Атырау облысында Теңіз кен орнында 39 мың адам жұмыстан босатылады. Әкімдіктің мәліметінше, 39 мың жұмысшының 37 мыңы Қазақстан азаматы.
Теңіз кен орнында 2016 жылы «Келешек кеңею» жобасын іске асыру басталды. Жобаға сәйкес құрылыс-монтаждау жұмысының 82 пайызы аяқталды. Қазір жобада 60 мыңға жуық адам жұмыс істейді. Оның 5 мыңы – шетелдік. Жобадағы қазақстандық жұмысшылардың 40 пайызға жуығы атыраулықтар.
«Теңізшевройл» компаниясының мәліметінше, «Келешек кеңею» жобасының аяқталуына байланысты биыл шамамен 39 мың адам жұмыстан босатылады. Оның ішінде, еліміздің 37 мың азаматы бар. Оның 40 пайызы – Атырау облысының тұрғындары» делінген әкімдіктің хабарламасында.
Атырауда жұмыссыз қалғандарды қайта жұмыспен қамту мәселесі қолға алынып жатыр.