МӘМС: қорды реформа күтіп тұр
МӘМС: қорды реформа күтіп тұр
247
оқылды
Әлем мен Қазақстанды «омикрон» нұсқалы коронавирус қысқан қызу-қауырт шақта медсақтандыру қорының өзі безгек тигендей «қалшылдауда». ӘМСҚ қорының басшысы жедел ауыстырылды. Жаңа Премьер Ә.Смайылов қор жұмысын қатаң сынға алып, оған терең тексеріс жүргізуді және былықтарын әшкерелеуді тапсырды. Бұл ретте денсаулық сақтауға бөлінген триллиондардың 90%-ын ДСМ емес, әлгі қор жұмсайтыны анықталды. Халық болса, МӘМС-ті жоюды талап етіп, петиция жазуда. Медсақтандыру жүйесін түбегейлі өзгеріс күтіп тұр.

Медсақтандыру жойыла ма?

Қазақстандықтардың ашы­на­­тын жөні бар. Үкімет міндетті мед­сақ­тандыру жүйесін енгізгенде, сақ­тандырылған азаматтар оның үлкен игілігін көретінін – қажетті дәрі-дәрмек тегін берілетінін, аса қымбат ем-дом, КТ, МРТ зерттеуі жә­не бас­қасы тегін көрсетілетінін, осы қор ауыр дерті бар науқас­тар­дың емін қаржыландыратынын, ел­де ден­саулық жүйесі өркендеп, мед­қызмет сапасы артатынын уәде етті. Мұның бірі де орындалмады. «Медсақтандырылған» адамдар­дың да емханадағы салалық дәрі­гердің қабылдауына кіре алмай, ақылы клиникаларда өз ақшасына емделетінін, оларға амбулатория­лық жағдайда тегін дәрі берілмей­тінін, яғни бұрынғыдан ештеңе өзгермегенін көрген өзге адамдар МӘМС жүйесіне кіруге асықпады. Қордың дерегінше, әлеуметтік мед­сақтандыру жүйесіне қатысу­шылардың саны 2021 жылдың соңында 15,3 млн адамды құрады. Қазақстандықтардың саны 19,1 миллион, яғни 3,8 миллион адам сақ­тандыру жүйесінен қалыс қал­ған. Қор мәліметінше, сақтан­ды­рыл­маған халықтың басым көп­шілігі МӘМС-ке мүлдем жарна аудармаған адамдар – 66,8%-ы не­месе 2,58 млн адам. Яғни, «ан­ти­­­мәмсшілер». Бұрынғы Үкіметке және қор басшылығына 2019 жылы тез арада осы тыс қалғандарды жүйеге қосу жүктелген болатын. Сол міндет қойылған тұста «енбегендер» қатары 2,6 миллион адам ғана еді. Демек, «антимәмсшілер» қатары өсіп барады. МӘМС жүйесінің игілігі зор екенін паш етіп, қызықтырып, осы миллиондарды ішке тарту орнына шенеуніктер зорлық-зомбылықты таңдады: «медсақтандырылған» статусы жоқтарды тіпті емхананың есігінен қаратпай қойды: дәрігер­лер қабылдамайтын болды. Олар коронавирус жұқтырып, жедел жәрдем шақырса, медбригада келмейді, келсе, ПЦР-тест алмай­ды. Осыған наразы адамдардың шағымына Денсаулық сақтау министрінің ресми блогы толып тұр. «Ызалы жүрек, долы қол, улы сия, ащы тіл» жағдайына жеткен адамдар қаңтарда көшелерді де толтырып, талаптардың бірі ре­тінде МӘМС жүйесін жоюды және тегін медицинаны қайтаруды та­лап етті. Дегенмен жаңа Үкімет медсақ­тандырудан бас тартылмайтынын білдірді, оның орнына жүйе же­тілдіріледі. Оны өне-бойын жай­лаған былық пен жемқорлықтан тазарту шаралары қолға алынады. Сондай-ақ Мәжіліс отыры­сында сөйлеген сөзінде Президент қордың қолынан келмеген іспен енді арнайы қор айналысатынын жеткізді: өзге қайырымдылық шаралары қатарында «Қазақстан халқына» қоғамдық әлеуметтік қорының басты бір бағыты ретінде «денсаулық сақтау саласындағы нақты проблемаларды шешуді, мысалы сирек кездесетін дерттерге шалдыққан балаларға көмектесуді» белгіледі.

