерден 3 адамның мәйіті табылды: қайғылы оқиғаға не себеп болғаны белгілі болды
© tengrinews.kz
482
оқылды
Шымкентте көпқабатты тұрғын үйлердің бірінен үш адамның мәйіті табылды. Құтқарушылар оқиға орнына келіп, есікті бұзып кiргенiмен отбасы мүшелерін аман алып қалу мүмкін болмаған. Төтенше жағдайлар департаменті өкiлдерінің айтуынша, қайғылы оқиғаға газ себеп болуы мүмкін, - деп хабарлайды Otyrar.tv. Шымкентте 30 қаңтар күні кешкі сағат бес жарым шамасында Әл-Фараби ауданы Ерманов көшесі бойындағы көппәтерлі үйдің бірінен үш бірдей адамның денесі табылды. Оқиға орнына келген ТЖД өкiлдерi мен газ мамандары жабық есікті бұзып кірген сәтте iштен газдың иісін сезген. Пәтерден табылған марқұмдардың бірі 65 жастағы кейуана мен 1978 және 1979 жылғы ерлі-зайыптылар екені белгілі болды.
"Ол азаматша ташкенттік болған, мұнда ұзақ уақыт болмайтын. Тек бірнеше айға ғана келіп кететін. Мен олармен араласпадым, жақын араласқым келді, алайда, оның өзі көрші болып араласқанымызды қаламады. Шынымды айтсам бұл кісілер жөнінде мүлдем ештеңе білмейді екенмін. Оларға тіпті өзге біреудің қонаққа келгенін де байқамаппын. Ешқандай дауыс естілмеді, бәрі тыныш болатын. Менің пәтерімде бұл уақытқа дейін газға байланысты ешқандай мәселе болмаған. Біздің жылу жүйеміз қалалық жылу жүйесімен байланысты", - дейді көршілері.
Марқұмның көршілерінің айтуынша, 65 жастағы азамат пәтерде жалғыз тұрған, сондай-ақ оның денсаулығында кінәрат болыпты. Осы себепті анасына баласы мен келіні көмектесуге жиі келіп тұратын көрінеді.
"Олар өте тыныш отбасы болатын. Анасы жиі ауыратын. Осыдан бірнеше күн бұрын есіктің алдында екеуміз ұзақ сөйлестік. Қиын жағдай, үш адамның қазасы жанға батады", - деді марқұмның көршісі Валентина Хорошева.
Қазіргі таңда аталған оқиғаға қатысты тиісті сараптамалар тағайындалып, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүріп жатыр. Айта кетейік, қалада бір ай ішінде мұндай қайғылы жағдай осымен екінші рет тіркеліп отыр. Ал жыл басынан бері  үш бірдей газдан улану оқиғасы тіркеліп, салдарынан 5 адам көз жұмған.