Шымкент қаласында бейнебайланыс режимінде өткен жиында өңірдегі қоғамдық-саяси ахуалды тұрақтандыру мен оның алдын алу мәселелері және «Nur Otan» партиясы Сайрам аудандық филиалы жанынан құрылған «Парасат» пікірталас клубының жұмыс барысы қаралды.
Күн тәртібіндегі мәселеге қатысты облыстық Қоғамдық даму басқармасының басшысы Аңсар Өсербаев идеология, БАҚ, жастар, этносаралық қатынастар, қоғамдық-саяси ахуал бойынша баяндама жасады. Сондай-ақ Сайрам ауданының әкімі, партияның аудандық филиал төрағасы Ұласбек Сәдібеков «Парасат» пікірталас клубының жұмысын бейнеролик арқылы таныстырды.
«Клубтың негізгі мақсаты – түрлі салалардағы өзекті мәселелерді ашық айтып, пікірталас алаңында жан-жақты талқылау, оның шешу жолдарын қарастыру. Ауданда кез келген саладағы жұмыстар қоғаммен байланысты болып келеді. Сондықтан қоғамның ой-пікірі және талап-тілектері әр кезде біз үшін маңызды», – деді Ұ.Сәдібеков.
Ережеге сәйкес ұйымның мәртебесі мен өкілеттіктерін «Nur Otan» партиясы Сайрам аудандық филиалы айқындайды. Клуб ел ағалары, қоғам белсенділері, үкіметтік емес ұйымдар, саяси партиялар, депутаттар, БАҚ өкілдері мен жастар қауымынан құралған.
Бүгінге дейін «Парасат» клубының 5 отырысы ұйымдастырылды. Тоқсанына 1 рет өтетін отырыста күн тәртібінде талқыланатын тақырыптар алдын ала пысықталады. Клубтың әр отырысында төрағалық қызмет ауыспалы тәртіппен жүзеге асырылады. Бүгінге дейін 27 мәселе көтеріліп, оның 18-і нақты орындалды. Ал 9 мәселе орындалу үстінде.
Қазір пікірталас клубы халық пен билік арасындағы алтын арқауға айналып, оның қызметі жұртшылық тарапынан қызу қолдау тапты.
Мәжіліс соңында облыс әкімінің орынбасары С.Қалқаманов аудан, қала әкімдеріне Сайрам ауданының тәжірибесін алуды ұсынып, тиісті тапсырмаларды жүктеп, мәжілісті қорытындылады.