«Дүмше» медұйым денсаулық бұзады

Әлеуметтік медициналық сақ­тандыру қорының (ӘМСҚ) бы­лықтары аз емес. Кейбір мемауру­ханалар мен жеке клиникалар қордан бір ота үшін бірнеше миллион теңгеден ақша алады. МӘМС жүйесі іске қосылғалы елде операциялар қымбаттап кетті. Ал сапасы бұрынғы күйде қалды: оған көңілі толмаған адамдардың арыз-мұны да әлеуметтік желіні, ресми блогтарды кернеп тұр. Жеке медұйымдар бір сырқатты емдеу кезінде бірден үш көзден табыс табуды үйренді: кейбір про­цедуралардың тегін топтамаларға кіре алмайтынын түсіндіріп, ол үшін пациенттен ақы алады, қал­ғанын бір мезгілде тегін медкө­мектің кепілдендірілген көлеміне (ТМККК) де, медсақтандыруға да жатқызып, олардан да ақы алады. Бұл аз болғандай, «қосып жа­зу», яғни болмаған ем-домды бол­ды деп жазу белең алды. Өзде­рінің бірнеше дәрігер алдынан өткенін, белсенді емделгенін, тіпті ота жа­сат­қызғанын азаматтар «Даму­медтен» бір-ақ біліп, төбе шашы тік тұруда. Бұл деректі ӘМСҚ растады. Қор былтыр медициналық ұйымдардың 28,3 мың рет «қосып жазғанын» әшкереледі. «2021 жылдың 11 айында қор сарапшылары медкөмек көр­сету­дегі 23,8 миллиард теңге тұратын 969,1 мың ақауды анықтады. Осылайша, 2020 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда бұл сома 3 еседен астам өсті: 2020 жылы 7,9 млрд теңгеге тартқан 1,04 млн ақау белгілі болған», – деп мәлім етті қор. Қызметі ақаулы медұйым­дарының көптігі жөнінен үш өңір көш бастады: бүкіл ақаудың үштен біріне жуығы, яғни 28,7%-ы немесе 277,8 мың дефект – солардың еншісінде. Бұлар – Түркістан об­лысы (11,1% немесе 107,2 мың ақау), СҚО – 9% немесе 86,8 мың және Алматы облысы (8,6% не 83,8 мың). Нақтылай кетсе, ақаулардың көбі – медкөмектің не қызмет­тердің көлемін негізсіз көбейтіп көрсетуге (63,3%) тиесілі. Қор сарапшылары медици­налық қызмет көрсетудің 28,3 мың расталмаған жағдайын анықтады, олар бойынша алу сомасы 196,8 млн теңгені құрады. Бұл ретте ақша алу үшін азаматтарды іс жүзінде емес, қағаз жүзінде ғана емдеуге жаман үйренген медұйым­дар қос мегаполисте көп: Нұр-Сұлтанда – 63%, Шымкентте – 22,7%. Салдарынан арамза мед­ұйым­дар жалақысынан, өзге де табыстарынан ай сайын қорға жарна аударуға мәжбүр азамат­тарды қанап отыр.

Қор мемлекет қаражатынан айырылуы мүмкін

Денсаулық сақтау жүйесінің «дені сау» емесін, дертті екенін билік те түсінгендей. Үкімет салада реформа жүргізу мәселесін пы­сықтап жатыр. Оған дейін кең ау­қымды тексеріс жасала­ды. Премьер-Министр Әлихан Смайылов осы жүйеге аудит жүр­гізуді тапсырды. Ол Денсаулық сақтау министрлігіндегі және Әлеу­меттік медсақтандыру қорын­дағы қаражаттың тиімділігі дұрыс бақыланбайтынын, жете үйлес­тірілмейтінін қатаң сынға алды. Сарапшылар айтып жүргендей, халықтың тапқан-таянғанынан тартып алынатын жарна тасқыны кім көрінгеннің қалтасында кету­де. Мемлекет те қорға тоқтаусыз миллиардтар құяды: жеңілдікті 15 санаттағы 11,34 млн адам үшін мемлекет жарна төлейді. Былтырғы 2021 жылы мемлекет денсаулық сақтау саласына орасан зор сома 2,3 триллион теңге шы­ғын­дады. Бұл ЖІӨ-нің 2,9%-ына тең. Осынша сома өзге бірде-бір салаға, тіпті қорғанысқа да бөлін­бейді. Үкіметтің дерегінше, Қазақ­стан­да денсаулық сақтауға арнал­ған республикалық бюджет қара­жатының 90%-ға жуығын ДСМ емес, ӘМСҚ әкімшілендіреді. Өзі би, өзі қожа. Сонымен бірге Премьер қор­дың барлық көрсеткіштері тым жалпылама екенін және олар ха­лық­тың – медкөмекке қажет­ті­лігін, ал медұйымдардың – оларды қа­нағаттандыру мүмкіндігін ай­қын көр­сетпейтінін атап өтті. Мұндай жағдайда медсақтан­дыру­дың елге пайдасы мен қайта­ры­мын бағалау қиын. Қорға құйыл­­ған трил­лион­дар артқан сайын халық­тың мед­көмек сапа­сына көңіл толмастығы да артып отыр. Осыған байланысты Ә.Смайылов ӘМСҚ қызметін ба­қылау және оның қаражатты тиімді жұмсау индикаторларының нақты жүйесін әзірлеуді тапсырды: «Бү­гінде өңірлердегі медқызметтердің 100%-ы қордан қаржыландыры­лады. Бұл халыққа медициналық көмек көрсетуді ұйымдастыруға деген жауапкершіліктің тоқырауы­на соқтырды. Соның кесірінен, әсіресе өткен жылдың соңында Алматы және Жаңаөзен қалала­рын­да жедел медициналық көмек қызметін ұйымдастыру және қар­жыландыру проблемалары туын­дады», – деді Әлихан Смайылов. Бұл жерде «қасіретті қаңтар» оқиғалары Жаңаөзенде басталып, Алматыда алапат ауқым алғанын айтып жату қажет пе? Сондықтан Үкімет реформа аясында тегін медкөмектің ке­пілдік берілген көлемін (ТМККК) қаржыландыруды орталықтан және қордан алып қойып, кезең-кезеңімен жергілікті деңгейге әкімдіктерге бере бастайды. Қор өзге де миллиардтаған қар­­жы көздерінен айырылып қалуы мүмкін: Үкімет басшысы мәлімдегендей, ӘМСҚ біртіндеп, мемлекеттік қаражатты әкімші­лен­­діру функциясынан да айы­рылады. Оның орнына қор сақтандыру медицинасын дамыту мәселелері­не, қаржыландырудың қосымша көздерін іздеуге бар күшін шоғыр­ландыруға тиіс. Премьер-Министрдің тап­сыр­масына сәйкес, аз уақыт ішінде елдегі денсаулық сақтау инфра­құрылымына тәуелсіз, кешенді техникалық аудит пен түгендеу жүргізіледі. Со­ның қорытынды­сында, мемлекет қай өңірде қандай медұйым жаб­дықтармен және медициналық-технологиялық жүйелермен қан­шалықты жарақтандырылғанын біледі. Сондай-ақ ана мен бала, он­кология, травматология, кар­дио­хирур­гия, нейрохирургия, ин­­фекциялық аурулар сияқты ба­сым­дықты бағыттар бойынша өңір­лердің медициналық инфра­құры­лымын дамытудың картасы әзір­ленеді. Осы орайда ӘМСҚ-қа 2020 жыл­дың шілдесінен бері 1,5 жыл­дай ғана басшылық еткен Болат Төкежанов тосыннан тағынан тайды. Оның үстінен іс қозғала­тын-қозғалмайтыны аудит жүр­гі­зе­тін ревизорлардың жұмыс қоры­тын­дысына байланысты болуы мүм­кін. Әзірге Денсаулық сақтау ми­нистрінің 27 қаңтардағы бұйры­ғы­мен «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ басқарма төрағасының міндетін атқарушы болып 45 жасар экономист Айдын Ашуев тағайындалды. Сақтандыру ұйымдарында жұмыс тәжірибесі бар. 2021 жылғы қаңтардан бері Пре­зидент Әкімшілігінің мемле­кет­­тік инспекторы қызметін ат­қар­ған. Қалай болғанда, медсақ­тан­дыру жүйесі жойылмағанымен, ол бұрынғы қалпында қалмай­тын­ы, үлкен жаңғырудан өтетіні бай­қалады. «Жаңа Қазақстанда» МӘМС жүйесі де өзгеше болуға тиіс. Әзірге 2022 жылы халыққа мед­көмек көрсетуге мемлекет 2,049 триллион теңге бөліпті. Оның 1,2 триллионы – ТМККК, ал 838 млрд теңгесі МӘМС жүйесі арқылы бағытталады. Осынша аста-төк қаржыны қорда өнім беруші ретінде тіркелген 1 393 медұйым (оның жартысынан астамы – жекеменшік клиникалар) бөліске салады.